Отбасы мен балалық шақты қолдау

Выпуск - №28-29 (525-526)   :   16.08.2022
457

Қазіргі кезде елімізде экономикалық және әлеуметтік қиындықтар орын алғаны бәрімізге белгілі. Халықтың көпшілігі жұмыссыз болғандықтан, әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың саны аз емес. Ол баланың толық білім мен тәрбие алуын тежейтіні мәлім.

Бүгін сіздермен ой бөліскелі отырған тақырыбыма тоқталсам, ол әлеуметтік жетімдік мәселесіне арналмақ. Конвенцияда: «Әрбір бала өз отбасында, ата-анасымен бірге өмір сүруге құқылы», – деп көрсетілгенімен, баланың барлығы мұндай мүмкіндікке ие бола алмайды. Ата-анасы бар болса да, олар түрлі себептермен балаға қатысты міндеттерін орындай алмаса, бала «әлеуметтік жетім» мәртебесіне жатады. Балалардың әлеуметтік жетім болуы әке-шешелерінің ата-аналық құқықтарынан айырылуы, материалдық, тұрмыстық жағдайдың төмен болуы, ата-аналарының бас бостандығынан айырылуы және баланың некесіз тууы себеп бола алады. Әлеуметтік жетімдіктің тағы бір басты себебі – ата-ананың ішімдікке салынуы.

Мен әлеуметтік педагог болып жұмыс істеген 10 жыл ішінде «әлеуметтік жетімдік» мәртебесіне ие болған оқушылар саны уақыт өткен сайын азаймай отыр. Қиын жағдайға ұшыраған балалармен жұмыс істеу барысында әлеуметтік педагог баланы және оның отбасын жан-жақты зерттейді, оның жағдайын, тығырықтан шығу жолдарын қарастырады, жоспарлайды. Қиын жағдайға тап болған баланы демеу оңай жұмыс емес. Мұндай жағдайда оны рухани тұрғыдан қолдап, өзіне деген сенімділігін ояту, алдағы уақытта бәрі жақсы болатынына сенімін күшейту қажет. Осындай жұмысты атқару үшін әлеуметтік педагог белгілі бір білім жинақтаған, адамдармен тіл табыса алу, баламен жұмыс істей алу қабілетімен, педагогикалық икемділікпен қаруланған болуы керек. Сонымен қатар әлеуметтік педагог адамгершілік қасиетті бәрінен биік қоюы тиіс.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қаламыздағы өмірдің қиын жағдайына тап болған жасөспірімдерді қолдау орталығында әлеуметтік мәртебесі анықталғанша немесе отбасына қайтарылғанша тәрбиеленеді. Ондай жасөспірімдерді мемлекет қамқорлығына алып, барлық жағдай жасалады. Бірақ анасының аялы алақаны мен әкесінің қамқорлығын бұл мекемеден ала алмайтыны бәрімізге белгілі. Мемлекет тарапынан түрлі қолдау мен көмек көрсетілгенімен, ата-анасының орнын тәрбиешілер алмастыра алмайды. Менің тәжірибемде жеке басын анықтайтын құжаты жоқ балалар да кездесті. Олардың барлығы да бүгінгі күні Туу туралы куәлігін алды. Әрине, құжат дайындау оңайға соққан жоқ. Себебі ата-аналар түрлі сылтау айтып, қажетті қағаздарды уақытылы тапсырмайды. Баланы қамқорлыққа алу және әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде кездескен көптеген қиындықтарды шешу барысында білім бөліміндегі бала құқығын қорғайтын мамандардың көмегімен шешіледі.

Біздің білім ошағымызда бала құқын қорғау мақсатында өткізілген игі шаралар өз дәрежесінде өткізіліп келеді. Қамқоршылар күні еліміздегі кенже мерекелердің бірі болса да, №10 орта мектебінде бұл мерекені атап өту дәстүрге айналған. Қамқоршылар күнінің негізгі мақсаты: отбасы ынтымағын нығайту, адамзаттың назарын әлеуметтік жетімдік қиындықтарына аудару. Сондай-ақ ата-анасыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған қамқоршыларды құрметтеу, мадақтаумен қатар олардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау көзделеді.

Қоғамдағы ең басты дәстүрлі тәрбие институты отбасы саналады. Бала отбасынан алғанын болашақта барлық өмір жолында есінде сақтайды. Балаға жақсы көретін, мейірімді отбасының беретінін ешкім де бере алмайды. Міне, сондықтан да Қамқоршы күні мерекелік іс-шара ғана емес, сонымен бірге зор ақпараттық-түсіндіру жұмысының рөлін атқарады. Қамқоршылардың арасында Майорова Ольга Николаевнаны ерекше атап өткім келеді. Ольга, бір жылдың жүзі болды, қамқорлыққа үш бала асырап алып, бүгінде көпбалалы анаға айналды. Өз кезегінде, қамқоршы қамқорлыққа бала алудың қиыншылығымен қатар қуаныш сыйлайтын жақтарының көп екенін жасырмайды.

Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу – бүгінгі күні мемлекетіміздің басты саясатының бірі. Баланы отбасына қайтару жұмысы мамандар тарапынан қолдау тапқанымен, балалардың әке-шешесінің тарапынан қолдау таппай отыр. Мамандар мен әлеуметтік педагогтер бала үшін ата-ананың, туысқандарының, яғни отбасының алатын орны ерекше екенін, баланың басты құндылық деп ата-ананы санайтынын қалың жұртшылыққа насихаттаса, әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бір қадам жасалар еді. Жетім баланың саны азайса, балалар үйінің саны азайып, есігі жабылар еді. Жетімдердің отбасына берілуіне, яғни азаюына әрқайсымыз үлес қосуымыз керек.

Кез келген санаттағы балалармен жұмыс барысында әлеуметтік педагог психологтың, мектеп инспекторы, мектеп медбикесінің және көптеген мамандардың көмегіне жүгінеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірлескен жұмыс нәтиже берері сөзсіз. Бала – біздің болашағымыз. Егер біз бүгін бала тәрбиесіне немғұрайды қарайтын болсақ, онда ертеңгі күніміз бұлыңғыр болмақ. Сондықтан әр сәби, әр баланың тағдыры біздің назарымыздан тыс қалмауы керек.


Бақыткүл ЕСІМСЕЙТОВА,
№10 ЖББ мектебінің
әлеуметтік педагогі,
Арқалық қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.