Бассейнде денсаулықты нығайтамыз

Выпуск - №3(651)   :   24.01.2025
360

1

Кішкентай балаларға жүзудің пайдасы зор. Бұл баланы сауықтырудың, шынықтырудың, физикалық тұрғыдан күшті етудің, инфекциялық ауруларға қарсы профилактиканы қамтамасыз етудің ең жағымды, қарапайым тәсілдерінің бірі.
Баласының денсаулығына алаңдаушылық білдіретін ата-аналар бассейн, керісінше, үнемі суық тиюге себеп болады деп қорқады. Алайда, біздің балабақшамыздағы бассейнде су әрдайым қажетті температураға дейін жылытылып, ауаның температурасы да тұрақты деңгейде сақталады. Бұл жағдай балалардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тұрақты түрде өткізілетін сабақтардың арқасында балалардың иммунитеті нығайып, денсаулығы жақсарады. Нәтижесінде олар тек суық тиюден ғана емес, басқа да аурулардан сирек зардап шегеді.
Денсаулық – басты байлық. Баланың денсаулығын тек дәрі-дәрмекпен ғана емдеуге болмайды. Суық тиюдің және басқа да аурулардың алдын алып, баланың дені сау болуы үшін ағзаны нығайтып, иммунитетті арттырып, спортпен тұрақты түрде шұғылдану қажет. Біздің бассейнде жаттығатын балалар үшін ата-аналардың алаңдауына негіз жоқ деп сенімді түрде айта аламыз. Себебі, мұнда барлық жағдай жасалған. Әрі әлемде суда ойнауды ұнатпайтын бала жоқ екенін ұмытпаған дұрыс.
Мектепке дейінгі жас – баланың дене дамуы мен денсаулығын нығайтуға ең қолайлы кезең. Ойындарды пайдалы арнаға бағыттап, жүзудің негізгі дағдыларын үйретуге болады. Жүзуге үйретудің маңызды дағдылары дәл осы балалық шақта оңай қалыптасады. Балалар судағы көңілді ойындар арқылы жүзуді үйреніп қана қоймай, сабақтан жағымды эмоциялар алады. Бассейндегі жаттығулар дененің шынығуына оң әсер етіп, сергектік пен қуаныш сыйлайды.

Арман БЕКЕЕВ,
№16 бөбекжайдың жүзу жөніндегі нұсқаушысы,
Қостанай қаласы

Реклама