Кемел келешек – латын әліпбиінен басталады

Выпуск - №39(334)   :   11.10.2018
297

Еліміз еңсесін көтергелі талай істер атқарылып, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осынау жетістіктерге жеткеніміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы. Мемлекет басшысының қолдап жүрген бір үлкен мәселесі – тіл.

Елімізде қаншама ұлт өкілдері тұрса да береке мен татулықтың арқасында, бірлігіміз бен достығымыз жарасып, барша халықтың басын біріктірген негізгі фактор – тіл екені белгілі.
Елбасымыз тілді дамытудың күнбе-күн назарында ұстау қажеттігін жиі көтеріп, тілдің мәртебесін жоғарылатуды баршамызға міндет етіп отыр.

Осы тұрғыда, Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының көкейкесті мақсаты – латын әліпбиіне көшу. Сондықтан да, «Рухани жаңғыру» аясында қолданысқа енгізуді міндет етіп отыр.

Бүгінде бәсекеге қабілетті ел болудың биік белесі, латын тілінің әлеуетін көтеру. Неге десеңіз, латын қарпіне ауысу болашақ үшін маңызды баспалдақ. Осы орайда, техниканың озық дамыған заманында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берілуде. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшуде жан-жақты көпшілікке насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік мекемелерде, әсіресе, білім беру ұйымдарында латынға ілгері қадам жасау басты назарда. Қазіргі таңда білім ордамызда латын әліпбиіне көшуде бірқатар жұмыстар ұйымдастырылуда. Мектеп әкімшілігінің бастамасымен педагогикалық кеңес және әдістемелік отырыстарда, сыныптан тыс іс-шаралар барысында осы бағыт бойын­ша ауқымды жұмыс жүзеге асуда. Ұстаздар қауымы сабақ барысында бұл жүйені негізге ала отырып, латын тілін бірте-бірте қолданысқа енгізуде.

2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу мақсатында білім саласында мұғалім мен оқушы одан әрі бірлесіп жұмыс жасаса, болашағымыз зор болып, алдағы уақытта Елбасының әрбір бастамасына баршамыз үнемі қолдау көрсететін болсақ, еліміздің ертеңі жарқын болып, нұр үстіне нұр болар еді. 

Қайрат АЛИЕВ,
№1 Ұзынкөл ОМ
директорының м.а.

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» туралы Жарлығына өзгерістер енгізіп, жаңа редакцияда бекіту туралы қаулысын дұрыс шешім деп қабылдаймыз.

Елбасы қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіреміз деп мәлімдеді. «Мен еліміз мықты, әрі жауап­кершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» деп «Болашаққа бағдар: рухани жаңарту» мақаласын жариялаған болатын. Қазақ тілін латын жазуына көшіру жөнінде ұсыныс қазақстандықтар үшін кенеттен туындаған мәселе емес. Бұл мемлекеттің мақсатты түрде және кезең-кезеңмен бет алған бұрыннан мәлімделген мақсаты. Сондай-ақ, бұл бастама сырттан келген жоқ, оны бастама етіп көтерген – еліміздің азаматтары.

Латын жазуына көшудің қажеттігі туралы мәселені қоғам қайраткерлері мен тіл білімі саласындағы мамандар тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ ұсынған болатын. Бұл мәселе 2006 жылы тағы да күн тәртібіне қойылды, Қазақстан халқы Ассамблеясында Елбасымыз әлемдік коммуникациялық кеңістікте латын жазуының басым екенін айтып, мамандарды латын жазуына көшу мүмкіндігі туралы мәселені талқылауға шақырды.

Халықтың үлкен өнертабыстарының бірі – жазу. Ол – қоғамның жинап-түйген тәжірибесінің бәрін бір жерге шоғырландырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде беруге мүмкіндік береді. Жазу ұлттық кодтарды қалыптастырып, қарым-қатынас жасаудың уақыттық және кеңістіктік шектеулерін жояды. Өзінің дамуы барысында қазақ тілі нақты 21 тарихи кезеңнің талаптарына бейімделе отырып, жазуын бірнеше рет өзгертті.

Мемлекет басшысы жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеді. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек.

Біз осынау ауқымды жұмыс­ты бастау­ға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Мектеп қабыр­ғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. 2017 жылдың аяғында мамандардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасымен таныстырылып, оқытылды. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Біз, қазақ тілінің мұғалімдері, қазақ тілінің латын жазуына көшуі – қазақ елінің әлемдік аренада бой көрсетуіне жол ашатын негізгі баспалдақ деп білеміз.

Сондықтан, қазақстандық әрбір азамат жаңа әліпбиді тезірек, сауатты меңгеріп, қазақ тілін ғылым мен техниканың тілі ету үшін аянбай күш жұмсауы қажет деп есептеймін.

Болашақ тіл маманы ретінде де бұл бастаманың дұрыс екенін аңғарамын. Ендігі жерде, ана тіліміздің қадір-қасиетін халықтың қайта ұғынарына, ұрпақтардың латын тілін меңгеруіне сенемін. 

Гүлшат АЛПЫСБАЕВА,
№11 ОМ қазақ тілі 
мен әдебиеті мұғалімі 
Қостанай қаласы 

Реклама