Татыр шайқасы

Выпуск - №45(340)   :   16.11.2018
1089

«Татыр шайқасының тарихы – ел тарихы» деген атаумен Торғай жеріндегі қасиетті орындардың бірі «Татыр шайқасы» белгісінің жаңартылған бейнесін ашуға байланысты мәдени іс-шара өтті.

Биыл Шақшақ Жәнібек бабамыздың 325 жылдығы, Торғай қаласының іргетасы қаланғанына 150 жыл, ауданның 90 жылдық мерейтойына дайындық, ең алдымен, Торғай қаласын абаттандырудан басталды. Игі іске үлес қосқандар ішінде жас ұстаздардың бастамасы – бәрінен бұрын қолға алынған жоба еді.

Бұл жобаның дүниеге келуі 2017 жылдың 27 қазанында Жангелдин ауданы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподағы жанынан құрылған Жастар кеңесінің алғашқы форумында болған еді. Аталмыш форум қорытындысы бойынша қолға алынған «Ескерткіштер – тарихи сабақтастық үлгісі» деп аталатын жоба Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты елді мекендердегі тарихи ескерткіштерді жаңғыртуға бағытталды.

Жобаның мақсаты – «Туған жер» бағдарламасы бойынша рухты, патриоттық сезімді күшейте түсетін іс-шаралар негізінде Торғай жеріндегі тарихи ескерткіштерді жаңғырту, жастардың елжандылық қасиетін қалыптастыру. Жобаның авторы – аудандық салалық кәсіподақ ұйымы, демеушілер білім саласында қызмет атқарып жатқан педагог жастар мен кәсіподақ ұйымдары.

Бұл белгі негізінен биіктіктері 2 және 3 метр болатын екі ескерткіш түрінде қаланып жасалды, белгінің бұрынғы формасы толығымен сақталды. Жобаны жүзеге асыруға 2 миллион теңге қаржы жұмсалды.

«Татыр шайқасы» белгісі сонау кеңестік дәуірде жастар қолымен орнатылса, бүгінде жастар қолымен жаңартылып, ескерткіш өзінің жаңа еңселі бейнесіне ие болды. Жаркөл ауылынан батысқа қарай орналасқан бұл белгі үлкен жолдың бойында асқақтап, ерлік пен елдіктің белгісіндей болып тұр. Оның  жаңа кейіпке енуіне осы ауылдың ұстаздар қауымы көп еңбек сіңірді. Бұл жұмысты ұйымдастырып жүргізуде Қаратүбек орта мектебінің директоры Ғабдымәжит Садуақасовтың, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айбол Қасымхановтың, орта мектептегі жастар ұйымының жетекшісі Жандос Мәрденнің еңбектерін атап өту орынды.

Жалпы ескерткіш белгінің жаңартылуына аса белсенділік танытқан аудандық салалық кәсіподақ ұйымы мен оның жанынан құрылған Жастар кеңесі болатын. Жастар кеңесінің жетекшісі Аян Құспектің ұйымдастырушылық қабілетін ерекше атауға болады. Ескерткіш белгіні ашу салтанаты ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өз дәрежесінде өтті, белгінің жаңа келбетін ашуға аудан әкімі Шота Оспанов, аудандық мәслихат хатшысы Серік Нұрғазин, ардагер Серкеш Ғабдырашов, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Аян Құспек, Қаратүбек орта мектебі жанынан құрылған жастар ұйымының жетекшісі Жандос Мәрден қатысты. Мәдени іс-шара ауыл клубында тамаша естелікке толы әңгімемен өріліп, әсем әнмен көркемделген түрде жалғасын тауып жатты.

Осы айтулы мерекені аудандық «Ғасыр­лар пернесі» ансамблі, өнер мектебінің оқушыларынан құрылған «Еркеназ» бишілер тобы, ауыл өнерпаздары және аудан өнерпаздары тамаша өнерлерімен әрлеп, көптің сүйіспеншілігіне бөленді. Осы іс-шара барысында аудан әкімі Ш.Оспанов белгінің ашылу тарихы туралы әңгімені ауыл өмірімен тығыз байланыстыра отырып, осы жобаға қатысушыларды мерекелік төсбелгі және арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Естелік әңгімені ауыл ақсақалы С.Ғабдырашев, кәсіподақ ардагері, жоба авторы Ж.Хамзина, аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Сейдахметов, ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Әбішова, кәсіпкерлер бөлімі басшысы С.Дүйсенова, ауыл әкімі Әмір Қонысбаев, мектеп директоры Ғ.Садуақасов жалғады. Белгінің ашылуына байланысты мәдени іс-шара ата-баба ісін үлгі ету болды.

Жұпаркүл ХАМЗИНА,
кәсіподақ ардагері,
Жангелдин ауданы

Реклама