Қазақ тілі әліпбиінің 20-ғасырдың 20-30 жылдары латында болғаны тарихымыздан мәлім. Бірақ саяси жағдайларға байланысты кирилл графикасына ауыстырылғанын да білеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін әліпбиді латын графикасына көшіру мәселесін алғаш рет Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар көтерді. Бірақ саяси, әлеуметтік жағдайларға байланысты бұл мәселе кейінге қалдырылған-тын.
Кенжеғали БИМАҒАНБЕТОВ
2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұл мәселеге тарихи тұрғыдан баға беріліп, нақты шешім қабылданды. Содан бері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2018 жылы «Акут» негізді әліпби бекітілді. 2019 жылдың қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық тарапынан акут әліпбиге қатысты жұртшылық сынын ескеріп, ғалымдарға әліпбиді қайта жетілдіру туралы тапсырма бергені баршамызға мәлім.
Өткен бір жылдың ішінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Негізгі жұмыс Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жүктелді. Қазақстандықтар өз тарапынан 40-қа жуық латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің нұсқаларын ұсынды. Сол нұсқалар еліміздің беделді тілтанушылары мен филологтарынан тұратын Орфографиялық жұмыс тобында талай талқыдан өткізілді. Осы уақытта екі рет республикалық ашық талқылау өткізілді. Бұл жұмыс барлық өңірлерде жүргізіліп, әр аймақтың жергілікті тіл мамандары өз пікірлерін айтып, ойларымен бөлісті.
Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының 2020 жылдың 17 ақпанында, 5 наурызда облыстың қазақ тілі мұғалімдері, тіл мамандары, филолог ғалымдары Республикалық орфографиялық топқа ұсынылған әліпби жобаларының ашық талқылауына қатысты. Аталмыш жиында барлығы 410 адам бас қосқанын айта кеткен жөн. Соның ішінде филолог-ғалымдар – А.Әбсадықов, Қ.Нұрмұхаметова, К.Есіркепова және басқа да тіл саласының мамандары бар. Осы кезде біздің облыстың тіл мамандары умлаут, бревис, седіл, макрон диакритикалық таңбаларды қолданған әліпбидің жобасын қолдады.
2020 жылдың 28-29 қазанда жетілдірілген жаңа әліпбиді апробациядан өткізу мақсатында облыстың қазақ тілі мұғалімдері мен бастауыш сынып оқытушылары, орталықтар мен жоғары оқу орындарының филологтары арасында сынама сабақтары өткізілді. Сынамаға 500 адам қатысты. Оның нәтижесінде жазба коммуникация жеңілдетілгені айтылды. Диакритикамен берілген әріптердің барлығының жалпы жиілігі өте төмен, яғни олар көп болмайды. Сонымен қатар, осы әріптер қолжазуға ыңғайлы, көзшалымға қолайлы деген пікірлер айтылды.
Былтыр қараша айының 9-ы күні Мәдениет және спорт министрі мен Білім және ғылым министрі Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жаңа әліпбидің жетілдірілген жобасын таныстырды. Содан кейін әліпби ғалымдармен тағы да пысықталды. Сөйтіп 2021 жылы қаңтардың 28-інде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында жауапты министрліктер латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді. Сондай-ақ, жетілдірілген әліпбидің жобасы, емле ережелерінің жобасы мен қазақ тілі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібі ұсынылып, Ұлттық комиссиямен мақұлданды. Ендігі кезекте бекіту үшін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентіне ұсынылады.
Жобаның теориялық негіздерін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жүргізді, ал Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы емле жобасын мәдени жұртшылық арасында түрлі сынамадан, сараптамадан өткізді.
Жетілдірілген жаңа әліпби жобасында 31 таңба бар. Ұлттық дыбыстарды белгілеу үшін, туысқан түрік тілдері мен бірқатар еуропалық тілдердің тәжірибесіне сүйене отырып, жетілдірілген әліпби нұсқасында қазақ тілі фонемаларын мағынасын бере алатын диакритикамен 6 әріп берілген: (умлаут (ә – ä, ө – ö, ү – ü), бревис (ғ – ğ), макрон – (ұ – ū), седіл (ш – ş). Умлаут – жіңішке дыбыстарды білдіреді, бревис – қысқа дауыссыз дыбыстарға қойылады, макрон – жуан дауыстыларға қойылады, седіл – тілалды ызың дауыссыздарға қойылады. Дыбыстардың әртүрлі қасиетіне жеке диакритика алынғаны халықаралық тәжірибе ескеру арқылы оқылымды жеңілдетеді, тілдің дыбыс қорының әліпбиі жүйесіндегі көрінісін бедерлейді.
Алдағы әліпбиде «Ш» дыбысының таңбасы «SH»-тің тіркесі арқылы диграфпен берілгені баршаға мәлім. Бұл ерекшелік жазуда біраз қиындықтар тудырды. Енді оны седиль диакритикасы арқылы «Ş» таңбасымен беру біршама жеңілдік әкеледі. Сондай-ақ, «Акут» жобасында барлық дауысты, дауыссыз дыбыстарды, мағынасына қарамай, бір ғана «акут» диакритикасымен белгіленіп тасталды. Жаңа әліпби қазақ тілінің 28 дыбысын толық қамтиды және шеттілдік сөздегі дыбыс таңбаларына Vv (в), Ff (ф), Hһ (х) әріптері алынды.
Кез келген заң болсын, ереже болсын ұлттың болмысына сай болғаны абзал. «Ф» әрпі бізге ХІХ ғасырда арабтан кірген сөздерді жазған кезде қолданылған еді. Яғни бұл ерте кездегі кірме әріптер. Сондықтан бұл әріптің кіруінің дәстүрлі әрі тарихи сипаты бар. Аталған әріптерді жазғанда тілімізге зияны тимейтін болғандықтан, жаңа әліпбиде олар қалдырылып отыр.
Ұсынылған жетілдірілген әліпбидің басқа түркітілді халықтардың әліпбилеріне ұқсас болғанымен, ол – қазақ тілінің әліпбиі болып қалады. Тіл мамандары латын әліпбиіне негізделген халықаралық фонетикалық әліпби деп аталатын таңбалар жүйесі бар екенін біледі. Ол қорға 160-қа жуық таңба – 107 әріп, 52 диакритикалық таңба кіреді. Әр ел осы қордан өз әліпбилері үшін дыбыстарды белгілейтін таңбаларды алады. Ол уникодқа да, ІТ-технологияға да кіреді, әлемге танымалдығы артады.
Жаңадан әзірленген емле ережелерінде күнделікті қолданылатын сөздердің, сол сияқты атаулар мен терминдердің ұлттық сипаттағы үлгісі ұсынылады. Бұл үлгілер мыңдаған сөздердің сауатты жазылуына негіз болып, санада орнығады. Ықшам, оңтайлы жаңа ұлттық жазудың негізі қаланады деп ойлаймыз. Жаңа әліпби мен емле қоғамымыздың жазу мәдениетін арттыру арқылы мемлекеттік тілдің қолданысын жеңілдетеді. Емле ережелері 9 тараудан тұрады. Оның қатарында әріптер емлесі; түбір мен қосымшаның; бірге, бөлек, дефиспен жазылатын сөздердің емлесі; бас әріп пен қысқарған сөздердің емлесі; кірме сөздердің және тасымал емлесін қамтиды.
Алдағы уақытта жаңа әліпби мен жаңа емле бекітілгеннен соң, жұмысымыздың жанданатыны сөзсіз. Ол үшін біздің барлық мүмкіндіктеріміз бар. Тілдерді оқыту орталықтары үнемі арнайы семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіп тұрады. 2020 жылдың өзінде облыс бойынша мыңнан астам оқыту-әдістемелік іс-шаралар өткізіліп, аталған іс-шараларға 26 мыңнан астам адам қамтылды. Тіл мамандары әліпбиді жетілдіру жұмыстарына қатысып, үнемі жаңалықтармен бөлісіп тұрды.
2021 жылы тіл мамандары мен мектеп мұғалімдерін жаңа әліпбимен және емле ережелерімен таныстыру жұмыстары жүргізілетін болады. Ол үшін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» Ұлттық ғылыми практикалық орталығы мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары арнайы бағдарламалар мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеп, өңірлерге жеткізілетін болады. Қостанай облысындағы тілдерді оқыту орталықтарында тиісті тәжірибесі бар мамандар қызмет істейді. Материалдық-техникалық базасы да заманға сай жабдықталған.
Біз латын графикалы әріптердің кеңістігінде өмір сүріп келеміз. Мектепте шет тілдерін үйренеміз – олар негізінен латын әліпбиінде. Математикадағы формулалар, физикадағы халықаралық «Си» өлшем бірлігі, химиядағы элементтердің периодтық жүйесі және басқаларды да латын графикасында. Одан қалды, тізбектей беретін болсақ әлемдік брендтер де латын графикасында. Олардың дыбысталуы жетілдірілген әліпбиде ескерілген. Сондықтан жаңа әліпби мен емле ережелерін үйрену қиынға соқпайды деп ойлаймын.
Ойымды қорытындылап айтар болсам, Тілді реформалау әліпбиді ауыстырып, жаңа ережелерді әзірлеу ғана емес, негізінен азақ тілін реформалау арқылы қазақтың санасын жаңғыртуға, бодандық санадан арылуына бағытталған қадам. Әр істе бірлік еткен озатыны мәлім болғандай, бұл істе де мақсатымызды бір арнаға бағыттай отырып, жұмыла жұмыс істесек нәтиженің де оң болары сөзсіз.
Кенжеғали БИМАҒАНБЕТОВ,
Тілдерді дамыту басқармасының
бөлім басшысы,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.