Шалабаев шыңы

Выпуск - №2(599)   :   18.01.2024
350

Саналы ғұмырында аянбай еңбек ете жүріп, қоғамдық істерге белсене араласқан, сонымен қатар шығармашылықпен айналысып, өн бойындағы қабілет-қарымын игі істерге жұмсаған кесек тұлғалар болады. Елге деген мінсіз қызметі көзсіз ерлікпен пара-пар, өмірі өшпес өнеге дерлік азаматтардың бірі – Василий Амельянович ШАЛАБАЕВ еді.

Кейіпкеріміз – Ресейдің тумасы. Ол 1934 жылдың қаңтардың 22-сінде Түмен облысы Ялуторов ауданының Криволук елді мекенінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Масғұт. Әкесінің есімі – Әлімжан. Алайда құжат толтырушы орыс тілінде жазуды ыңғайлы көріп, аты-жөнін Василий Амельянович деп жазып жіберген көрінеді.

Мектепке баратын жасы жеткенде, ата-анасы баланы қазақ сыныбына береді, мұнда ол үш жыл оқиды. Кейін отбасының өзге өңірлерге қоныс аударуына байланысты, Қорған және Омбы облыстарындағы орыс мектептерінде оқып, аттестат алып шығады. Бозбаланың алдында болашақ кәсіпке нақты бетбұрыс жасап, жанына жақын, қолынан келетін мамандықты таңдау міндеті тұрды. Жүрегі мұғалімдікті қалап, Петропавл педагогикалық институтының тарих және филология факультетіне түсіп, мұғалім мамандығын меңгеріп шығады.

Артынша әкесінің ұйғаруымен жас жігіт тарихи Отанына ат басын бұрып, Қостанай өңірінде еңбек жолы басталады. Бұл 1960 жыл болатын. Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 1860 жылы, арнайы мектеп ғимаратының тұрғызылмағанына қарамастан, болашақ ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин 19 жасында өз үйінде 3-4 баланы оқыта бастағанын ол кезде жас маман білмеген де болар. Бірақ Масғұт Әлімжанұлы (құжаты бойынша Василий Амельянович) үшін білім беру саласына Ыбырай салған сара жолда абыроймен қызмет ету қажеттігін анық түсініп, жақсы ұстаз болуды мұрат тұтты. Солай болды да.

Веселый Подол мектебіне мұғалім болып орналасқан жас маман көп ұзамай-ақ шәкірттері мен әріптестерінің ілтипатына бөленіп, мектеп әкімшілігінің назарына ілігеді. Өз пәнін терең меңгеріп, әр сабағын қызықты, жүректерге жеткізе жүргізетін мұғалімді, әсіресе оқушылары жақсы көріп кетті. Солар арқылы ата-аналары мұғалімді тани бастайды. Адами қасиеттері мол, білім-білігі келіскен, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тиянақты атқаратын маман жоғары жақтағылардың да назарынан тыс қалған жоқ.

Қазақта «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деген сөз бар. Аудандық білім бөлімінің ұсынуымен Комсомол жетіжылдық мектебіне директор болып тағайындалады. Кейін Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданының Ленинград сегізжылдық мектебіне басшылық етеді. Аталмыш білім ордасының онжылдық мектепке айналуына қол жеткізеді. Білікті басшы Шалабаевтың тұсында Ленинград орта мектебі «Үлгілі мектеп» атағына ие болады. Қай мектепте қызмет етсе де, ол педагогикалық ұжымының ұйыса жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап, оқу-тәрбие ісінің заман талабына сай жүргізілуін басты назарда ұстады. Адал ниет, мінсіз қызмет өз жемісін береді.

Масғұт Әлімжанұлының ұзақ басқарған білім ордасы – Докучаев мектеп-интернаты. Ол басшылыққа келген тұста, бұл оқу орнының жағдайы мүшкіл еді. Интернатта тәртібі нашар, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар да тұратын. Сондықтан облыстық білім бөлімі аталмыш мектепке ұйымдастырушылық қабілеті мол, білікті, кәсіби пәрмені мол, тегеурінді азаматты жібереді. Мектеп-интернат деңгейін біршама көтерген білікті басшы мұнда бүкіл әлемде мойындалған ізгілік педагогикасының негізін қалап, оны облыс көлеміне танытады. Кейін денсаулығана байланысты, өз еркімен оқытушылыққа ауысады.

Масғұт Әлімжанұлы Докучаев орта мектебінде табан аудармастан еңбек еткен жиырма жылға жуық уақытын ерлікке балайды. Бұл – ұстаздықтың шыңына көтерілген кезең еді. Шалабаев шыңы дерлік оның осы бір жеңісті де жемісті кезеңі Алтынсарин ауданының ғана емес, облыс педагогтері мен тұрғындарына да мәлім. Олай болса, Масғұт Шалабаев есімі республикалық тарихи тұлғалар тізіміне енуге әбден лайықты. Және келешекте аудан мектептерінің бірі осынау ұлағатты ұстаз, қарымды қайраткердің атымен аталатын болса, бұл педагог мәртебесінің өсуіне қосылар ауқымды үлес болары сөзсіз.

Педагог К.Ушинскийдің: «Мұғалім тек өз пәнінен сабақ беріп қана қоймауы керек, сонымен қатар тәрбиеші және адал, әділетті, шыншыл адам болуға тиісті», – деген сөзі М.Шалабаевқа қаратып айтылғандай. Ол ақиқатқа ғана арқа сүйейтін, ойындағысын тура айтатын, әділ адам болатын. Мектептегі барлық мұғалімдерге, әсіресе жас мамандарға ерекше қамқорлық танытатын. Талай жас маманның кәсіби тұрғыдан шыңдалып, кемелдене түсуіне тәлімгердің септігі тиді.

Кезінде Шалабаев басқарған мектептердің бірінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған ҚазКСР және КСРО білім беру ісінің үздігі С.Г. Мачнева: «Василий Амельянович өте талантты педагог еді. Бірде оның сабағына кірдім. Әдебиет пәнінен талқыланған тақырып бүкіл сыныпты, әр оқушыны бірден баурап әкетті. Сабақтан түйгендерімді жазып отыруға шама жоқ, өйткені тақырыпқа мен де «еніп кеттім», соны байқаған оқытушы маған да сұрақ қойып үлгерді», – деп, еске алады.

Кейіпкеріміз С.Пушкин, С.Есенин, В.Маяковский, Н.Некрасов, Л.Толстой сынды ақын-жазушылардың өлеңдерін, прозалық шығармаларынан үзінділерді жатқа оқитын. Дене бітімі ірі, кесек тұлғалы азамат өлең оқығанда одан сайын қанаттанып кеткендей көрінетін. Орыс жерінде туып өссе де, Масғұт Әлімжанұлы ана тілін жетік білді. Сондықтан болар, А.Құнанбайұлы, А.Байтұрсынұлы, Ф.Оңғарсынова және өзгелердің өлеңдерін орыс тіліне аударып, бұл тұрғыдағы қабілетін де байқатып кетті.

Бірде Светлана Григорьевна Масғұт Әлімжанұлын педагогикалық колледж студенттерімен кездесуге шақырып, өзі де сол кісімен бірге келді. Болашақ мұғалімдерді даярлайтын оқу орны содан бері Шалабаев оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырды. Колледжде айтулы тұлғаның ұрпақтарымен кездесу де өткізіліп, ұлағатты ұстаз туралы жақындарының өз аузынан естеліктер айтылды. Расымен де, педагог кадрларды даярлау ісінде М.Шалабаев сынды талантты педагогті жас ұрпаққа өнеге етудің маңызы зор. Колледж кітапханада жинақталған естеліктер, мақалалар мен педагог-қаламгердің төл шығармалары студенттер мен колледж оқытушыларының осы бір сирек тұлғаға қатысты материалдарға жүгінуіне мүмкіндік береді.

М.Шалабаев мәртебелі педагог қана емес, шығармашыл тұлға ретінде де көпшілікке танымал. Оның жазған өлеңдері «Өмір-өзен» деген атаумен жарық көрді. Әңгімелері «Қостанай таңы» газетінде жарияланды. Ал, көз көргендер оның жақсы шахматшы және осы бір зияткерлік ойынның қыр-сырына қанық болғанын да біледі. Шахмат ойынына ол өзінің бүкіл отбасы мүшелерін баулыды. Шахматқа деген сүйіспеншілігі жоғары болғаны сонша, Литвада өткен шахмат фестиваліне қатысады. Атақты Борис Спасскийдің өзімен шахмат ойнау бақытына ие болады. Ұлағатты ұстаздың осы бір айшықты қыры елеусіз қалған жоқ. Қостанай өңірінде Шалабаевтың құрметіне шахмат турнирін өткізетін білім ордалары да баршылық.

Қоғамда белсенді болу да педагог мәртебесін өсіре түсетіні хақ. Докучаев орта мектебінде қызмет ете жүріп, Масғұт Әлімжанұлы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Обаған аудандық ұйымының төрағасы міндетін атқарды. Осы орайда педагог-жазушы С.Көбеевтің: «Оқытушы әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы болуы керек», – деген сөзі ойға оралады. Қазақ КСР-нің дербес мемлекет ретінде танылуына бірер жыл ғана қалғанын болжағандай, өңірдегі жер атауларының ардақты тұлғалар есімімен аталып, жаңғыруына барынша атсалысады.

Қазақ елі тәуелсіздікке ие болмаған кезеңнің өзінде, 1988 жылы, аудандық мұғалімдер конференциясында алғашқы болып Обаған ауданы орталығын Алтынсарин есімімен атауды ұсынады. «Ұлы ағартушы-педагог дүниеген келген ауданға есімі беріліп жатса, бұл – тарихи әділеттілік болар еді!» деген ой оны баурап алады. Сөйтіп, Шалабаев бұл бастаманың оң шешілуіне білек сыбана кіріседі. Әрине, салмақты мәселенің жеңіл шешіле қоймасы түсінікті. М.Шалабаев жетекшілік еткен ұйымдастыру тобы Жоғарғы Кеңеске, Ғылым академиясына, Жазушылар Одағына, Білім министрлігне хат жазады. Ақыры, ұсыныс қолдау тауып, Масғұт Әлімжанұлы «ұстаздардың ұстазы» атанған Ыбырай бабасына деген құрметін нақты ісімен көрсете алды. Сол сияқты Лермонтов атындағы кеңшарға Ілияс Омаровтың есімін беру ісі де Масғұт Әлімжанұлының атсалысумен оң шешіледі.

Ыбырай салған сара жолға түсіп, жақсы мұғалім болуды мұрат тұтқан кейіпкеріміз дегеніне жетті. Ұлы ағартушы-педагогтің лайықты ізбасары атанды. Мамандығына адалдық танытып, кәсіпқойлықтың, еңбекқорлықтың үздік үлгісін көрсеткен, шығармашық қабілеті сан қырлы сирек тұлға 68 жасында дүниеден өтті. Биылғы қаңтардың 22-сінде М.Шалабаевтың туғанына 90 жыл толады. Соңынан жарқын із қалдырған асыл ердің есімін – оның өз бастамасымен Алтынсарин атанған аудан орталығының бір көшесіне және мектепке беру ісі қолға алынып, оң шешілсе деген тілегіміз орындалса игі.


Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының
құрметті қызметкері,
Қостанай қаласы
Құралай СҮЛЕЙМЕНОВА,
№2 ОМ мұғалімі,
Рудный қаласы

Реклама

Трогательное суеверие заключается в том, будто благодаря знанию всё большего числа фактов человек приходит к знанию действительности. Сотни разбросанных, не связанных друг с другом фактов вбиваются в головы учеников; их время и энергия заняты заучиванием всё большего и большего числа фактов, так что для мышления остается мало времени и сил. Несомненно, мышление без знания фактов остаётся пустой фикцией; однако одна только «информация» может оказаться таким же препятствием для мышления, как и её отсутствие.

Я никогда не учу своих учеников, я пытаюсь только обеспечить условия, в которых они смогут учиться. Учителю необходимо узнать об интересах ученика, увидеть в нём потенциал и бросить все силы на его развитие. Причём сделать это так, чтобы ребёнок хотел учиться и мог это делать.