Жаңғыру жолындағы жас мұғалімнің рөлі

Выпуск - №28-29(323-324)   :   10.08.2018
531

Рухани жаңғыру – әр адамның өзіндік ішкі жаңаруы, сана-сезімі, ой-өрісінің кеңеюі, ішкі руханият арқылы жаңа өзгерістерді қабылдай білуі. 

Қазіргі заманда белең алып бара жатқан пайдасыз соғыс, бос ұрлық зорлық-зомбылық, бастан сөз асырмау, жазықсыздан-жазықсыз кісі өлтіру тағы да басқа сияқты зұлым істердің ар жағында тұрған нәрсе, адам баласының рухани дамымағаны, рухани сезімінің өшкені және рухының төменделіп табанда тапталуы.

Алаш зиялыларының көшбасшысы Әлихан Бөкейханов «Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман» демекші, жұртымыздың көзі ашық, көкірегі ояу болса, рухани байлығымыздың да арта түсері анық. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ елінің басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Мемлекет басшысының бұл еңбегі еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін елең еткізбей қоймады. Оған себеп, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келе жатқан, күн сайын өзгеріп отырған осы бір дүбірлі дүниеде, Елбасымыз айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымызға сіңіп қалған ескі қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды, яғни, ұлттық нақышымыз бен болмысымызды сақтай отырып, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастыруымыз жөн.

Әр заманның ұрпаққа қояр талабы, өз міндеті бар. Осы тұста айтарым, жас мамандардың мақсаты – лайықты тұлға ретінде ұлтжанды болашақ ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Сондықтан, жұртымыз елдің ертеңі мен болашағын ойлайтын Тәуелсіз Қазақстанның біз сияқты жалынды жастарына айрықша үміт артады. Халқымыз – елдің ертеңі жастар деп қарайды.

Азат еліміздің бүгінін нұрландырып, ертеңін гүлдендіретін ұлағатты ұрпақ деп сенеді. Мен жас маман ретінде өзіме, ел сенімін ақтау үшін «Жас болсаң күш-қуатыңды аямай еңбек ет, сонда ғана алға қойған арманыңа қол жеткізесің» деген қалпы бұзылмаған қағиданы ұстана отырып, жаңғыру жолында ерінбей еңбек етіп, өскелең ұрпақты әрдайым алға итермелейтін өнегелі, игі де ізгі істерге тәрбиелеуді ұстаздық міндетім деп жүктедім.

Елбасымыз айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әрине, ұлттық нақыш, болмыс, рухани құндылықтарымыз өскелең ұрпаққа отбасынан, балабақшадан, мектептен берілетіні анық. Сондықтан ата-аналар да, мектеп ұстаздары да ұлттық тәрбиені алға қойғаны абзал. Нұрсұлтан Назарбаев «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп ел келешегін ойлайтын алтын ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарға сенім артады. Қазір жас мұғаліммін, келешекте ұлағатты ұстаз болу басты арманым.

«Жас келсе – іске» деп қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, менің де жастық жігерім мен күш-қуатымды,  жаңашылдығымды жаңғыру жолында ұрпақ тәрбиесіне жұмсасам деген мақсатым бар.

Әйгерім АУБАКИРОВА,
Михайлов ОМ қазақ тілі 
мен әдебиеті мұғалімі 
Қарабалық ауданы

Актуально

Реклама