Ұлы өзгерістің алғашқы қадамдары

Выпуск - №24(370)   :   28.06.2019
38

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алтынсарин орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің  арасында «Жаңартылған білім беру жағдайындағы латын графикасына көшу жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. 

Семинар жаңартылған білім беру жағдайындағы латын әліпби қолданысы идеясында  тәжірибе алмасу, ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ету және оқу нәтижелерін жетілдіруді көздеді. Оған мектеп әкімшілігі, аудандық білім бөлімінің әдіскері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты. Мектебіміздің ұстазы Г.Б. Бектұрғанова мен өзім 5-7 сынып оқушылары арасында сабақтар ұйымдастырып, сыныптан тыс шарада латын графикасын  енгізудің  тиімді әдіс-тәсілдерін қолданып, тәжірибемізбен бөлістік.

Латын әліпбиін қарқынды үйренудің бірден-бір жолы – зияткерлік ойындар. Осыған байланысты, С.Ж. Өмірзақова 8-11 сынып оқушыларының арасында «Латын әрпіне көшу – заман талабы» деген атпен қызықты сайыс ұйымдастырды. Латын графикасы түсіндірме ережелері бойынша ұстаздарға аудандық тіл бөлімі орталығынан әдістемелік жетекшісі Ж.Т. Жарасбаева, Затобол орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Д.А. Ахметова тәжірибелік шеберлік сабақтарын өткізді.

Олар қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары мен орфографиялық ережелері бойынша  ақпарат  берді. Мұғалімдер латын графикасына негізделген әліпбиді меңгеруге бағытталған тапсырмаларды орындау кезінде белсенді қатысып, қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, мектепте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында  «Туған жерім – алтын бесігім» деген тақырыпта латын әліпбиіне негізделіп үш тілде  көрме ұйымдастырылды. Ол – оқушылардың бойына туған жеріне, салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына  деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатын көздеді. Семинар  соңында  қонақтар барлық іс-шаралар жоғары дәрежеде, қызықты, мазмұнды ұйымдастырылғаны жайлы талқылап, пікірлерімен бөлісті.

Гүлшат НИЯЗБЕКОВА, 
Алтынсарин ОМ
қазақ тілі  мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Қостанай ауданы

Актуально

Реклама