Рухани жаңғыру балабақшадан бастау алмақ

Выпуск - №48(343)   :   11.12.2018
584

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында қаламызда көптеген іс-шаралар орын алуда. Атап айтсам, таяуда біздің балабақшада «Рухани жаңғыру» атты тақырыпта облыстық семинар болып өтті.

Қостанай облысы «Өрлеу» БАҰО әдіскері Гүлнар Дильдибекованың жетекшілігімен өткізілген семинарда, біздің балабақшамыздың педагогтерінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасын ерекше атап айтуға болады. Бұл концерттің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындары, ұлттық бұйымдарын жадыларына сіңіру.

Мерекелік іс-шара ерте замандағы хан ордасында болған оқиға аясында өтті. Қазақ халқында дүниеге келген нәрес­теге азан шақырып, ат қойып, бесікке салу рәсімін ауылдың әз әжелері салт-дәстүрден көрініс көрсетсе, хан ордасында болып жатқан тойға, сол сарайда өсіп жетілген ханның төрт ұлы, ел батырлары әкелерін құттықтап, сый-жоралғыларымен өнерлі өнерпаздарын ертіп келіп, сый-сияпаттарын жасады.

Балабақшаның өнерлі бүлдіршіндері биден шашу шашып, ән шырқап, айтыс өнерін көрсетіп, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Хан ордасына келген ханның төрт ұлдары: Ертарғын, Ерқанат, Ербатыр, Ертөре атты батырларының есімі аталып, дүниеге келген кіші ізбасарлары Ертөстікке өздерінің жөн-жоралғыларын ала келген әр батыр, өз інілеріне өздерінің тілектерін айтып, сыйларын тарту етті.

Балабақшада өткен мереке өткен ата-бабаларымыздың ұстанған қазақ халқының салт-дәстүрін еске түсірді. Жетіген аспабын ойнап, балалар ән шырқаса, қыздарымыз «Шашу» биімен шашу шашып, келген қонақтарды бір қуантты. Алтыбақан аясында ән шырқалып, қазақ өнері айтысты балабақшамыздың тәрбиеленушілері Асылхан Төлеухан мен Кәусар Баймұрат айтысып, өз өнерлерін көрсете білді. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген бүлдіршіндеріміздің бойына ұлттық салт сана мен бірге ұлттық өнерді сіңіру біздің борышымыз.

Баланың салт-дәстүрді, Отанын сүйіп, қорған бола білуді, ұлтын сүюді, жан-жақты дамуы балабақшаның қабырғасында дамымақ. Олай болса, өткізілген мерекелік шара келген қонақтар мен балалардың ойында мәңгі сақталады демекпін. 

Гүлзира ДҮЙСЕНБАЕВА,
 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының 
тәрбиешісі, 
Арқалық қаласы

Реклама