Абай шығармалары патриоттық тәрбие негізі

Выпуск - №38(434)   :   29.09.2020
348

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында да патриоттық тәрбиеге аса көңіл бөлініп отыр. Елге, жерге деген сүйіспеншілігі жоқ адамнан адамгершілікті, мәдениет пен сұлулықты, отанына деген махаббатты күте алмаймыз.


Ақмарал НҰРМҰХАМБЕТОВА

Әйгілі Ш.Әленұлы: «Патриоттық тәрбиені сабақ процесінде де, сабақтан тыс тәрбие саласында да үзбей беру керек. Ұлттық мектептің алға қойған ең негізгі мақсаты, маңызды міндеті де осы болмақ», – деген. Мәселен ғалым М.Мырзахметовтың зерттеулері негізінде, ұлы Абай Құнанбаев жастармен араласып, әңгімелесуге бар ынтасымен кіріскенін білеміз. Тыңдаушыларды қасына жиып, өмірді қалай сүру керек, жарық дүниеден қандай ғалымдар өтіп, жалпы адамзат әлемі үшін қандай орасан еңбектері бар екеніне, қандай ақиқатты үйреткен, оның адам үшін зор пайдасын өскелең ұрпаққа жеткізе білген. Берген ақыл-кеңес жастар үшін бекер айтылмаған.
Абай Құнанайұлы жастармен әңгіме үстінде өткізген уақыттың өмірінің ең жақсы сәттері екендігін жеткізіпті. Бұл аса маңызды жұмыс ақынның жоғары патриотизмінің көрсеткіші. Өйткені «патриотизм» – Отанын, елін, жерін сүю, оның болашағы жайында терең ойлану. Ал аталған дүниелер әрине, өскелең ұрпақпен, оны тәрбиелеп, өсірумен байланысты. Осы жұмысты тіл мен әдебиет сабақтарында дебат, интербелсенді жұмыстар, белсенді оқыту технологияларын пайдалана отырып, ұйымдастыруымыз керек. Бұндай жағдайларда тәлімгер ұстаздарымыздың кеңесіне, баспасөз материалдарына, «Мектеп», «Тәрбие құралы», «Тренер-Educanion», «Педагогическая наука и практика» сынды әдістемелік журналдар бетіне жиі назар саламыз. 
Заманауи патриоттық тәрбиенің мазмұны келесі қасиетті қалыптастыруды көздейді: Отанын сүю және азаматтығын мақтан тұту, өз елінің болашағы үшін, мамандығы үшін қызмет ету, ана тілін жетік меңгеру, халқының салт-дәстүрін, ерекшеліктерін білу, тарихи мұраларға құрметпен қарау, өз отандастарына, сондай-ақ басқа ұлт өкілдеріне адамгершілік көзқарас білдіру. 
Технология, коммуникация мен ғылым салалардағы елеулі өзгерістер әлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал ете отырып, әрбір азаматқа ХХІ ғасырда табысты болу үшін қажетті білім мен дағдыларды алға тартса да, дана Абай өлеңдері тыңдаушылары мен оқушыларды қатты ұйытуда: түрі көркем, мазмұны жағынан халықтың шынайы өмірінен алынған, өзекті. Сондықтан, менің ойымша, тиісті белсенді әдіс-тәсілдерді сабақ үстінде дер кезінде пайдалану оқушылардың заманауи функциялық сауаттылығын арттырып, оқу, сабақ мақсаттарына толықтай жетуге ықпалын тигізеді. Патриоттық тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру үшін әр уақыттағы қазақ халқының басынан өткен оқиғаларды айта отырып, түсіндіреміз.
Абай шығармаларында қазақ сахарасындағы халықтың отаншылдық тәрбиесінің тамыры терең. Ол – елге деген сүйіспеншілік, бойындағы бар күш-қуатын, ерік-жігерін жер игілігі мен мүддесіне аямай жұмсау, туған жерін, қасиетті ана тілін, елдің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеу. Патриотизм – біртіндеп қалыптасатын, тынымсыз, үздіксіз жұмыстың нәтижесінде орнығатын ұлы сезім. Патриоттық тәрбие ананың ақ сүтімен, тіл мен әдебиет сабақтарында сабақтан-сабаққа, есейе келе өскен ортасына, қалыптасқан қоғамына байланысты дамитын үздіксіз әрі маңызды жұмыс.
Патриоттық тәрбие – әр түрлі тәрбие өлшемдері сабақтасып, сан қырлы әдіс-тәсілдерді пайдаланатын іс болса, патриоттық сезім – отансүйгіштік рухтың құнарлы мәйегі. Ол адам өзі өнген топырағы мен өскен ортасына деген құштарлығының, құрметінің деңгейі. Сонымен қатар ата-жұрттың елдігі мен халықтың қасиет-қазыналарымыздың құндылығын қастерлеп, әспеттеудің басты бір көрінісі. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес мақсаттар жүйесі негізінде сабақтарында оқушыларды қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеу аясында үлкен еңбек еуде.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ үстіміздегі жылдың қазан айының 29-ында ZOOM платформасында онлайн режимінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай мұрасы көпэтномәдениетті әлемде» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізеді. Қашықтан өткізілетін тағылымы мол жиынға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін белсене қатысуға шақырамыз.

Ақмарал НҰРМҰХАМБЕТОВА,
«ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ филиалы
Қостанай облысы бойынша
ПҚ БАИ аға оқытушысы

Реклама