Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының:«Білім – бір құрал. Білімі көп адам – құралы сай ұста сықылды, не істесе де, келістіріп істейді», – деген сөзі бар. Жан-жақты білімді болумен қатар оны пайдалы іске жарата білу де адамдықтың кесек бір белгісі болса керек.
Ол үшін жасампаз адамның бойында тынымсыз ізденіс пен қажымас қайрат, ерен еңбекқорлық сынды қасиеттердың тоғысуы шарт. Таланты сан қырлы Серікбай Оспанұлының тағы бір туындысы – «Адамгершілік әліппесі» – қолға тигенде, осы бір ойлар санамызда қалқыды. Жасыратыны жоқ, білім беруді алдыңғы орынға қойып, тәрбие мәселесін кейінге ысырып алдық. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесінде рухани-адамгершілік тәрбиесіне басымдық берудің өзектілігі педагогтер қауымына ғана емес, ата-аналарға да, қоғамға да етене таныс. Сөздікке жүгінсек, «адамгершілік – қоғамдық талапқа сай ізгілікті, инабаттылықты білдіретін моральдық ұғым. Адамгершілік тәрбиесі – ізгілікке, инабаттылыққа баулудың жолы». Қарапайым тілмен айтқанда адамгершілік дегеніміз – өзіңе де, өзгелерге де сәулесі түсетін, шарапаты тиетін ізгі қасиеттер жиынтығы және содан туындайтын игі іс-әрекет.
Хәкім Абай: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп, ізгілікке тәрбиелеу көздерін саралап берсе, ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин өз шығармаларын «Әдеп», «Қанағат», «Әділдік», «Жомарт», «Өтіріктің задады», «Жамандыққа жақсылық», «Сараңдық пен жинақылық», «Тәкаппарлық» деу арқылы адам баласы үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғындырып кетті. Ұлт ұстазы Ахмет болса: «Адам үшін ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деп, адамдықтың зоры ұлтқа, елге қызмет қылу екендігін өз ісімен дәлелдеп берді деп айта аламыз.
Серікбай Оспанұлы үшін жұрт ісі, оның ішінде жас ұрпақ тәрбиесі – бәрінен жоғары құндылық.
«Азаматтық,
Адалдық
Әкеледі саған құт!» –
Деп жасады Ахмет
Әліппесін адамдық», –
дей отырып, С.Оспанұлы «адамдық диқаншысы» болған, балаларға арнап тұңғыш «Әліппе» жазған Ахмет Байтұрсынұлы тағылымынан нәр алғызбақ ниетімен аталмыш кітабына ұлт ұстазына қатысты бірнеше өлең енгізіпті. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласындағы: «Біз кезінде ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз.
...Осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», – деген сөздерін келтірген жөн секілді.
Ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі іспеттес осынау тамаша кітаптың таныстырылымы Қостанай қаласындағы «Северный» кітапхана-филиалында өтті. Бұл кездейсоқ таңдау емес. Кітапхана қызметкерлерінің, оның меңгерушісі Р.Тасмағанбетованың С.Оспанұлына деген құрметі ерекше. Мұнда Серікбай Оспанұлына арнайы бұрыш та жасақталған екен. Онда өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер, ақын шығармалары, шығармашылық қызметінің кейбір тұстарын нақтылайтын құжаттары, айталық, «СССР Журналистер Одағының мүшесі», «СССР Жазушылар Одағының мүшесі» сынды куәліктері көпшілік назарына ұсынылған.
Таланты сан қырлы тұлға шығармашылығын зерттеп, зерделеймін деушілер үшін таптырмас дереккөздер шоғырланған бұрышқа мен де біраз аялдадым. Неге десеңіз, Секең туралы сөз қозғау көптен ойда жүретін. Жалғыз мен ғана емес, көпшілік оқырман, келушілер көз тоқтатып, көңіл қояр дүниелер баршылық екен. Әдетте мектеп оқушылары, тіпті мұғалімдер ғылыми жұмыс жазуда тақырып, материал іздеп қиналады. Неге пайдаланбасқа?! Сан қырлы талант иесінің балаларға арналған шығармашылығын немесе оның лирикалық өлеңдерін, я болмаса ғылымдағы жолын зерттеп, зерделеймін деушілер үшін дайын материалдар осында шоғырланған. Тіпті Рәзия Мұхтарқызының қаладағы №22 орта мектеп басшысымен келісімшарт жасасып, оқушылардың талантты ақын, ғалым, ұстаз Серікбай Оспанұлымен тамаша кездесу кешін ұйымдастырып, өткізуінің өзі тегін болмаса керек. Тау тұлғаға деген құрмет-қошеметтің белгісі, оның сан қырлы талантын бағалай білгеннің айғағы дерлік қарекет, әрине.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын», – десе керек. Асыл қазына – кітапты қастерлеу үлгісі, оның ішінде тәлім-тәрбиенің қайнар көзі іспеттес жаңа туынды – «Адамгершілік әліппесінің» тұсаукесері абыз Әбіш айтқандай, адамгершілік ордасы – кітапханада, оның «Шаңырақ» атты клубы мүшелерімен бірге, оның үстіне Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамына орайластыра өткізілуі осынау мерекелік басқосудың шырайын келтіріп, ажарын аша түсті.
Серікбай Оспанұлы адамнан үлкен ат жоқ екенін, адамгершіліктің сипатын балаға түсінікті етіп, қарапайым тілмен, жеңіл жеткізеді. Оны мына бір сөздерінен анық аңғарамыз:
«Жасамасаң жамандық,
Ұят, Намыс, Адалдық,
Сабыр, Әдеп, Қайырым,
Әліппесі адамдық.
Жақсы ісіңнің барлығы-
Адамдықтың белгісі!».
Ыбырай бабасының жолымен Секең де өз өлеңдерінің тақырыптарын «Талап», «Бауырмалдық», «Зейін», «Тәлім», «Еңбекқор», «Ұстамдылық», «Тілалғыш», «Ұятты мен ұятсыз» сынды адами ізгі қасиеттер атауларымен даралап, оқырманды ұлағат әлеміне бойлай түсуге жетелейді. Сондай-ақ жас өренді аң-құс, өсімдік әлеміне елітіп, жұмбақ, жаңылтпаштар, ойындар, ертегі-аңыздарымен де баурап алады.Сөзімізді «Адамгершілік әліппесіне» қатысты тілші-ғалым Дандай Ысқақұлының мына бір сөзімен түйінделік: «Бұл кітап жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беретін түрлі тағылымды ойлардың бір жерге шоғырлануы. Сол арқылы оның мағынасы да, көркемдік өресі де жоғары болып тұр».
Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының
құрметті қызметкері,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.