Рухани жаңғыру – елдіктің тірегі

Выпуск - №36(331)   :   14.09.2018
280

Рухани жаңғыру – халқымыз­ға рухани жол көрсететін нақты бағдар. Осы орайда оқу ошағымызда да бірқатар шаралар атқарылуда.

Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, туған өлке туралы түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс-шараларда Отансүйгіштік сезімді дамытуға, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда. Мектебімізге Қостанай ішкі саясат бөлімінен келген қонақтар дәл осы мақсатта сөз қозғап, «Рухани жаңғыру» аясында әңгіме өрбітті. Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор.

Тарқатып айта кетсем, Білім күнінде бастауыш сыныптарда өткен «Мен кішкентай патриотпын» сынып сағаты шәкірттерімнің бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырса, жоғары буын арасында өткізілген «Мен өз елімнің патриотымын» сабақтарында рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөлі, ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымы назарда ұсталды. Сондай-ақ, жуырда ғана мектебімізде ұйымдастырылған Қазақстандық ата-ана: «Өз балаңа үлгі бол!» республикалық конференциясында да «Рухани жаңғыру» әңгіменің басты өзегіне айналды. Кең ауқымдағы шараға ата-аналар атсалысып, ғаламторға тәуелділік, діни ағымдардан арылудың жолы ішкі жан дүниеңді жаңғырту үшін бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек екенін ұғынды. Бұл тұста «Туған жер» бағдарламасын жандандырып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мұғалімдерге жүктеліп отыр. Сондықтан ұстаз ретінде патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын көрсету үшін мектебіміздегі рухани жаңғыру шеңберіндегі мұражайға саяхат жасаудан бастадым. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қоғам дамуына тың серпін беретін тарихи бастама. Олай болса, оны лайықты жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз.

Гүлден СҰЛТАНОВА,
Науырзым ОМ
бастауыш сынып мұғалімі

Реклама