Алтынсарин жұлдыздарының шеруі

Выпуск - №18(364)   :   17.05.2019
227

Осындай жұлдызды тақырып аясында Қостанай қаласының Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта мерейі үстем болған оқушыларды марапаттау кеші өтті. Олар білім ордасының мәртебесін қалалық, облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық деңгейде асқақтатып жүр. Бұл шара мектептің жылдағы дәстүріне айналып, әркез оқу жылының тамаша бір қорытынды ретінде есте қалады.

Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың биылғы түлектері сынып жетекшісімен бірге

Өткен жылы мектеп бойынша барлығы 19 оқушы марапатталса, биыл 52 шәкірттің мерейі үстем болды. Осымен екінші мәрте өтіп жатқан шарада оқушылар 6 аталым бойынша марапатталды. Атап өтсек, «Алтынсарин жұлдызы», «Қосар жұлдыз», «Шоқ жұлдыз», «Ғаламат жұлдыз», «Шабыт жұлдызы» және «Спорт жұлдызы». Соңғы екі аталым биыл жаңадан қосылыпты. Олардың әрқайсысына құжат тапсырудың өзіндік шарттары да бар.

Алтынсарин жұлдыздарының шеруі

– Бұл мектепішілік сайыс болғандықтан, оған қатысу үшін бірқатар қағидалар мен талаптарды бекіттік. Ол оқу жылы басталған сәтте әрбір сыныптың жетекші мұғалімдеріне жіті таныстырылады. Ал ұстаздарымыз, өз кезегінде, дарынды әрі алғыр оқушыларының жыл бойы алған марапаттары мен жеткен жетістіктері қамтылған портфолио дайындап, кеңес мүшелеріне тапсырады. Артынша, сәуір айының аяғында педагогтік отырыс ұйымдастырылып, барлық қатысуға ниет білдірген оқушылардың арасынан марапатқа лайықтылары іріктеледі», – дейді Дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Ырысалды Келімбердиева.

Жұлдызды шеру өткен екі жылдың басты айырмашылығы – былтыр оқушыларға статуэтка ғана табысталса, биыл Қостанай қаласындағы белді мекемелер демеушілік жасап, оқушыларды статуэткамен қатар, шағын сыйлықтармен: Power Bank, «Мarvin»-ге сертификат, кинотеатрға және «Осьминог» ойын-сауық аквапаркінің билеттерімен марапаттады.

Осы тұста, демеушілерге ерекше тоқтала өтсек. Олар: Қостанай қаласындағы «Қазақстан Халық Банкі» Акционерлік қоғамы, «ISE computers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, республикалық «Асық ату» федерациясы, «Қостанай облысының тоғызқұмалақ федерациясы» қоғамдық бірлестігі, Қостанай қаласындағы «Достық» Білім беру орталығы, Қостанай қаласының «Осьминог» аквапаркі және 10 «В» сыныбының ата-анасы Жаупар Шаяхметова және т. б.

Ең әуелі, «Спорт жұлдызы» аталымы бойынша 6 жас дарын марапатталды. Бұл атаққа 5 «А» сынып оқушысы Айым Әлібекқызы, 6 «Б» сынып оқушысы Әйгерім Әмірғали, 6 «Г» сынып оқушысы Алина Аманжол, 7 «В» сынып оқушысы Бекарыс Жұман, 8 «В» сынып оқушысы Әлихан Балақанов, 10 «В» сынып оқушысы Еркебұлан Әлін лайық деп танылды. Оларды «Қостанай қаласы тоғызқұмалақ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атынан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батырхан Әбілбеков арнайы марапаттады.

«Шабыт жұлдыздары» аталмының иегерлерін марапаттау үшін «Қостанай таңы» газетінің журналисті Қарлығаш Оспанова мен қамқорлық кеңесінің мүшесі Асқар Әбдрахманов ортаға шығып, мектеп ұжымы мен оқушыларды жетістіктерімен құттықтады. Бұл аталым бойынша 11 оқушы, атап өтсек: 6 «В» сынып оқушысы Дариға Мусина, 7 «Б» сынып оқушысы Марғұлан Молдабеков, 8 «Б» сынып оқушылары Мұрат Жанбаев, Досхан Сайран және Жәмиля Ибраева, 8 «В» сынып оқушысы Бекзат Талантбек, 9 «Б» сынып оқушысы Олжас Мұханбетжан, «Ажар» би үйірмесінің, «Киелі домбыра» домбыра үйірмесінің және «Хор» үйірмесінің шәкірттері мен «Адал ұрпақ» клубының мүшелері марапатталды.
Ал 5-7 сынып оқушылары арасында облыстық олипиадалар, ғылыми жұмыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған 8 оқушы «Ғаламат жұлдыз» аталымына ие болды. Олардың қатарында: 5 «В» сынып оқушылары Жәмиля Ұлықпанова, Саяжан Мутунова, 6 «А» сынып оқушылары Бірғаным Жаппасбаева, Дияр Қарлыбай, 7 «А» сынып оқушылары Нәзира Ғазиз, Жібек Сәлім, Сабина Аралбай, сондай-ақ, 7 «Б» сынып оқушысы Мейіржан Сайранов бар. Аталған дарындар Қостанай Дарыны өңірлік ғылыми-практикалық орталығының маманы Салтанат Байділдинаның қолынан марапаттау қағаздары мен сыйлықтарға ие болды.

Келесі «Шоқ жұлдыздар» аталымы. Онда 8-11 сыныптар арасында облыстық олимпиадалар мен ғылыми жұмыс жүлдегерлері атанған 18 оқушыны «ISE computers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Илья Емельянов пен Қостанай қаласындағы «Достық» Білім беру орталығының директоры Жандос Бақытжанұлы марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. «Шоқ жұлдыз» атағына 8 «В» сынып оқушысы Дария Абдрахманова, 8 «Г» сынып оқушысы Ділназ Малдыбаева, 9 «Б» сынып оқушылары Гүлшат Әлімжанова, Анель Кенжекеева және Назым Жанабай, 9 «В» сынып оқушылары Дильнара Құттыбаева, Аружан Жауғашты және Сәрия Ерғалиева, 11 «А» сыныбынан Болат Оразымбет, Айдана Омарова және Бекзат Жәуке, сондай-ақ, 11 «Б» сыныбынан Нұрасар Ермағамбетова, 10 «А» сынып оқушылары Мерей Серікбай мен Айым Өмірзақ, 10 «Б» сыныбынан Сымбат Есімғалиева және 10 «В» сынып оқушылары Әмина Макжанова, Жансая Төлепберген және Саяна Болатова ие болды.

Ал 5-11 сыныптар арасында екі немесе одан көп мәрте халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жұмыс жүлдегерлері атанған 9 дарын «Қосар жұлдыз» аталымын иеленді. Олардың қатарында: 6 «Б» сынып оқушысы Таир Бірлік, 7 «А» сыныбынан Айзат Ибжанова, 7 «Б» сыныбынан Қуаныш Жолдыбаев, 10 «А» сынып оқушысы Нұрым Әуезхан, 10 «Б» сынып оқушысы Камила Сейдалина және Қайырлы Сапабек, 11 «А» сыныбынан Диана Ануханова, сонымен қатар, 11 «Б» сыныбынан Айжан Жакупова мен Елнұр Жұматаев бар. Мерейі үстем болған оқушылар Қостанай қаласындағы «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы басшысының орынбасары Береке Қадыров және «Достық» орталығы директорының орынбасары Азамат Саргужиевтің қолынан марапатталды.

Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының маманы Гүлнар Ерғалиева және 11-сынып оқушысы Бекзат Қабенов пен оның анасы

Сондай-ақ, ең басты марапат – «Алтынсарин жұлдызы – 2019» аталымына 11-сынып оқушыларының ішінде бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жұмыс жеңімпаздары іріктеліп, «Жыл оқушысы» атағын алды. Биыл бұл мәртебеге жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден өткен XI президенттік олимпиаданың I орын иегері, 11-сынып оқушысы Бекзат Қабенов ие болды. Оған бұл атақты Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының маманы Гүлнар Ерғалиева табыстады.

– Осы жыл ойдағыдай өтті деп сеніммен айта аламын. Республикалық олимпиадада мерейім үстем болып, 1-орынға ие болдым. Оған жетекшіммен ұзақ дайындалдық. «Жыл оқушысы» атағын аламын деп ойламадым. Аты-жөнімді атаған сәтте ерекше сезімге бөлендім. Шексіз қуаныштымын. Қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдіремін», – дейді Бекзат.

Марапаттау рәсімі аясында жиналған қауым мектептегі «Киелі Домбыра» үйірмесі шәкірттерінің орындауында «Бөгелек» күйін, «Ажар» би үйірмесі қыздарының мың бұралған билерін тамашалап, мектеп жанынан құрылған хор әншілерінің, сонымен қатар, халықаралық «Жаңа жұлдыз» байқауының гран-при иегері Әлихан Балақанов пен әкесі Илдияр Балақановтың орындауындағы әсем әнмен құлақ құрышын қандырды.
Жиын соңында кәсіби қабілеті мен өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде нәтижелі жұмыс істеп, шәкірттерін білім-ғылым жолында жетелеп жүрген мектептің 23 мұғалім арнайы алғыс хаттарға ие болды. Ұстаздарды «Білім-Инновация» лицей-интернатының директоры Бақтияр Омаров пен қамқоршылық кеңесінің төрайымы Айгүл Жанабілова және ата-аналар комтитетінің төрайымы Толқын Кенжетаева марапаттады. Мәртебелі шара жыл сайын жалғасатынын атап өткен мектеп директоры, келер жылы жұлдызды шеру аталымдарының қатарына «Жыл мұғалімін» қоспақ ниетте екендігін жеткізді.

Жамал ШАУКЕН,
суреттерді түсірген автор

Реклама