«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демей ме халқымызда. Бүгінде әкесінің жолын жалғап, мүсіншілік өнерді өмірінің үлкен бір бөлшегіне айналдырған Сапарбек ҰЗАҚОВ ағамызбен тілдесу мүмкін болды. Ағамыз Арқалық қаласының тұрғыны болғаннан кейін, көзбе-көз кездесу мүмкін болмаса да, қос тарапты ұялы телефон байланысы жалғады.
– Сапарбек Әбілбекұлы, бүгінде 40-тан аса туындының авторысыз. Көпшілік жұмыстарыңызды көріп жүргенмен, өмір жолыңыз бен қызметіңізден бейхабар. Әңгімемізді содан бастасақ?
– Өзімді таныстырып өтер болсам, Қостанай облысының Амангелді ауданында 1960 жылы шілденің 11-і күні дүниеге келдім. Мүсіншілікке деген қызығушылығым балалық шағымнан, нақтырақ айтар болсам, мектеп қабырғасынан басталған-тын. 1967 жылы Амангелді орта мектебінің табалдырығын аттап, оны 1977 жылы тәмәмдадым. Артынша Арқалық қаласындағы №29 техучилищеге оқуға түсіп, фотограф мамандығын алып шықтым. Ал 1979-1981 жылдары әскер қатарына қабылданып, Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім.
Кейін Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институының көркемсурет факультетін ойдағыдай аяқтадым. Оқуымды аяқтап, дипломды маман атанған соң, 3 жыл мектепте сабақ беріп, артынша Арқалық керамика зауытында бас суретші болып қызмет істедім. Кейін Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында қызмет істеп, доцент дәрежесін алып отырмын. Мен білім алған шақта көркемсурет факультеті болса, бүгінде музыка және бейнелеу өнері кафедрасы болып жұмыс істеп тұр.
Жалпы мүсін өнеріне деген қызығушылығым мектеп жасынан басталды. Ол кезде қабырға газетін шығару деген болатын, соған жасаған қолөнер бұйымдарымды шығарып тұратын едім. Ал шығармашылық жұмысқа студенттік шақтан бет бұра бастадым. Сол шығармашылық ізденісімнің, құлшынысымның септігі тиген болар, республикалық деңгейдегі байқауға қатысып, бас жүлдеге ие болдым. Москва, Ленинград қалаларында шеберлердің ұстаханасында дәріс алғанымды да ерекше атап өткім келеді.
Еңбегім еленіп, халық бағалап, 2013 жылы ҚР Суретшілер Одағына қабылдандым. Ал 2015 жылы институттың ұсынысымен Португалия, Франкфурт қаласына іс-сапармен барып қайтқан жайым бар. Біздің қызметте бастысы – жұмысыңды халықтың бағалағаны емес пе. Осы мақсатта 2019, 2021 жылдары Облыстық дала мұржайында шығармашылық көрмелерім өтті. Жасаған туындыларым Жангелдин ауданы, Арқалық, Қостанай қалаларында орнатылған. Жангелдин ауданының 90 жылдығы, көзі тірісінде көп мақталмаған қарымды қаламгерлердің беделді әрі белді өкілдерінің бірі Қайнекей Жармағамбетовтың 100 жылдығына орай орнатқан тас мүсінді де атап өткім келеді. Тарихтан сыр шертетіндіктен, әрбір жасаған жұмыс бағалы ғой.
– Отбасыңыз жайлы айта өтсеңіз? Көпбалалы отбасында өскен екенсіз. Сізден басқа бұл өнер жолын қуған бауырларыңыз бар ма?
– Иә, отбасында 9 баламыз. Әкем – Әбілбек Ұзақұлы, анам – Бәтима Жүнісбекқызы. Екеуі де өмірден озды... Қарап отырсаңыз, отбасында екі ер бала, жеті қыз бала бар. Ер баланың үлкені мен боламын. Екіншісі қазір Санкт-Петербург қаласында тұрады. Сол жақта ғұмыр кешіп жатқанына 30 жылдан асты. Ол К.А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясын бітірген. Сабақты жақсы оқығандықтан, оны қазіргі Санкт-Петербург (Сол кездегі Ленинград) қаласына жұмыс істеуге жіберген-тін. Сол кеден бері сонда қызмет істеп келеді. Отбасылы. Келіннің есімі – Света. Ұлты орыс болғанмен, келгенде басына орамалын тартып, қазақы қалыпта үлкен кісілерге иіліп сәлем беріп, қызмет жасайды. Балаларының есімдері түгел қазақша. Әйгерім, Айдар және Сәуле атты екі қызы мен бір ер баласы бар.
Қалғандарымыз түгел Қазақстанда тұрамыз. Арқалықта мен және Гүлмира деген қарындасым, ал басқа бауырларымыз елордамызда тұрады. Бауырларымның арасында мүсіншілікке менің ғана жаным жақын болды. Әрқайсысы өз жолын таңдады. Қарап отырсам, мүсіншілікке немеремнің қызығушылығы бар секілді. Қазірден сурет салғанды, қолөнермен айналысқанды ұнатады. Құдай қосқан қосағым Боранкүл Зиядақызы Арқалық мен бүгінде 4 баланы өсірдік. Нұржан Әбілбекұлы, Нұргелді Сапарбекұлы, Нұрсұлтан Сапарбекұлы, Маржан-ай Сапарбекқызы есімді төрт баламыз бар. Үлкен ұлымыз қазақы дәстүрімізге сай ата-әжесінің қолында тәрбиеленгендіктен, құжатта Әбілбекұлы деп берілген.
Сапарбек Ұзақов жанұясының ортасында
– Әбілбек Ұзақұлы атақты мүсінші болған кісі. Әкеңіз жайлы бірер ауыз сөз қозғасақ? Сізді мүсіншілікке баулыған әкеңіз ба еді, әлде бұл өнер түріне деген махаббат сізді өзі жетелеп келе ме?
– Жалпы кез келген шығармашылық жолдың негізгі қозғаушы күші – сол жасап жатқан жұмысыңа деген махаббат емес пе. «Өмірде бірде-бір күн жұмыс істегің келмесе, өзің қалаған іспен айналыс», – деп Конфуций айтқан ғой. Ісің өзіңе ұнамды болса, одан ләззат алып, бар ынтаңмен кірісетінің тағы бар. Мүсіншілік өнерге келуім жайлы сөз қозғалар болса, әкем үнемі қатар жүреді. Бұл өнерге деген сүйіспеншілігімді оятқан да сол кісі болатын. Өмірде де, өнерде де ұстаз бола білді. Әкем 1936 жылы қазан айының 31-інде Амангелді ауданына қарасты Ырымбай шығанағы деген жерде дүниеге келді. 1943-1947 жылдары Смайыл бастауыш мектебін тәмәмдап, 1947-1954 жылдары аудан орталығындағы Амангелді орта мектебінде оқып, оныншы сыныпты тәмәмдады. 1954-1955 жылдары аудан орталығындағы жүргізушілер дайындайтын курсын аяқтап, 1955-1960 жылдары Амангелді аудандық партия комитетінде хатшының жүргізушісі болып қызмет істеген.
Осы жүргізуші болып жүрген шағында атақты мүсінші Хәкімжан Наурызбаевпен тағдыр тоғыстырып, мүсіншілікке бет бұрады. Бұның өзі бір ерекше әңгіме. Тағдырдың маңдайыңа жазғаны қанша жерден алыс болып көрінгенмен, өзіңе айналып келетіндігінің белгісі деуге болатын шығар. Сөйтіп, әкем 1960-1965 жылдары Алматының Н.В. Гоголь атындағы суретшілік училищесіне түсіп, осы училищенің толық курсын мүсінші мамандығы бойынша 1965 жылғы 29 маусым күнгі шешімі бойынша тәмәмдап, «суретші мастер» квалификациясын алады.
Сөйтіп дипломды маман атанып, 1965-1997 жылдар ішінде Амангелді аудандық мәдениет бөлімінде суретші, сахна декораторы әрі гримдеуші болып, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында суретші-көркемдеуші, мүсінші жұмыстарын істеді. Ең үлкен жұмыстарының бірі – 2002 жылы Арқалық қаласы әкімшілігінің алдына халық батыры Амангелді Үдербайұлы Имановтың биіктігі 6 метр болатын ескерткішін орнатуы. Бұдан кейін де ел батырлары Қошқар, Иман және Жәукелердің бюстерін жасап, олар аудан әкімшілігінің алдына қойылды. Одан кейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің батыры, мерген Кейкі Көкенбайұлының ескерткішін жасады. Артынша жасаған Ахмет Байтұрсынов пен халық батыры Төлек Жәуке батыр ескерткіштері де Арқалық қаласының көшелеріне орнатылып, салтанатты жиынмен ашылды.
– Әкеңіз атақты мүсінші Хәкімжан Наурызбаевтың шәкірті болған екен. Ол кісімен таныстығы қалай болған? Жоғарыда атап өткеніңіздей, ерекше әңгімеңізбен бөлісе өтсеңіз.
– Қазақтың бірінші кәсіби мүсіншісі Хәкімжан Наурызбаевпен әкемнің таныстығы қызық болған. Ол кезде әкем аупарткомның бірінші хатшысы Оразалы Қозыбаевтың шофері болатын. Ал Хәкімжан Наурызбаевты ауданымыздың Еңбек Ерлерінің мүсіндерін жасату үшін Оразалы аға шақыртыпты. Сөйтіп ол кісі Хәкімжан ағаны әкеме тапсырған көрінеді: «Көмек керек болса, қолыңнан келгенше көмектес», – деп. Сөйтіп әкем мен Хәкімжан ағамыз Амангелді ауданына жүріп кеткен. Сонда Социалистік Еңбек Ері Байділдә Омаровтың үйіне түседі.
Өзін таныстырған соң, не мақсатпен келгенін түсіндіріп, Хәкімжан Наурызбаев жұмысын бастап кетеді. Сол кезде мүсіншілікке деген қызығушылығы оянып: «Мұндай да шеберлік болады екен-ау», – деп таңғалған әкем де жасап көргісі келетінін айтады. Артынша Хәкімжан Наурызбаев әкемнен отбасы жайлы сұрап, ата-әжеме жолығып, келесі жылы Алматыға оқуға шақырады. Содан 1960 жылы әкем Алматыға барып, 5 жыл бойы Хәкімжан Наурызбаевтың үйінде жатып оқып, үйге оралады.
Осы жағдайды әкем: «Х.Наурызбаевпен ешқандай туыстық, не нағашы, не жиендік жағынан жақындығым жоқ. Әйтеуір, қаны бір қазақпыз. Осындай қамқорлық жасаған ағаларды қалай ұмытуға болады? Үйінде бес жыл жатып, тәрбие-тәлім алдым. Жұбайы Арсан апайымыз да өте тәуір адам еді. Биазы мінезді, адамға жылы қарап өзіне тарта сөйлейтін кішіпейіл, қарапайым жан болатын», – деп еске алып, ол кісінің жасаған еңбегін көзі жұмылғанша айтып жүретін.
– Әр адам жұмысының мәнін түрліше түсінеді ғой. Сіз үшін мүсіншілік деген не? Және сөзіміздің қорытындысы ретінде оқырманға бір ой түйін жеткізсеңіз.
– Мүсіншілік – көнеден келе жатқан өнер ғана емес, дәстүр дер едім. Мүсінші ретінде бүгінгі біздің жасап жатқан жұмыстарымыз, тұрғызған тас мүсіндеріміз – бәрі де тарихтың көрінісі ретінде сақталып қалмақ. Жалпы кез келген шығармашылықпен айналысатын жан үлкен бір жұмысқа кіріспес бұрын, ең әуелі оны зерттеп, жан-жақты танысып шығады ғой. Сол сияқты бір мүсіннің артында қаншама ізденіс жатады. Тұлғаның мүсінін жасау үшін, ол кісі жайлы зерттеу жүргізу арқылы психологиялық портретін қалыптастырамыз. Бұның бәрі мүсіннің тұлғаның келбетіне ғана емес, мінезіне де сай келуі үшін жасалатын жұмыстар.
Адам деген бұл өмірде мәңгі емес қой, дәм-тұзымыз таусылғанда ағаш бесіктен жер бесікке аттанамыз. Жасап жатқан жұмыстарымыз келер ұрпаққа қалып жатса, өзіміздің елімізде халқымыздың ұлттық дәстүрін осы тас мүсін арқылы көрсетіп жатсақ, бұл үлкен бір игі іс қой деп ойлаймын. Жас ұрпаққа айтарымды дана Абайдың сөзімен түйіндесем: «Сен де бір кірпіш дүниеде, кетігін тап та бар қалан».
Сұхбатты жүргізген Жамал ШАУКЕН
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.