Орталық алаңды жандандырған музыкалық шеру

Выпуск - №21(367)   :   04.06.2019
173

Қалыптасқан дәстүрге сай биыл да Халықаралық балаларды қорғау күні облыс орталығында балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. 2000-нан астам жас өрен қатысқан ауқымды шараның қолға алынғанына биыл үшінші жыл. Аталмыш шара бір мезетте – таңғы сағат 10-да – республикамыздың барлық ауыл-аймақтарының бас көшелерінде өткізілгенін айта кеткен ләзім.

Республиканың мәдени өміріндегі бірегей оқиға ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен іске қосылып, өңірлік психологиялық қолдау және қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өтті. Салтанатты сап түзегендердің қатарында 100-ден астам шығармашылық ұжым – балалар мен жастардың үрмелі, ішекті-ысқышты, халық аспаптары, барабанды музыкалық ансамбльдер мен оркестрлер, би және вокал үйірмелерінің ұжымдары, мажореткалар және черлидерлер бар.

Сапты Алексей Алексеевич Губенконың жетекшілігіндегі қалалық муниципалды үрмелі оркестр бастап, репертуарындағы патриоттық тақырыптағы музыкалық туындыларды орындады. Марш ырғағын оларға іле жүріп отырған қаламыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы №5 орта мектептің кадет сыныбының барабаншы қыздары келтірді. Ал барабаншылардың рөлін сомдаған «Карнавал» би ансамблі алғашқы үштікті қорытындылады. Олардың артынан мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, хореографиялық ұжымдар мен вокал студияларының, спорттық үйірмелердің шәкірттері жүріп отырды. Аталған №5 мектеп оқушыларының бұл шараға қатысқанына биыл үшінші жыл.


– Бұл жолғы шеруге мектебімізден 90 оқушы мен ұстаз қатысты. Біздің білім ортадасының мақтаныштары осы барабаншы қыздарымыздан құралған ансамбль. Оның жетекшісі музыка пәнінің мұғалімі, кәсіби барабаншы Ким Станислав Владимирович. Шеруге қатысқан қыздарымыз барабанда ойнауды 6-сыныптан бастады. Биыл, міне, 9-сыныпты тәмәмдап отыр. Яғни, барабан аспабын меңгергендеріне 4 жыл, – дейді №5 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ирина Майбородина.


Аталмыш мектепте кадет сыныбы 2014 жылы ашылған. Ал барабаншылар ансамблін құру идеясын мектеп директоры Бағытжан Исетова көтеріп, 2015 жылдан бері бұл ансамбль де жұмыс істеп келеді. Осы тұста, шеруде №5 мектептің барабаншылар ансамблін бастап жүрген 9-сынып оқушысы, оқу үздігі Ирина Ремезованы сөзге тартқан едік.

– Қыздар нәзік жаратылыс болған соң, көп жағдайда барабанда ойнауды оларға жат нәрсе деп қабылдайды. Алайда, бұл аспапқа қызығушылығы болса, мүлдем олай емес деп есептеймін. Бүгінде мажореткалар ансамблін қаланың барлық ресми іс-шараларында кездестіреміз. Шындығына келсек, барабан ұстап, алаңға шыққан қыздар ерекше есте қалады. Аталмыш ансамбльдің құрамында болғаныма биыл 4 жыл толды. Соқпалы аспапта ойнағым келетінін естіген ата-анам қарсылық танытпай, керісіше, қолдау көрсетіп, жетілуіме барынша жағдай жасады. Барабанда ойнау қызық қана емес, сонымен қатар, пайдалы. Ол есту қабілеті мен маториканы дамытады, – дейді ол.

Мерекелік шеру қаламыздағы Қазақ-француз орталығына қарсы тұстан бастау алып, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бас ғимаратын бойлай жүрді. Артынша А.Байтұрсынов пен әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы облыс әкімдігінің алаңы арқылы университет алдындағы А.Байтұрсыновтың ескерткіші орналасқан орталық саябаққа тоқтады. Онда шеру қаламыздағы шығармашылық ұжымдардың шағын мерекелік концертімен жалғасты.

– Осыдан тура жетпіс жыл бұрын алғаш рет бала құқығы жөнінде сұрақ көтеріліп, әлемде Балаларды қорғау күні 1950 жылдан бері мерекеленіп келеді. Жаздың алғашқы күні, алғашқы мерекесіне арналған осындай ауқымды шара Қазақстанда үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл шеру «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тікелей жалғасы іспетті. Себебі, бұнда балалар еліне деген махаббатын, бойындағы қабілет-қарымын, шығармашылықтарын көрсетеді. Балғындарымызға сапалы жазғы демалыс, шексіз бақыт тілеймін», – деді, құттықтау сөз алған Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Айман Ибраева.

Музыкалық шеруге дайындыққа оқушылар мен музыкалық оркестрлер үстіміздегі оқу жылының басынан кіріскен. Мәдени шара тұрғындарды балаларды қорғау мәселесіне бей-жай қарамай, республикада білім алып жатқан жастардың ынтымақастығын көрсетіп, балалар мен үлкендерге мерекелік көңіл-күй сыйлауды мақсат етті. Бұл күні ата-ана қамқорынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға мерекелік ас беріліп, орталықта түрлі ойын-сауық бағдарламалары мен шаралар жүргізілді.

Осы тұста, мереке күні қаламызда психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Өмірге қол соз» атты акцияның өткенін айта кеткен жөн. Оған орталық алаңдағы ерікті жастардан құралған топтар белсене ат салысты. Олар 30 адамнан бірігіп, қаламыздың әр мектебінің алдында балаларға сенім телефондары жазылған парақшаларды таратты. Қостанай қаласындағы психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығының басшысы Елена Петренконың айтуынша, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар тәулік бойы тегін жұмыс істейтін сенім телефондарына хабарласып, кез келген уақытта кеңес алып, қолдау таба алады.


Биыл ауқымды музыкалық ансамбльдер шеруінде 100-ге жуық шығармашылық ұжым жүріп өтті. Олардың бірі ұлттық кеиімде болса, енді біреулері концерттік костюмдерін киген. Алайда, әрқайсысының қолындағы түрлі-түсті шарлар мен «I love Qostanaı» деген жазуы бар жалаушаларды байқау қиын емес. Оның бірден бір себебі – биыл астықты атырап Қостанай қаласына 140 жыл толмақ.

Өткен жылы Қостанай облысына қарасты аудан орталықтарының оқушылары да қатысып, шеру кең көлемде өткізілген еді. Ал үстіміздегі жылы шеруді олар өз аудандарында өткізіп, биыл облыс орталығындағы шеруге тек қала мектептерінің жастары қатысқан. Ұйымдастырушылар балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстағандарын жеткізді.

Балаларды қорғау күні мерекесіне орай өткізілген шаралардың нәтижесінде мәдениет және демалыс саябағы жандана түскендей болды. Балалар да көтеріңкі көңіл күймен мерекені атып өткені анық. Күннің ыстығына қарамастан, жиналған қала тұрғындары да мәз-мейрам. Себебі, бұндай көлемді шараны көру жыл сайын тек осы мереке күні ғана туатын таптырмас мүмкіндік.


Жамал ШАУКЕН,
суреттерді түсірген автор

Реклама