Ыбырай салған сара жолды таңдаған мамандық иелеріне Республика күні қарсаңында елордада ерекше құрмет көрсетілді. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген 68 ұстазға мәртебелі марапаттарын табыс етті. Сол үздіктердің қатарында біздің Қостанай облысының Б.Майлин ауданындағы №2 Тобыл ЖББ мектебінің білікті басшысы, үздік-шебер ұстаз, биология пәнінің мұғалімі АЛИЕВА Гүлнар Расуловна «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
– «Ақырын жүріп, анық бас, / Еңбегің кетпес далаға», – деп хәкім Абай айтқандай, ең алдымен, кеуде тұсыңызға тағылған «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен құттықтауымызды қабыл алыңыз. Сіз үшін бұл марапат нені білдіреді?
– Құттықтауыңызға көп рақмет. Әрине, бұл марапаттың мен үшін маңызы зор. Жалпы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі білім беру және ғылым саласындағы белсенді оқытушылар мен педагогика қызметкерлерді ынталандыру мақсатында беріледі. Білімге деген құштарлық, халқына қалтқысыз қызмет ету – Ыбырай Алтынсариннің негізгі ұстанымы болды. Мәртебелі марапаттың білімнің шырағын жаққан ағартушының атында болғаны – сол кісі бастап кеткен ұлы жолды жалғап жүрген өзім сияқты ұстаздар қауымының қызметі қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды. Жылдар бойғы тынымсыз еңбегімнің еленіп, осындай үлкен марапатқа лайық құрметке ие болып жатқаным жаңа белестерді бағындыру жолында үлкен шабыт сыйлағаны рас.
– Ұстаздық жолға өміріңіздің жиырма жылын арнапсыз. Алғашқы кезеңдер қиын болды ма? Жас маман Гүлнар Расуловна қандай еді?
– 1998-2002 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын тәмамдап, еңбек жолымды 2003 жылы Амангелді ауданының Байғабыл ауылындағы А.Нұрманов атындағы мектепте бастадым. Әрине, жас маман болып келген уақыттағы қорқыныш пен өзіме деген сенімсіздігім басымырақ болды. Сол қобалжуды жеңіп, бойыма сенімділік сыйлауда осы ұйымшыл ұжымның ұстаздары өте үлкен көмек берді. Жас маманнан бар білгенін аямай, алға жетелеп, бағыт-бағдар берген осы мектеп, осы ұжым деп айта аламын. Сондықтан, қай кезде де А.Нұрманов атындағы мектептің ұстаздарына алғысым шексіз.
Аталмыш білім ордасында 2003 жылдан 2011 жылға дейін қызмет еттім. Рас, қиындығы мен қызығы қатар жүрді. Алайда ағылшын философы, тарихшы Френсис Бекон: «Күш – білімде», – дегендей, жолымда кездескен кедергілерді білімнің арқасында жеңе білдім. Жас ұстаз болып келгеннен бір жыл өткен соң, аудандық «Жас ұстаз» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Сол сәтте бойымды бір сенімнің сәулесі жылытып, «білім» атты ұлы қаруға арқа сүйеп, еңбек жолымды нық сеніммен жалғастырып кеттім.
– Мектепте сүйіп оқыған пәніңіз биология болды ма? Өте терең ғылым ғой. Сізді несімен қызықтырды?
– Шындығын айту керек, мектепте тарих пәнін сүйіп оқыдым. Тарих пәніне деген ынтам, жігерім мықты болды. Мектепті қызыл аттестатпен тәмамдадым. Оқуды аяқтамай тұрып, заң саласына қарай бет бұрсам деген арманым болды. Дегенмен, ата-анамның қалауы бойынша ұстаздық жолға бет бұрдым. Ол кезде ата-ананың айтқаны – бізге заң. Сол кісілердің тәлім-тәрбиесін көріп, ақыл-кеңесін алып өскендіктен, болашағымды ойлап, бағыттаған сөздерінен асып кете алмадым. Ол кезде жазбаша түрде емтихан тапсырамыз. Мұғалім болуға деген ынтам болған жоқ. Бір қызығы, соған қарамастан, емтихан нәтижесінде ең жоғарғы көрсеткішке ие болып, Арқалық педагогикалық институтының биология-химия факультетіне биология және география пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түстім.
– Халқымызда «ұстаздың да ұстазы бар ұлағаты бір бөлек» дейді ғой. Ұстаз болып қалыптасуыңызға үлес қосқан кімдер?
– Халық даналығында қалай тауып айтылған. Ұстаз болып қалыптасуыма, жоғарыда атап өткендей, біріншіден, А.Нұрманов атындағы мектептің ұжымы әсер етті. Шын мәнісінде, осы мәртебеге, осы марапатқа жетуіме аталмыш білім ордасындағы ұстаздардың үлесі зор. Әсіресе, сол кезде директордың оқу ісі бойынша орынбасары болып қызмет еткен Шоңғалов Қуандық Бақытұлын атап өткім келеді. Жас маман болған мені жетелеп, сабақ жоспарын қалай дайындау керектігін үйретіп, кәсіби бағыт-бағдар берді. Ол кезде компьютер жоқ, күн демей, түн демей барлығын қолмен жазып, сабаққа үлкен дайындықпен келетінбіз.
Еңбек жолымның басында Қуандық Бақытұлымен қатар бастауыш сынып мұғалімі Байманова Света Жақсыбайқызы да тәлімгерлік етті. Білмегенімді білдіріп, кемшілігімді түзеп, ешуақытта «Манауыңыз дұрыс емес!» деп қанатымды қайырмайтын. Керісінше, «Мынаны былай жасасақ қалай болар екен» деген сияқты ұсыныстарымен бағыттап отырды. Сондықтан, осы кісілерге деген алғысым шексіз. Алла Тағала әрдайым ұстаздық жолдағы еңбектерін елеулі қылып, шәкірттері биіктерден көрінуіне тілектестік білдіріп отырамын.
– «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деген сөз бар. Әріптестеріңіз сізді ізденімпаз мұғалім, іскер басшы ретінде бағалайды. Сіздің ойыңызша, жақсы ұстаз болу үшін адам қандай болуы қажет?
– Меніңше, қазіргі заманға лайық мұғалім болу үшін бірнеше түрлі қасиеттер әркез бойынан табылып отыруы тиіс. Ол үшін мұғалім мейірімді де қамқор, талап қоя білуімен қатар шәкіртімен арасындағы құрметті қарым-қатынасты сақтап, өз кәсібінің маманы болып қана қоймай, өзге де пәндерді жақсы меңгеруі қажет. Оқушылар алдында тұрған мұғалімі бәрін біледі деп ойлайды. Сол үшін мұғалім біліміне ешқашан шек қоймауы керек. Атақты педагог В.Сухомлинскийдің: «Оқушыларды ортақ интеллектілік, эстетикалық, қоғамдық-саяси мүдделер біріктіреді», – деген сөзі бар ғой. Шынында да, мұғалім өз үлгісі арқылы ғана оқушыны талпындыра алады.
Баланың алдында педагогтің беделі жоғары, бейнесі жарқын болуы керек. Яғни, мұғалімнің балалар алдында сөйлеген сөзі ғана емес, жасаған іс-әрекеті, киген киімі мен жүріс-тұрысы – барлығы баланың тұлға ретінде қалыптасуына әсерін тигізіп тұрады. Мұғалім жақсы психолог та бола білуі қажет. Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – демей ме, сондықтан да, білім мен тәрбиені серік етсе, адам бойындағы басқа да ізгі қасиеттер дұрыс бағытта қалыптасады деп есептеймін. Олардың қатарында адамгершілік, құзыреттілік, жаңаны танып-білуге деген құштарлықты атап өтсек ләзім.
– Сіздің ойыңызша, оқыту әдістерін жақсарту үшін қандай шаралар қолдану қажет?
– Бұл үшін ең маңызды нәрсе – педагогтің біліктілігін арттыруға мән беру. Неге десеңіз, біліктілігін арттыра алмаған, кәсіби шеберлігін дамыта алмаған мұғалім оқытудың әдіс-тәсілдерін ары қарай жақсартып, жоғары деңгейдегі оқыту нәтижесін көрсетеді деп айту қиын. Қазіргі таңда «Өрлеу» БАҰО ұйымдастыруымен көптеген біліктілік арттыру курстары өтіп, педагогтерге жаңашыл оқыту технологияларын үйреніп, жұмыс барысында қолдануына ықпал ететін жақсы мүмкіндіктер жасалуда. Бір педагог біліктілік арттыру курсынан өтіп келсе, түрлі коучинг, семинар мен конференциялар арқылы әріптестерімен тәжірибе алмасып, білгенімен бөлісуге ұмтылады. Білімге деген құштарлық – жұқпалы процесс. Бұл қасиетті өзгенің бойынан көргенде, сол процесске ортақ болуға деген ұмтылыс, бір жалын пайда болады.
– Түрлі деңгейдегі олимпиада, байқаулардан шәкірттеріңіз биіктерден көрініп келеді. Ұстаз үшін марапаттың биігі – шәкіртінің жетістігі деп жатады. Сол рас па?
– Толықтай келісемін. Қашанда ұстаздың жетістігі – шәкіртінің жеңісімен анықталады. Алдымызда отырған оқушымыздың бойындағы қабілетін байқап, дарындылығын дамыту – ұстаздың басты миссиясы. Әрине, бұл – оңай жұмыс емес, ұстаздан үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Бүгінде шәкірттерім қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Олардың әр жеткен биігі мені шабыттандыра түседі. Үздіксіз дайындық пен тынымсыз ізденісіміздің нәтижесін көргенде, шәкірттеріме артылған сенім мен үмітімнің ақталғанын түсінемін.
– Қазіргі уақытта білім ордаларында жастардың кітап оқуға ынтасын оятатын бірқатар ілкімді жобалар қолға алынған. Жалпы өзіңіз жиі кітап оқисыз ба? Санаңызға ерекше әсер қалдырған кітап болды ма?
– Біздің Тобыл ЖББ мектебінде «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы жемісті жалғасын табуда. Оған оқушыларымыздан бөлек әріптес-ұстаздар да үлес қосып, атсалысуда. Өкінішке қарай, жұмыс бабымен жүргенде қол босай бермейді. Дегенмен бос уақытым табыла қалса, мектеп кітапханасына барып, кітаптарға шолу жасап шығуға тырысамын. Көбіне Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқимын. Қазіргі сәтте Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабын оқып бастадым. Автор кітабында жан-жақты жетілген идеалды адамның қасиеттері мен ерекшеліктерін түсіндіре отырып, жетістікке жетудің жолдарын саралап, тұлға болып қалыптасудың тетіктерін көрсете отырып, оқырманын «кемел адам» болуға шақырады. «Жақсы кітап – жан азығы» демекші, осы кітапты оқып шыққан кез келген адам өмірінде бір оң өзгерісті сезері анық.
– Отбасыңыз жайлы айта отырсаңыз. Сізді қанаттандырып, қолдап отыратын да солар шығар.
– Өзім төрт балалы отбасында дүниеге келгенмін. Балалардың екіншісімін. Әкем дүниеден өтті, ал анам – зейнеткер, қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. Өзімнің отбасыма тоқталар болсам, Амангелді ауданының Байғабыл ауылында тұрмысқа шықтым. Жолдасым Игілік – тарих пәнінің мұғалімі. Биыл отбасын құрғанымызға 23 жыл толады. Төрт қызымыз бар. Менің осындай биікке жетуіме, әрине, бірінші – Алла, екінші – жолдасымның септігі тиді деп ойлаймын. Екеуміз де ұстаздық жолда жүргендіктен, ортақ келісімге келе аламыз. Ол кісі мені, мен оны түсінемін. Білмеген, артық кеткен жерлерімізде бір-бірімізге ақыл-кеңесімізді айтып, қолдап отырамыз. Үйдегі ұстазым осы жолдасым деп білемін. Көбінде іс-тәжірибе тарату мақсатымен басқа елді мекендерге жол жүріп кеткен уақытта балаларға ие болып, менің жоқтығымды білдірмейді. Әрдайым қолпаштап, жоғары жетістікке жетуіме қанат бітіріп отыратынын ерекше бағалаймын. Күні кеше марапат алған кезде де одан да биік белестерден көрінуіме тілектес болып, менің жетістігіме риясыз қуанып қарсы алғанда, одан бақытты нәрсе жоқ сияқты көрінді өзіме. Сондықтан да, жолдасыма, әрине, ата-анама алғысым шексіз.
– Арманыңыз бар ма?
– Армансыз адам болмайды ғой. Сол арманың орындалу үшін, мақсатың айқын болу керек. Армандарым көп... Ең басты арманым – қыздарымды әкесі мен анасы сияқты осы ұстаздық жолға тәрбиелеп, бағыттасам деймін. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп хәкім Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол. Қиын да жауапты мамандық иесі қашан да құрметке лайық. Тағы бір арманым – ұжымымдағы педагог-әріптестеріме, жас мамандарға жол ашуға үлес қосып, сол кісілердің де биіктен көрінуіне септігімді тигізсем деймін.
Сөзімнің соңында әріптестеріме, сонымен қатар Б.Майлин ауданы білім бөлімінің басшысы Айгүл Темірханқызына және бөлім әдіскерлеріне мені қолдап, әркез қанаттандырып отырғаны үшін алғыс білдіргім келеді. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақындығы», – деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, Ыбырай атамыз салған сара жолмен абыройлы міндетті арқалап келе жатқан ұстаздар қауымына еңбекте табыс, шығармашылық жетістіктер тілей отырып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы жасап жатқан еңбегіміз еселене берсін демекпін.
– Гүлнар Расуловна, тағылымды әңгімеңізге көп рақмет. Жас ұрпаққа білім беру жолындағы еңбегіңіз үстем болсын!
Жамал ШАУКЕН
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.