Мұражайда өткен тағылымды жиын

Выпуск - №43 (389)   :   14.11.2019
145

Халқымыздан шыққан алғашқы ағартушы, жарқыраған білім жұлдызы, Қостанай өлкесінің тумасы – Ы.Алтынсариннің халқына жасаған қызметін насихаттау мақсатына мұражай қызметкерлерімен бірге оқу орындарының оқытушылары де белсене ат салысады.

Қостанай қаласындағы облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайында ағартушының өмір жолы мен қызметін насихаттаудан басқа да жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы дерлік мемлекеттік бағдарламалармен тығыз байланысты. Мәселен, мұражайда «Шежіреге айналған жандар» деген қабырға бар. Онда Қостанай өнірінен шыққан мемлекетіміздің нығайуы мен өркендеуіне үлес қосқан әр саланың майталман мамандары мен еліміздің үлгі тұтар тұлғаларының тізімі жазылған. Мәдениет ордамызда ашылған «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты көрмеде сол кісілердің еңбек жетістіктері насихатталады.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті тарих факультетінің оқытушылары – Өтеген Исенов, Рауан Байдалы және Қуаныш Бектұрғанов жылма-жыл 1-курсқа қабылданып, студент атанған балаларды ағартушының жасаған қызметі мен өмір жолымен таныстыру мақсатында Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайына экскурсияға әкеледі. Ағартушының ғұмырбаяны мен атқарған қызметін тану, жасаған еңбегін білу мақсатын көздеп келген студенттер, оның елге беймәлім қырларын тануға ынталы. Жоғарыда есімдері аталған ұстаздардың шәкірттері мұражайымызда Ы.Алтынсариннің 178 жылдығына орай, тарихта болған «Қазақ ұстазы мен Ресейдің халық ағарту министрімен кездесуі» көрінісін сахналап шықты.

1876 жылы Орынбор ведомствосына қарасты қазақ халық ағарту ісінің жағдайларын тексеру үшін Ресейдің оқу министрі Д.Толстой Орынбор өлкесіне келеді. Оның келетінін білген Н.Ильминский Ы.Алтынсаринге хабар жібереді. Ағартушы осы кездесуге келіп, кездесу үстінде өте салмақты және өзін графпен тең дәрежеде ұстаған. Бұл жөнінде Н.Ильминский «Алтынсаринді еске алу туралы» деп аталатын жазбаларында жазған. Сонымен қатар, Қазақ ССР Ғылым Академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институты шығарған Ы.Алтынсарин жайында 3 томдық кітаптың 311-327 беттерінде кездесу нақты жазылған. Осы деректерді оқи отырып, қойлым сценарийі жазылған-тын.

Сценарий бойынша Ыбырай Алтынсарин Ресей оқу министріне мектеп ашу, оларды оқу құралдарымен жабдықтау мәселесіне тоқталып, сауатты, білімі жоғары, мұғалім-оқытушылардың қатарын көбейтуді мақсат ететінін айтып, кейін өзінің ашқан мектептері туралы, қазақ балаларының оқу деңгейі жайында сөз етіп, елінің зейінді, алғыр, оқуға ынталы жас ұрпағын мақтанышпен атап өтеді.

Граф Д.Толстойдың: «Қарамағыңыздағы оқытушы-мұғалімдер сізді қатты бағалайды деп естідім. Олар сізді қатты құрметтеп, жақсы көреді дейді. Мұның сыры неде, Алтынсарин мырза?», – деген сауалына: «Аса мәртебелі мырза! Сіз мені асыра бағалап жібердіңіз. Мадақтау бір Жаратушымызға ғана жарасқан. Расында, мен өзімнің шәкірттерімді және ізбасарларымды, өзім тағайындаған мұғалімдерді қатты жақсы көремін. Олар менің барлық жасап жатқан істерімді қолдап, оны бірге атқарысып келеді. Барлығы еңбек етуге дайын. Оқулықтар тапшы, одан соң материалдық, әлеуметтік тұстарын да жөндеп берсем деген себептермен өз алдыңызға келіп тұрмын», – деп, оған бар жағдайды бүкпесіз баяндайды.

Білімді, туған халқына жанашыр Ыбырай Алтынсаринге елі сенім артып, сүйеніш тұтты. Ал, ол болса: «Жас ұрпақ білімі арқылы жарқын болашақты жасайды», – деп, сол жолда қызмет етті. Кездесуден соң 1879 жылы өмірінің соңына дейін халық ағарту инспекторы болып тағайындалды. «Қазақ елінің тағдыры – білімді жастардың қолында» деп санаған Ы.Алтынсарин жастарға білімнің сара жолын ашып берді. Бүгінде ұстаз арманы орындалып, жастардың білім мен ғылым саласындағы жетістіктерін мақтанышпен айта аламыз.


Шынар ДОСМАҒАМБЕТОВА,
Облыстық Ы.Алтынсарин
мемориалдық мұражайы
қызметкері,
Қостанай қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.