Шолақсай жалпы білім беретін мектебінде мектеп оқушылары мен жас мамандардан құралған еріктілер тобы бар. Аталмыш топ жастарды адам өсіріндегі адамгершілік қасиеттердің маңызын жақсы сезініп, айналасында болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамауға тәрбиелеу мақсатын көздейді.
Оқушыларды қайырымдылыққа, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, кішіге қамқор, үлкенге құрметпен қарап, ізетті болуға тәрбиелеу – бүгінде ата-анамен қатар ұстаздардың да міндеті. Үлкенге құрмет көрсете алатын оқушы сыныптас құрбыларының қадірін біледі, өзара сыйластық орнатады, ата-баба салтын қастерлеуге тәрбиеленеді, адамгершілікті де жақсы түсінеді. Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. «Ұл тәрбиелей отырып – жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» деп халық даналығында бекер айтылмаса керек.
Халқымыз ерте кезден-ақ адамгершілікті, әдепті жоғары бағалай білген. Бұл мақсатта арнайы құрылған жоспар бойынша еріктілер тобы Шолақсай ауылында тұратын жалғызбасты аналарға, әкелерге қолұшын беріп, көмектесіп тұрады. Еріктілер тобы атауын «Таза жүрек» деп қойған. Яғни, жүректері таза, адал ниетті жастар қолынан келгенше көмек қолын созуға әзір. Топ жетекшісі – мектептің аға тәлімгері Алма Искакова. Дархан пейілді топ құрамында 8 ер бала, 6 жас ұстаз бар. «Ауылдағы жалғызбасты ана мен әкелеріміздің әлеуметтік және тұрмыстық проблемаларына жедел әрекет етіп, көмек қолын созатын еріктілер тобын құруды ұйғардық. Еріктілер тобы отбасыларға қысқы уақытта үйдің маңайындағы қарын аршып, қысқы отынын дайындап, қорадағы шатырын, ауласын тазалап беруге көмектеседі», – дейді мектеп директорының тәрбие ісінің меңгерушісі Гүлжанат Карбаева.
– Қазанның 14-і күні ауылымыздағы Тамара Боблева деген әжейге бардық. Көмекке зәру жандарға қол ұшын созуға бағытталған бастаманы бірауыздан қолдадық. Әжейдің үйіне қажетті құрал-саймандарымызды жинап, бардық. Біздің топ, осындай отбасыларға, үйдегі ауыр тірлікті істеуге шамасы жетпейтін әже-аталарымызға көмектесуге дайын. Сол күні жақсы жұмыс істеп, әжейдің көңілін де көтеріп тастадық, – дейді топ мүшесі Дамир Тұяқбаев.
«Тимуршылар» командасы деген баяғы Кеңес Одағы кезінде кең таралған үрдіс еді. Ол кезде де мектеп оқушылары жалғызбасты қарт ата-әжелердің үйлеріне барып, қолғабыс көрсетіп, суын тасып, отынын жарып, үйін тазалап, әктеп беретін. Көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуды өз ұранына айналдырған шолақсайлық жастардың қазіргі аяқ алыстары мақтауға тұрарлық. Жастық шақтарын ел мен жердің гүлденуіне арнап, маңдай терін төккен ардақты аталар мен ақ жаулықты әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі буынның басты парызы болса керек. Мұғалімдердің мектеп оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеп, саламатты өмір салтын, тазалық мәдениетін насихаттау және үлкендерге құрмет көрсету мақсатында атқарған жұмыстары еріксіз жаныңды жадыратады.
Алдағы қыс қарсаңында кейбір шаура жұмыстары қарбаласқа түсіретіні анық. Жалғыз тұратын қарт кісілердің немесе көмекке мұқтаж жандардың жұмысы қиындай түспек. Осындайда оқушылардан құрылған қайырымдылық топтың көмегі ауадай қажет. «Бүгін өзім балаларға қатты риза болдым. Ағашымды жарып, бау-бақшамды жинастырып берді», – дейді әжеміз Тамара. Қоғамның іргесін нығайту үшін бүгінгі жас буынға үлгілі, өнегелі тәрбие беру, елжандылыққа баулу – мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттерінің бірі. Ал жас азаматтардың бойында белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруда ардагер ата-апаларымыздың өмірі мен еңбек жолы таптырмас үлгі. Олай болса «Таза жүрек» еріктілер тобы адами құндылықтарды сөзбен емес, іспен дәлелдеп, үлкендердің батасын алып, алғысына бөлене берсін дейміз.
Аслан БАЙДУЛЕТОВ,
Шолақсай ЖББМ
Науырзым ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.