«Төртінші билік» жас мамандармен толықты

Выпуск - №24(370)   :   27.06.2019
244

Билік пен бұқара халық арасындағы дәнекер саналатын «Төртінші билік» өкілдері бүгін, яғни, 28 маусым күні өзінің кәсіби мерекесін атап өтуде. Аталмыш мейрам қарсаңында, үстіміздегі жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика мамандығын 32 студент – 13-і мемлекеттік тілде, ал 19-ы орыс тілінде тәмәмдап, қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистік қызметке қадам басты.

Аталмыш білім ордасында журналист кадрларды даярлайтын кафедраның негізі 1996 жылдың 29 маусымында қаланды. Бастапқыда орыс филологиясы факультетінің құрамында ашылғанмен, бұл қадам аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарын кәсіби журналист мамандармен қамтамасыз ету мақсатын көздеді.

Биыл мерейлі 23 жылдығын атап өткелі жатқан кафедраның ашылуы Гүлнар Асанбаеваның есімімен тығыз байланысты. Неге десеңіз, журналист мамандығының университетте ашылуына мұрындық болған Гүлнар Досқалиқызының бастамасымен 1999 жылдың 3 қыркүйегінен бастап аталмыш мамандық жеке жұмыс істей бастады.

Алғашқы жылдары кафедрада санаулы оқытушылар болса, кейіннен тәжірибелі журналист, ақын-жазушылар қауымымен толықты. Атап өтер болсақ, қазақ бөліміне Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов, Байтұрсын Ілияс, Сәлім Меңдібаев, Жанұзақ Аязбековтер дәріс оқуға тартылды. Сондай-ақ, қазақ бөлімінің алғашқы қарлығаштарының қатарында болған Амангелді Шөрентаев пен Гүлшат Марқабаева да бұл күні кафедраның гүлденуіне өз үлестерін қосып, кәсіби журналистерді дайындауда ерен еңбек етуде.

Қашан да жаңаның жақтаушысы бола білген осынау кәсіп иелерінің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Бұл, әрине, қуантарлық жәйт. Ахаң атындағы қара шаңырақтың гуманитарлық әлеуметтік факультетінің түлектерін марапаттау рәсімінде сөз алған журналистика кафедрасының меңгерушісі Жусупова Алматай Мергенбаевна студенттерді өміріндегі ең жауапты сәтпен құттықтай отырып, оларға көптен күткен дипломдарын табыстады. Артынша, 4 жыл бойы алған білімдері алдағы еңбек жолында жемісін беретініне сенім білдіріп, журналистік қызметтеріне табыс тіледі.

Бұл әр адам өміріндегі ерекше кезең. Сонымен қатар, қадірлі ата-аналар мен ардақты ұстаздар үшін де ерекше толқытар сәт екені белгілі. Бұлай дейтін себебім, биыл мен де сол студенттердің қатарында дипломды журналист маман атанып, сондағы ахуалды жан-тәніммен сезіндім. Ендігі кезекте, еңбек жолымды облыстың іргелі «Учительская плюс» басылымының ұйымшыл ұжымында бастап отырмын.

Көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние» кітабында: «Журналшылар да түйе сияқты: жегені – жантақ, арқалағаны – алтын», – деп аталмыш мамандық иелерінің мойнындағы ауыр жүктің салмағын өлшеп бергендей. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік хал-ахуалынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын әріптестерімізді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, қаламдары мұқалмай, жұтшылыққа жеткізер жағымды жаңалықтары көп болсын деп тілейміз!

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген Антон ГОВОРОВ

Реклама