Онлайн байқаудағы үстем мерей

Выпуск - №38(434)   :   29.09.2020
170

Ақын Абай Құнанбайұлы ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін сол кездің өзінде анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды.

Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Себебі терең мағыналы насихат пен жұртшылықты еңбек пен білім алуға шақырған туындыларынан әр адам бүгінгісін бағамдап, ертеңіне көз жүгіртеді. Үстіміздегі жылдан бастап күнтізбемізге жаңа мереке қосылды. Енді, алдағы уақытта тамыздың 10-ыншы жұлдызы еліміздің тарихында алғаш рет «Абай күні» атап өтіледі. Биыл аталған күні бүкіл елде 500-ге жуық мерекелік іс-шаралар өткізу жоспарланған-тын. Алайда еліміздегі төтенше жағдайға (індетке) байланысты жоспарда бар іс-шаралардың жартысынан көбі шегерілгенмен, қалған іс-шаралар онлайн форматта жалғасын тапты.
Мерекеге орай «Халықаралық ғылыми тәжірибе» Республикалық қашықтық олимпиадалар орталығы республиканың түкпір-түкпіріндегі балабақша бүлдіршіндері арасында «Жайдары жаз» атты байқауын жариялады. Оған біздің «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының 110 тәрбиеленушісінен 55 бүлдіршін қатысқандығын айта кеткен ләзім. Нәтижесінде 27 бүлдіршініміз – 1-орын, 28 балғынымыз – 2-орынды иеленді. Ал аталған байқауға әр топтан 15 бүлдіршіннен қатыстырған тәрбиешілерге арнайы «Абай-175 жыл» төсбелгілері табыс етілді. Атап айтсақ, бұндай төсбелгіге балабақшамыздың Тамаша Адилова, Гауһар Кенжебаева және Бақыткүл Бораш сынды тәрбиешілеріміз ие болды.
«Алпамыс» бөбекжай-балабақшасынан 55 бүлдіршін қатысқаны үшін балабақша атына «Үздік балабақша-2020» статуэткасы берілді. Осындай жетістіктерге жетіп, биіктерден көрінуімізге ата-аналарымыздың да қосқан еңбегі зор. Ата-аналарымызға отбасылық бақыт, береке-бірлік тілейміз. Балаларымыздың денсаулығы мықты болсын. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан», – деп Абай атамыз айтқандай, бүлдіршіндеріміздің тәрбиелі де саналы азамат болып шығатынына сенім мол.


Бахыткүл ИСМАГУЛОВА,
«Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы
«Ертөре» мектепалды даярлық
тобының тәрбиешісі,
Арқалық қаласы

 

Реклама