Қазақ әдебиеті сабақтарындағы «Мәңгілік ел» құндылықтары

Выпуск - №28-29(323-324)   :   10.08.2018
336

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік белестері» жинағында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз, аса маңызды идеологиялық міндетіміз – қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеу» деп көрсетілген болатын.

Патриоттық тәрбиені ойға алғанда бірінші санаға Отан түсінігі келеді. Отанға құрмет көрсету тұрғысындағы патриоттық сезім жалпы адам баласына тән туған түйсік-қасиет, оның еліне, жеріне, өз ана тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, сезім көрсеткіші болып табылады.

Мағжан ақынның «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады» деп келетін жыр жолдары осындай бір буынның келесі буынға ықпалын әсерлі бейнелейді. Бүгінгі ғылым-білімдегі жетістіктер, адам өміріндегі жаңалықтар, қоғамның дамуы сол ұрпақтар сабақтастығының заңды нәтижесімен сипатталады.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» деп бастады.

Бұл орайда елең еткізген жаңалық – тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни, «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. «Мәңгілік Ел» отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз.

Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу.

Қазақ әдебиетi – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақ әдебиеті оқулықтарында берілген 
шығармаларды оқыту арқылы мұғалім оқушылардың таным көкжиегін дамытуды білімдік мақсатпен қатар басты назарда ұстағандары абзал. Пәннің білім мазмұнындағы шығармаларды оқытуда жазушының айтпақ ойын дәл тауып, шеберлікпен бере білгенде ғана мақсатқа жетеріміз сөзсіз.

Жастарға патриоттық тәрбие беруді жүзеге асырудың мынадай формалары ұсынылады: экскурсия, саяхат, тақырыптық кештер, брейн-рингтер, дөңгелек үстел, қызықты, іскерлік, рөлдік ойындар, қабырға газеті, кездесулер, фестивальдар, көрмелер, конкурстар.

Білім беру ұйымдарында, әсіресе жоғары сыныптарда оқушылар әртүрлі іс-шаралар мен қоғамдық-саяси, көркем, еңбек, спорттық, еріктілік, туристік, экологиялық және т. б. түрлі қызмет түрлеріне өздері ұйымдастырушылар болып келеді.

Рөлдік ойындарды өткізу үшін қатысушылар шын мәнінде, мазмұны жағынан рөлдерді дайындап қана қоймай, нақты кейіпкерлерді, нақты тұлғаларды және олардың өмірдегі рөлдерін (партия көшбасшысы, мектеп директоры, белгілі кәсіпорынның директоры және т. б.) ұсынуы қажет. Бұл эмоциялық ойын.

Сафура ТЛЕКЕШЕВА,
Е.Есжанов атындағы
 №9 ОМ қазақ тілі 
мен әдебиеті мұғалімі 
Жітіқара қаласы

Реклама