Спорт – сенімді серігің

Выпуск - №9 (456)   :   04.03.2021
281

Келе жатқан 8 Наурыз – Халықарлық әйелдер күні қарсаңында «Қаламқас» балабақшасында дене шынықтыру инструкторы Медет Атамбайдың ұйымдастыруымен ұжым қызметкері арасында спорттық сайыс өтті.

Сайыста арулардан құралған «Қыран» және «Жұлдыз» топтары сынға түсті. Әр топтың өз атауы, ұраны және белгілері болғанын айта кеткен жөн. Тартысты додаға балабақша меңгерушісі Гүлім Сейтқалиева, тәрбиешісі Шынар Досмағанбетова, педагог-психологы Қапиза Махамбетова әділ төрелік етті.

Тоғыз кезең бойынша өткізілген сайыс екі топтың арасындағы үздігін анықтауға бағытталды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өз топтарын және төсбелгілерін таныстырып өтті. «Кім жылдам?» кезеңінде қатысушылардың аяғы бір жіппен байланып, мәре сызығынан сөре сызығына жетті. Ал «Кім шапшаң?» кезеңінде қатысушылар мәре сызығынан кедергіні айналып жүгіріп келді де, келесі қатысушыға қолындағы таяқшаны беріп отырды. «Кім тапқыр?» кезеңінде доп таяғымен жеңіл допты кедергілер арасымен домалатып өтті. «Кім төзімді? кезеңінде топ мүшелері қолдарына теннис ракеткасын алып, шарды секірте отырып кедергілер арасымен жүрді.


Келесі «Мен мықтымын» кезеңінде мәре сызығынан сөре сызығына топ басшысы кедергілер арасынан жүгіріп келді. «Кім күшті секіреді?» кезеңінде қатысушылар кедергілер арасынан дорбамен секірді. Топ басшылар сайысында топ басшылары 30 секунд ішінде ағаш қасықпен су тасып, кесені толтырды. Сайыс қыздардың арқан тартысымен аяқталды. Атаулы спорт сайысында аруларымыз мәре-сәре болып, бір жасап қалды. Қызықты әрі тартысты өткен сайыс нәтижесінде «Жұлдыз» тобы жеңіске жетті.


Әнет ЖҰМАБЕК,
«Шұғыла» балалар мен
жасөспірімдер шығармашылық
орталығының көркемдік жетекшісі,
Амангелді ауданы

 

Реклама