Латын графикасы негізіндегі республикалық диктант

Выпуск - №35(381)   :   12.09.2019
217

Қыркүйектің оны күні сағат 11.00 де еліміздің барлық өңірлерінде латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиді қолдану арқылы жалпыұлттық диктант өтті. Жастар жылы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен өткізілген шараға руспублика көлемінде 180 мың, Қостанай облысы бойынша шамамен 15 мың, ал облыс орталығы Қостанай қаласында 180-ге жуық адам қатысты.

Қостанайда диктант үш жерде: Қостанай облысы Достық Үйінде, Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада және С.Мәуленов атындағы №23 мектеп-гимназияда өтті. Оған мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, оқытушылар, мектеп оқушылары, ЖОО студенттері және латын графикасын меңгерудегі өз деңгейін анықтағысы келген еріктілер қатысты. Іс-шара республика халқының қазақ тілін, оның ішінде, латын негізді әліпбиді меңгеру дәрежесін тексеруге мүмкіндік беріп, сауатты қоғам болудың маңыздылығына назар аударып, этносаралық коммуникация тілі ретінде мемлекеттік тілдің маңызын нығайтуды мақсат етті.


Шамамен 30 минутқа созылған диктантқа қатысушылардың алдында көмекші құрал ретінде 32 әріптен тұратын латын қарпіне негізделген жаңа алфавит жазылған парақша қойылды. Жастар жылына бағытталған диктант мәтінін қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Камал Әлпейісова арнайы дайындаған. 157 сөзден тұратын мәтінді жазып шыққан соң, олардың қателіктерін тексеріп, қатысушыларды бағалау үшін арнайы қазылар алқасы да бекітілді. Олардың қатарында: Қостанай облыстық қуыршақтар театрының аудармашысы Ботагөз Баймағамбетова, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Кенжегүл Есіркепова мен Әсия Бекбосынова бар.

– Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бойынша екі жылда көптеген жұмыстар жүргізілді. Соның бастысы – әліпбидің бекітілгені екені барша қазақстандықтарға мәлім. Осы уақытқа дейін жаңа әліпбиді халық арасында насихаттап, меңгертуге бағытталған бірқатар жұмыстар – оқыту курстары, семинарлар өткізілді. Осы тұста, Тілдерді дамыту басқармаларының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жалпы, диктант «2019 jyl – Jastar jyly» деген тақырыпта берілген. Мәтінде Елбасы Н.Назарбаевтың, сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға бағытталған сөздері, биылғы жылы жастарға беріліп жатқан басымдықтар қамтылған. Қатысушылардың жазған жұмыстарын тексеру барысында грамматикаға, орфографиялық, пуктуациялық ережеге сай болуына назар аударылады, – дейді әділ қазылар алғасының мүшесі Кенжегүл Есіркепова.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін қолдану арқылы өткен жалпықазақстандық ашық диктантқа қатысушылардың жасы 15-тен жоғары. Ал ең ересегінің жасы 60-та. Олардың арасында диктантты сауатты жазғандар 2 қазан күні «Ұлы дала ұрпақтары» атты фестиваль барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы алғыс хаттарымен марапатталатын болады.


Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама