Жақсылықтың жаршысындай болған

Выпуск - №36(432)   :   13.09.2020
90

Президент Жолдауы жаңа оқу жылының басталу күнімен тұспа-тұс келді. Бұл маңызды құжаттан алдағы жарқын күндерге үлкен үміт сыйлар жан жадыратар жағымды жаңалықтар күткеніміз анық. Шындығында еліміздің қозғаушы және дамытушы көздері болып табылатын барлық салаларда айшықты өзгерістер бар екендігі анық байқалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында халқымыздың басына төнген қатерлі індетпен күресу барысында қиын-қыстау уақытта батылдық танытып және өз ісіне адалдығымен көзге түскен ақ халатты абзал жандар мен ел қорғаны тәртіп сақшыларына шексіз ризашылығын білдірді. Бұл – шынайы адал еңбекке берілген жоғары құрмет. Жолдауда еліміздегі кәсіби орта білім саласы туралы баяндалды. Себебі кәсіби білім беру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие білімді де білікті мамандар даярланады.Осы мақсатта кәсіби білім беру жүйесіндегі жұмыстар алдағы күндерге нақтыланды. Сонымен қатар білім беру саласындағы оң өзгерістер, әсіресе ұстаздардың өлшеусіз еңбегі ескеріліп, жалақының 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 25 пайызға көтерілуі көңілге үміт сыйлайды.

Қазіргі уақытта, яғни карантиндік кезеңде мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылған онлайн оқытудың оңай еместігі көрінді. Оның өзіндік қиындықтарын, ең алдымен, білім алушылармен қатар ұстаздар мен ата-аналар да сезінуде. Бұл уақытша қиындықтар мен олқылықтарды Президент жете түсініп: «Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платтформасын шұғыл әзірлеу қажет», – екендігін баса айтты. Әйтсе де мектеп пен оқушының қауышатын күні де алыс емес екендігіне сенемін.

Ол үшін барлық белгіленген санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып дәстүрлі оқытуға көшудің тәртібі әзірленетін болды. Бұл алтын ұя мектебіне асыға барып, оқуды күн санап күтіп жүрген балалар мен олардың болашағына алаңдаулы ата-аналар қауымы үшін жағымды жаңалық болғаны рас. Әлем басына төнген бұл қатерлі індеттің екпіні басылып, бәрі де өз орнына келетіні анық. Тек аздап шыдамдылық танытып, Үкімет тарапынан берілген ескертпелерді орындап, денсаулығымызға жауапкершілікпен қарауымыз қажет.

Соңғы жылдары елімізде ұстаз беделін, педагог мәртебесін көтеру жолында елеулі істер атқарылып, нақты жұмыстар жүзеге асуда. Қоғам алдында мәртебесін биіктетіп, одан қалды жалақысын көтеріп жатқан Президентке мұғалімдердің айтар алғысы мол. Президенттің білім саласы алдында көтерген басты сұрақ – білім сапасы, оқушылардың қосымша білім алуы. Қ.Тоқаевтың: «Бала тұрған жеріне, оқыту тіліне қарамастан сапалы білім алуы керек», – деген тапсырмасы педагогтерден оқыту технологияларын, әдістемені жаңартуды талап етеді. Сонда ғана біз балалардың әлеуетін пайдалы әрі өзіне қажетті етіп бейімдей аламыз, ал ол – сапалы білімге қол жеткізгеннің бір айғағы. 

Индира ЖАЙЛАУБАЕВА,
Ы.Алтынсарин атындағы Рудный
әлеуметтік гуманитарлық колледжінің
арнайы пәндердің оқытушысы

Реклама