Кітапхана әлеміндегі 85 жыл

Выпуск - №42(639)   :   25.10.2024
168

7-1

Биыл Л.Н. Толстой атындағы Қостанай ОӘҒК кітапханаларды дамыту бөліміне 85 жыл толды. Кітапханаларды дамыту бөлімінің тарихы 1939 жылдан бастау алады. Кітапхана сол кездің өзінде-ақ облыс кітапханашыларына әдістемелік көмек көрсете бастады. 1950 жылдан бастап облыстық кітапхана жанынан бір жылдық оқушылық курсы ұйымдастырылды.

Алайда кітапханада мұндай жұмыспен айналысатын жеке бөлім болмағандықтан кәсіби әдістемелік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және дамыту жұмыстары бәсең жүргізілді. 1959 жылы әдістемелік бөлім құрылды. Бөлім жұмысы кітапханаларға анықтамалық-библиографиялық қызмет көрсетуді, қоғамдық-саяси әдебиеттерді таратуды ұйымдастыру жұмыстары бойынша іс жүзіндегі көмек көрсетуге бағытталды. 1962 жылы облыстық кітапхана бөлімдерінің жұмыстарын жақсарту мақсатында алғашқы Әдістемелік кеңес құрылды.
Жұмыс істеген уақыты ішінде бөлім ғылыми-әдістемелік бөлімнен 1998 жылы кітапхана маркетингі болып қайта құрылды, ал 2005 жылы қазіргі атауына – Кітапханаларды дамыту бөліміне ие болды. Түрлі кезеңде бөлімде меңгеруші болғандар: А.Ж. Мусафиров, В.А. Лапшин, Г.М. Павлинский, Р.Н. Приемская, Н.В. Пигарева, Л.А. Литвинова, Н.Б. Шорохова, Л.Ф. Гавергова, К.Омарова, Н.Д. Пархоменко, Е.Н. Багрянцева, С.А. Доронина, Г.С. Булатова, Д.М. Шакарова. Қазіргі уақытта бөлімге өз ісінің маманы Айгүл Асылханқызы Ергалиева жетекшілік етеді.
Бұл күндері кітапханаларды дамыту бөлімі 337 мемлекеттік кітапханадан тұратын кітапханалар жүйесіне әдістемелік-ұйымдастырушылық жетекшілік етеді. Қостанай өлкесінің тумасы, кітапхана ісінің үздігі Нәзира Қожахметқызы Дәулетова апайымыз айтқандай: «Кітапхана – әр заманда, әр қоғамда қай халықтың да қасиетті құттыханасы, рухани қазына саналған» құтты мекен Л.Н. Толстой атындағы ОӘҒК өз ісінің мамандары қызмет атқаруда.
Бөлім мамандары кітапханалардың ұйымдастырушылық мәселелерін шешуге, олардың даму стратегияларын қамтамасыз етуге, кітапхана қызметкерлерінің біліктіліктерін көтеруге көбірек көңіл бөледі. Кітапханаларды дамыту бөлімі жоспар бойынша облыс кітапханаларының басшылары, әдіскерлері мен жас кітапханашылары үшін бірнеше семинарлар, басшылық мектептерін, сайыстар мен біліктілікті көтеру мектептерін өткізеді.
Л.Н. Толстой атындағы ОӘҒК кітапханаларды дамыту бөлімінде өзім әдіскер қызметін атқарған жылдары бірге жұмыс істеген, әртүрлі жылдары кітапхана жүйесінің жұмысын реттеп, кітапхана ісін дамыту жолында еңбек еткен басшылар мен әдіскерлер қызметіне тоқталсам.
Үркия Рысжанова мәдениет саласында 40 жыл жұмыс атқарды. Кітапханаларды дамыту бөліміне Үркия Мұхамедиярқызы аға кеңесші қызметіне келіп, кейін әдіскері қызметіне ауысты. Үркия Мұхамедиярқызы 1991 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейінің негізін қалаған, алғашқы директоры болған. Үркия Мұхамедиярқызының тәжірибелік өтілі үлкен. Ұйымдастырушылық қабілеті, шығармашылық ойлауы жоғары. Әріптестерінің ортасында айтарлықтай беделді. Үркия Мұхамедиярқызының жетекшілігімен «Ыбырай Алтынсарин – көрнекті қазақ педагог-ағартушысы» мультимедиялық құралы, «И.П. Щеголихин – белгілі қазақстандық жазушы, қоғам қайраткері», алғаш рет «Кітапхана істерінің панорамасы» әдістемелік құралдары, т.б. семинар жинақтары шықты. Республикалық, облыстық және алыс-жақын шетел кәсіби басылымдарында бірнеше тілде мақалалары жарық көрді. Үркия Мұхамедиярқызы «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталған. 2016 жылы құрмет демалысына шықты.
Л.Н. Толстой атындағы ОӘҒК әдістемелік бөлімінің басшысының бірі Елена Багрянцева да мәдениет саласында 40 жыл жұмыс атқарды. Елена Николаевна 1979 жылы Көкшетау кітапханалық техникумын аяқтаған соң, сол кездегі Урицк ауданына, қазіргі Сарыкөл орталық аудандық кітапханасына әдіскер болып келген. 1982 жылдан 1998 жылға дейін аталған аудандық кітапхананың әдістемелік бөлімінде меңгеруші болған. Л.Н. Толстой атындағы ОӘҒК әдістемелік бөліміне 1999 жылы әдіскер қызметіне алынып, 2006 жылы аталған бөлімнің меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді.
Елена Николаевна орындаушылық қасиетке ие. Қостанай облысының мемлекеттік кітапхана желілері туралы ақпараттарға әрқашан да қанық еді. Өзінің жауапты аудандарына жетекшілік жасап, әдістемелік көмек көрсетті. Дина Маратқызы «Профи» кітапханашы мектебінің негізін қалаған «Кітапхана ісінің негіздері» мектебінің жетекшісі болған. Елена Николаевна 2017 жылы «Кітапхана ісінің үздігі», ал 2021 жылы «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Аталған жылдың шілде айынан бері құрмет демалысында.
Л.Н. Толстой атындағы ОӘҒК әдістемелік бөлімі басшысының бірі Дина Шақарова Л.Н. Толстой атындағы ОӘҒК 30 жылдан астам еңбек етті. Дина Маратқызы аталған кітапханаға 1991 жылдан кітапханашы қызметіне келген. 1985 жылы Қостанай мәдени-ағарту училищесін бітірген. Қостанай қалалық ОКЖ, кейін облыстық кәсіподақ кітапханасында қызмет атқарған. 1991 жылы Челябі мемлекеттік мәдениет институтын аяқтаған. Дина Маратқызы түрлі жылдары әртүрлі қызметтер атқарды: кітапханашы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі «Қостанай облысының кітапханаларын жаңғырту бағдарламасының» құрастырушысы болған. Ол түрлі кәсіби тақырыптардағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан. 2013 жылы «Профи» кітапханашы мектебінің негізін қалады. 2015 жылдан бері зейнеткерлікке шыққанша кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі болды. 2006 жылы Мәдениет департаментінің Құрмет грамотасымен, 2017, 2018 жылдарда ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2010 жылы жаңғырту қорытындысы бойынша Мәдениет басқармасының грамотасымен, 2022 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңғы» төсбелгісімен марапатталған. 2023 жылдан бері зейнеткерлік демалысында.
Галина Бурцева мәдениет саласында 42 жыл қызмет атқарған, өз мамандығына берілген білікті маман. Қостанай мәдени-ағарту училищесін аяқтаған соң, еңбек жолын Боровской ОАК қызмет көрсету бөлімінде бастаған. «Знание» қоғамдық аудандық партиясының жауапты хатшысы болған. 1990 жылы Боровской ОАК директоры болып тағайындалып, 8 жылдай осы қызметті атқарған. Л.Н. Толстой атындағы ОӘҒК әдістемелік бөліміне 2007 жылы шілде айында аға кеңесші болып келген Галина Аркадьевна 2016 жылдан бастап сектор меңгерушісі қызметіне ауысқан. 2021 жылы Галина Аркадьевна Қазақстандық кітапханалық одақтың «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін иеленді. 2024 жылдың сәуір айынан бастап құрмет демалысына шықты.
Қазіргі таңда кітапханаларды дамыту бөлімінде жаңа буын әдіскерлер жұмыс атқаруда. Олар бөлімде қалыптасқан дәстүрді, жұмыстарды жалғастыруда. Кітапхана әдіскерлері өз көкжиектерін кеңейтуді, жұмыстың жаңа технологиялары мен әдістемелерін меңгеруді, сондай-ақ кітапханалар мен қоғам арасындағы байланысты нығайту жолдарын іздеуді жалғастыруда. Олардың өзгерістерге бейімделу қабілеті мен тұрақты дамуға деген ұмтылысы кітапханаларды тек кітап сақтайтын орынға ғана емес, мәдени өмір мен білім беру орталықтарына айналдырады. Әдіскерлердің күш-жігерінің арқасында кітапханалар сауаттылықты, сыни ойлауды және мәдени хабардарлықты дамытуға ықпал ете отырып, қазіргі қоғамның ажырамас бөлігі болып қала береді.

Гүлжанат ӘМІРХАМЗИНА,
Л.Н. Толстой атындағы
Қостанай ОӘҒК
кітапханаларды дамыту
бөлімінің әдіскері

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.