Қостанайда Ыбырай ұстаздың ескерткіші орнатылды

Выпуск - №44(440)   :   10.11.2020
737

«Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп осы күнді айтсақ ләзім. Қостанай қаласының қақ төрінде – Ы.Алтынсарин көшесінің бойындағы орталық саябақтың кіреберісінде ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің еңселі ескерткіші бой көтерді.

Ескерткіштің ашылу салтанаты қарашаның 2-сі күні өтті. Дәл осы датаның таңдалу себебі де жоқ емес. Неге десеңіздер, ескі күнтізбе бойынша қазанның 20-сы, жаңа күнтізбе бойынша қарашаның 1-і – Ыбырай Алтынсариннің туған күні. Биыл ұлт ұстазының дүниеге келгеніне 179 жыл толып отыр. Ескерткіштің әуелі Қостанай облысының орталығында орнатылуы мерейлі 180 жылдығына орай жүзеге асатын игілікті істердің бастамасы. Бұл іске ыбырайтанушылар мен ағартушылар, педагогикалық еңбек ардагерлері мұрындық болған.



Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, қала әкімі Қайрат Ахметов, белгілі зиялы қауым өкілдері – Ақылбек Шаяхмет, Серікбай Оспанов, Әсия Беркенова, қоғам қайраткерлері және ардагер ұстаздар қатысты. Ал шараны облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жүргізді. Ардагер ұстаз демекші, олардың алдыңғы қатарында салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде Беген Көпеш ағамыз келіп, құттықтау лебізін жеткізді. Ол кісі кезінде Ыбырай Алтынсарин кірпішін қалаған алғашқы білім ордасы – қазіргі Ы.Алтынсарин есімін иеленген дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі. Кейін тағдырдың жазуымен дәл сол мектепте жылдар бойы қызмет етіп, директорлық шеніне дейін көтерілген ардагер ұстаз.



– Бүгін біздің облыста тәрбиелік мәні зор, ерекше мереке. Өзім Ыбырай атамыз 1984 жылы салып кеткен мектептің түлегімін. Сол білім ордасы менің екінші үйімдей болып кетті десем артық айтпаған болар едім. Ыбырай Алтынсарин мүлгіген қазақ даласын қоңырау үнімен оятып, жастарды оқу мен білімге шақырды. Қоладан құйылған мүсінде ұстаздың осынау өмірлік ұраны бейнеленген. Барша ұстаздар және өз атымнан осы игілікті іске ат салысқан іні-қарындастарыма, мүсінші жігіттерге алғысымды білдіремін, – дейді Беген Қаженұлы.


Ескерткіштің өзіне келер болсақ, ол мүсіншілер ақтөбелік Жеңіс Жұбанқосов пен елордалық Тоқтар Ермековтың бірлесіп істеген жұмысы. Мүсіннің биіктігі – 2,75 метр, тұғырының биіктігі – 1,90 метр, ал салмағы 2 тоннаны құрайды. Жеңіс Рахымжанұлының айтуынша, ең әуелі мүсіннің екі жобасы таныстырылған. Сөйтіп көпшіліктің көңілінен шыққан осы жобаны әрмен қарай жетілдіру жұмыстары басталған.


Еңселі ескерткіштің орнатылуына тікелей қатысы бар тұлғалар – ардагер ұстаз Беген Қажен мен мүсінші Жеңіс Жұбанқосов

– Ізденіс жүргізіп, мүсіннің жобасын жасауға жарты жылға жуық уақытымызды жұмсадық. Сөйтіп кеңес отырысына ұсынған екі жобаның ішінде осы жұмыс таңдалып, мақұлданды. Көріп отырғандарыңыздай, ескерткіште екі мүсін – Ыбырай ұстаз бен оның шәкірті бейнеленген. Ол ағартушы тұлғасын толық бейнелейді. Мүсінді балшықтан жасау үшін 2 ай уақыт, ал қоламен құю жұмыстарына небәрі 10 күн кетті. Екі мүсінші жасағаннан кейін жұмыстың сапасы да көрінеді ғой. Бір мүсінге күн сайын қарасаң да, кейде олқылықтарын байқамай жатасың. Ал төрт көз қарап, төрт қол жұмыс істегесін жұмыста кінәрат болмауы тиіс, – дейді Жеңіс Жұбанқосов.

Салтанатты жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов шараның маңыздылығына тоқталып, өңірде ағартушының мерейтойына қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.



– Қазақ даласында білімнің шырағын жағып, халқымыздың өркениет әлеміне түбегейлі бетбұрыс жасауына ықпал еткен бірегей тұлғаның ататын орны ерекше. Ағартушының келесі жылы атап өтілетін 180 жылдық мерейтойы бүгінгі ескерткіштің ашылу рәсімінен бастау алады. Біз бұл айтулы датаға үлкен дайындықпен кірісеміз, – деп атап өтті Архимед Бегежанұлы.



Ұлт ұстазының туған жері Алтынсарин ауданындағы, Мезгіл елді-мекенінде орналасқан Омар құдығы және Қостанай ауданындағы мемориалдық кесенесі Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілді. Биыл екі нысанда да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Әсіресе Ы.Алтынсарин кесенесінің сәулеті жаңарып, бүгінде оған еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер саны артып келеді. Өңір басшысы мәлім еткендей, Ыбырай Алтынсарин көшесінің бойында орналасқан 14 көпқабатты үйдің қасбеттері мен шатырлары жаңартылды. Сондай-ақ сол көшедегі ұзындығы 2 шақырымды құрайтын тас жолдың жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 900 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.



Ескерткіштің ашылуы көптен күткен жаңалық болғаны рас. Дегенмен айналасындағы мәселені көзі қарақты оқырман естіп, біліп, көріп отырғасын айтпай өтуге болмас. Ескерткіштің тұғырындағы Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңінің бір шумағындағы пунктуациялық қатені, нақтырақ айтсақ қойылмай кеткен қос үтірді көріп, жауапты тұлғалардың сауатсыздығын бетіне басып жатқандар аз емес. Игілікті іс тасада қалды да қойды. Бұндай өрескел қатенің жіберілу себебі мен жөнделу уақытын сұрағанымызда Қостанай облысы мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов бұл мәселемен жауапты тұлғалардың айналысып жатқандығын және жақын арада шешімі табылатынын жеткізді. Енді Ы.Алтынсариннің ескерткіші елордамыз бен Алматыда да орнатылады деп жоспарлануда.


Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

 

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.