Оқу жетістіктерін критериалды бағалау

Выпуск - №42(337)   :   27.10.2018
1308

Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған оқыту бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарламa.

Бастауыш сыныптарда оқыту мазмұнын жаңарту жұмыстары бағдарламаға сай жүргізіліп, оқыту, тәрбиелеу, дамытудың жаңа мүмкіндіктері ашылды. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер мұғалімдерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осыған дейінгі оқытудa оқушылар тыңдаушы, орындаушы болсa, қазіргі шәкірт өздігінен білім іздейтін жеке тұлға. Осы қажеттілікті шешудің бірден-бір жолы – оқушы білімін критериалды бағалау жүйесі. Критерий арқылы бағалау жүйесінің мaқсаты – бағалау критерийлерінің негізінде білім алушылардың оқу жетістіктері туралы шынайы ақпарат алу, оқу үдерісін жетілдіре түсу.

Оқыту мен оқуда баланың әрбір жетістігін әділ бағалау оқушы үшін өте маңызды. Мұғалім әрбір сабағын түрлендіріп өткізген сайын тәлім алушының да сабаққа деген белсенділігі артып, қабілеті дами түседі. Сабақта болған көңіл-күйді бас бармақ, бет-әлпеті салынған суреттер арқылы бағалаймын. «Түсінбедім, сұрағым бар, түсіндім» деген жазу жазылған парақшаларын таратамын. Онда әр сабақ сайын жеке, топтық бағалау үшін критерийлер мен дескрипторлар жазылады. Бір-бірін бағалау өзін-өзі бағалаудың маңызды бөлігі. Бұл өте пайдалы, өйткені оқушылар өз жұмысына қатысты айтылған достарының пікірін тыңдап, оң нәтиже алады.

Жұмыстың нәтижесі табысты болу үшін, кері байланысты дұрыс ұйымдастыру керек. Ол баланың оқыту үрдісі қалай орындалғаны, қандай нәтижеге қол жеткізгені туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланысты сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындаған тапсырмаларының қорытындысы ретінде жүргізіп отырамын.

Оқушылардың кез келген кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұстарын, сәтті шыққан қадамдарын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын біліп аламын. Осы іс-әрекет парағы арқылы оқушының оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі сабаққа жақсы дайындалуына түрткі болады. Сондай-ақ, баланың оқыту үрдісі қалай өткені, нәтижеге қалай қол жеткізгені туралы пікірін тыңдауға болады.

Критериалды бағалау бүгінгі білім беру жүйесіне зор маңызға ие. Өйткені, қазір оқушылардың білімділігі ғана емес, басты рөлде баланың құзыреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасау, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған. Аталмыш әдіс бұл мақсаттар мен міндеттердің барлық талаптарына сай жасалған. Бағалау жүйесінің тиімділігі: бәсекеге қабілетті, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған, логикaлық тұжырым жасауға бейім, еркін ойлай алатын жеке тұлғаны қалыптастырады. Жеке жұмыстар жүргізу арқылы білім дәрежесін, ой-өрісін әрі қарай дамытады. Оқушылaрдың білім сапасын арттырады. Шәкірттің тұлғалық бағытын белсенді позициясына бағыттау­ға мүмкіндік беретін бірден-бір бағалау жолы. Тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, көзделген нәтижеге жеткізетін шығармашыл бағалау жүйесі. Бaғалау жүйесі оқушыны мәселені көруге, мaқсат қoюға, жоспар әзірлеуге оны жүзеге асыруға, өз жұмысын талдауға, өзін-өзі бағалауға үйретіп, функциялық сауаттылығын қалыптастыруға көмектеседі.

Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты – жаңа үрдістегі оқытудың сапасын арттырады. Оқушы сын тұрғысынан ойлау арқылы алдына нақты мақсат қоя біледі. Осы маңызды істі әрбір ұстаз жауапкершілікпен атқарса ғана, оқушылардың білімін халықаралық стандартқа жеткізу жолдары айқындалады.

Коммуна АРТИКОВА,
Мұса Шожанов атындағы
№2 ОМ бастауыш сынып мұғалімі,
Жітіқара ауданы

Реклама