Қосымат Нұржанов атындағы кабинет ашылды

Выпуск - №40(386)   :   17.10.2019
52

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көптеген игі істерге мұрындық болды. Оның аясында Амангелді ауданына қарасты Құмкешу орта мектебінде Қосымат Нұржанов атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұлттың рухани жаңғыруы туралы үндеуі көптеген игі істерге негіз болып отыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан тарлан тарихымыз бен асыл мұраларымыз жаңғырып, еліміз рухани даму жолында көш бастап, кемел келешекке бағыт алғандай. Бағдарлама аясында аудандық білім беру саласы бірнеше маңызды жобаларды атқарып, жыл ішінде «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым» базалық бағыттары бойынша іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Жоба аясындағы сондай айтулы іс-шара Құмкешу жалпы білім беретін орта мектебінде өтті.

Қасымат Нұржанов – Құмкешу ауылының төл тумасы, Қазақ Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Халық ағарту ісінің үздігі. Ұстаздық жолда жасаған елеулі еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау арқылы саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған оқу кабинетінің ашылу салтанатына ел ағалары, ауыл тұрғындары, ұстаздар қауымы, мектеп түлектері мен арнайы шақырылған қонақтар қатынасты.

Кабинеттің лента қию рәсімі Амангелді ауданы білім беру бөлімінің басшысы Мұрат Сембайұлы мен Қосымат Нұржанұлының жұбайы Жұмазия Ержанқызына берілді. Кабинеттің ашылу салтанатында ауылдың құрметті азаматы Ғиниат Файзоллаұлы, Жұмазия Ержанқызы және Жұмаш Қосыматқызы сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өткен тарих пен бүгінгі күнді сабақтастырудағы маңыздылығына тоқталып, ел келешегі үшін жасалған игілікті шараның ұйытқысы болған мектеп ұжымына үлкен ризашылықтарын білдірді.

Кабинеттің ашылу салтанаты «Ұстаз шырағы жанған күн, ұрпақ жұлдызы атқан күн» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Конференция барысында мектептің 8-сынып оқушысы Ақгүлім Данабекқызы «Жүрек төріндегі асыл бейне» тақырыбында ұстаздың өмір жолы, 7-сынып оқушысы Перизат Бейсенбекқызы «Ұстаз еңбегі – елге мұра» тақырыбында Қосымат Нұржанұлының еңбек жолы, 6-сынып оқушысы Бейбарыс Жәнібекұлы «Ұрпағы ұмытпайтын ұлы есім» тақырыбында ұстаздың еңбек жолында жеткен жетістіктері туралы кішігірім зерттеу жұмыстарын таныстырды.

Арқалық қаласынан келген Молдатай Жапарұлы, Астана қаласынан келген Жанна Қабдырашқызы, ұстазбен әріптес болған Ғалымжан Жасталапұлы, ауылдың құрметті азаматы Ғиниат Файзоллаұлы сөз алып, естеліктерімен бөліссе, Молдатай Жапарұлы атамызға арнайы өлең жолдарын арнады. Нұргүл Қосыматқызы конференцияда зерттеу жұмыстарын қорғаған оқушыларға ұстаз ұрпақтары атынан Алғыс хат беріп, ынталандыру сыйлықтарын табыстады. Өз кезегінде мектеп директоры Арайлым Күмісбайқызы мен ауыл әкімі Аслан Хамитбекұлы кабинеттің ашылуына бастама жасап, толықтай жабдықталуына демеушілік еткен Қосымат Нұржанұлының ұрпақтарына ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы, ата-аналар атынан алғыс білдірді. 

Қосымат Нұржанұлы атындағы оқу кабинеті – Құмкешу орта мектебінде ашылып отырған төртінші кабинет. Бұған дейін де бағдарлама аясында Зейнолла Шаймұхамбетұлы, Темірбай Садуақасұлы мен Шотбай Әбенұлының ұрпақтары аталарының есімін ел жадында жаңғыртып, тарихи-педагогикалық мұражай, география кабинеті мен географиялық алаң, информатика кабинеті мен математика кабинетінің ашылуына демеушілік жасаған болатын.

Ғұмырының соңына дейін өз еліне қалтқысыз қызмет еткен бабаларымыздың ерен еңбегін насихаттау – ел келешегі үшін мол өнеге, тәлімді тәрбие. Осындай тарихта өшпес із қалдырған тұлғалардың рухына дақ салмай, тағзым етіп, өнегелі істерін жас ұрпақ бойында қалыптастыру – аға буын өкілдерінің парызы. «Өз ұлдарын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!», – деп Ілияс ақын жырлағандай, Құмкешу жерінде өткізілген шара туған жеріміздің тұғыры биік тұлғаларын ұлықтаудың айқын көрінісіндей болды.
Адам қашан да ұрпағымен мың жасайды. Ұлағатты ұстаз ұрпақтары жасаған ізгілікті істер ата-бабаларының рухына жасаған тағзым, ұрпақтар сабақтастығының белгісі ретінде ауданымыздағы білім ошақтарында өз жалғасын таба береріне сенімім мол.


Әнет ЖҰМАБЕК,
Амангелді ауданы

Реклама