Латын әліпбиіне көшу барысы тиісті деңгейде

Выпуск - №37(332)   :   21.09.2018
261

Таяуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Қостанай облысында жүзеге асырылу барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда өңірімізде «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру» жобасының іске асырылуы бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жөнінде айтылды.

Оған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Байменова және «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының бас менеджері Нұржан Оразғалиұлы қатысты.

Аталған тұлғалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, «Атамекен» және «Тәрбие және білім» кіші бағдарламаларының облыста іске асу барысы туралы БАҚ өкілдеріне ақпарат берді. «Бағдарламаны жүзеге асыру үшін аудандар мен қалаларда 21 арнайы жұмыс тобы құрылды. Соңғы тоғыз ай ішінде 2 мыңнан астам іс-шара өткен. Нақтысында, ақпараттық-түсіндіру жұ-
мыстары, түрлі деңгейдегі жиындар мен семинарлар ұйымдастырылды.

– Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнап, тақырыпқа сай 442 мақала, жүзден астам телебағ-
дарлама жарық көрді, – деп баяндады Гүлжан Мендекинова.

Облыс әкімінің өкімімен филолог-ғалымдар, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен, мемлекеттік қызметшілерден тұратын мемлекеттік тілдің латынға көшу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Осындай топтар аудандар мен қалаларда да жұмыс жасайды.

Мамыр айында Қостанай қаласында «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бастар бағыт» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешев,

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек және Астана, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының ғалымдары мен тілдерді дамыту басқармаларының басшылары қатысты.

Бүгінгі күні облысымызда қазақ тілін латын графикасына көшіруді ілгерілету мақсатында облыстық Ішкі саясат басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Сана серпіні» жобасын іске асыруда. Жоба аясында көпшілікке танымал әлеуметтік желілерде «Латын қарпінде жазып үйренейік» акциясы өткізілуде.

«Қазақ тілін латын графикасына көшіру» арнайы жобасын көпшілікке танымал әлеуметтік желілер арқылы ілгерілету мақсатында «Фейсбук» пен «Вконтакте»  әлеуметтік желілерінде «Рухани жаңғыру КСТ» және «Рухани жаңғыру» парақшалары ашылып қазақ тілінің латын графикасына көшуі бойынша материалдар жариялануда. «Нұршаңырақ», «Келешек-2050» секілді көптеген үкіметтік емес ұйым да аудан-қалаларда әлеуметтік жобаларды сәтті іске асыруда. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, таяу арада транслитерацияның (кириллден латын қарпіне аудару) мобильдік қосымшасы пайда болып, оны Play Market арқылы жүктеп алу мүмкін болмақ. Облыста мұндай қосымшаны әзірлеу үшін 300 мың теңгеге байқау ұйымдастырылып, оны «Би Холдинг» компаниясы жеңіп алды. Мұның сыр­тында, 2020-2021 оқу жылында мектепалды даярлық сыныптары латынша көшіріледі», – деп қосып өтті Гүлжан Ермашқызы.

Осы жылдың аяғына дейін қазақ тілінің жаңа латын әліпбиі негізінде орфоэпиялық емле-ережелері әзірленетін болады. Бүгінгі күні жүргізіліп жатқан жұмыстары ақпараттық-түсіндіру бағытынан практикалық оқыту бағытына өзгермек. Іс-шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік қызметшілер латын графикасына біліктілігін арттыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және оның филиалдары базасында өтетін болса, тұрғындарды жаңа әліпбиге үйрету тілдерді оқыту орталықтары арқылы жүзеге асырылатын болады. 

Айзат АСҚАРҚЫЗЫ
 

Реклама