Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде педагог, жазушы, аудармашы Спандияр Көбеевтің 145 жылдығына арналған «Ұстаз – ұлағат иесі» атты көрме ашылды. Ол – ұстазы Ы.Алтынсариннің педагогикалық идеяларын әрі қарай жалғастырған жан.
Спандияр Көбеевтің жеке заттары мен құжаттары қойылған көрменің салтанатты ашылу рәсіміне ұстаздың шөбересі С.Көбеев және ыбырайтанушы, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Спандияр Көбеевтің еңбегін зеттеуші Биалаш Сүйінкина қатысты. Ағартушы Ы.Алтынсариннің бала Спандиярға: «Оқы, балам! Жақсы оқы!», – деп айтқан сөзі жас оқушының болашағына жол сілтеп, оны өмір бойы өзгелерге білім нәрін беріп жүру қызметіне бағыттады.
Спандияр Көбеев 1878 жылы қазан айының 1-інде қазіргі Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. Жас баланың үлкен ынтасын байқаған әкесі мен анасы Ыспанжанды оқытсақ деп армандайды. Осындай оймен жүргенде Сауытбай ауылында мектеп ашылғанын естіп, 1887 жылдың желтоқсан айының 10-ында оқуға баратын болып тіркеледі. Айтылған күні әкесі мен баласы мектепке келгенде Көбей мен Спандиярдың орнына бай баласы алынғанын және бұл мектеп кедейлерге арналмағанын хабарлайды. Осы оқиғаның үстінен түскен Ыбырай Алтынсарин «бұл – қазақ балаларына арналған ортақ мектеп» екенін айтып, С.Көбеевті мектепке оқуға алдыртады.
С.Көбеевтің мектептегі алғашқы күні осылай басталады. Бұл мектептен кейін 1892 жылы Қарағайлыдан ашылған 4 жылдық мектепте білім алады. Аталған мектептің ерекшелігі – орыс-қазақ балалары бірге оқитын болған. 1895-1897 жылдар аралығында инспектор Ы.Алтынсарин салдырған Қостанай орыс-қазақ мектебінде білім алады. С.Көбеев жақсы ұстаз болу мақсатымен үнемі білімін ұштап отырады. Ол Қостанайда ашылған екі жылдық педагогикалық курсты, кейін Омбыда ашылған бастауыш мектептің оқытушыларына арналған бір айлық ауыл шаруашылық курсын аяқтайды.
Ұстаздық жолын Ырғыз уезіндегі Толағай болысына қарайтын Кішіқұм деген жерде бастады. Осы ұмытылмас сәтін Спандияр Көбеев былай деп еске алады: «Бұдан 49 жыл бұрын, 1901 жылы 15 августа оқытушы болып тағайындалып, сонау Кішіқұмдағы екі жылдық ауылдық мектепте сабақ бере бастаған екем. Сол күннен бастап, күні бүгінге дейін менің оқытушылық жұмысымның жібі үзілген күні болмапты. Осы 49 жылдың ішіндегі 558 ай, яғни 17640 күннің ішінде 55 мыңнан артық сағат уақыт балаларға сабақ берген екем. Есептеп қарасам, үш мыңдай бала алдымнан өтіпті, демек, 49 жылдың ішінде үш мыңдай бала оқытыппын».
Петропавлдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінде, Ұзынкөл ауданы Федоров кентінде ашылған орыс-қазақ мектептерінде де жұмыс істеген. Спандияр Көбеевтің шығармашылық жұмысы Крыловтың мысалдарын аударумен басталды. Ал алғашқы жеке шығармалары 1910 жылы Қазан қаласында «Үлгілі тәржіме» деген атпен қазақ тіліне аударылған И.Крыловтың мысалдарының жинағы басылып шықты. «Үлгілі бала» хрестоматиясы педагог Ушинскийдің «Родное слово» үлгісімен 1912 жылы құрастырылған. Жазушы С.Көбеевтің шығармашылығында «Қалың мал» романы ерекше орын алады. 1951 жылы жазушының соңғы «Орындалған арман» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап жазушының көрген-білгендері, басынан өткендері туралы, әр кездегі ойлары – яғни, С.Көбеевтің биографиялық мемуарлық еңбегі саналады.
1939 жылы С.Көбеев тұңғыш рет Москва қаласына барады, оқу-ағарту саласындағы көп жылдық еңбегі үшін С.Көбеевтің кеудесіне Ленин орденін тағады. Қарт оқытушы Москва радиосынан қазақ мұғалімдерінің атынан сөз сөйлейді. Бұл күндер ұстазға жаңадан мол күш-қайрат, жігер береді. Ұстаз 1944 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды. Ал, 3 жылдан кейін Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының депутаты болды. Ұстазы Ыбырай Алтынсариндей өшпес ізін қалдырып, Қарқын, Құмтөбе, Шолақсай, Қамыстыкөл, Ұялысай, Ақсуат мектептерінің іргетасын қалады.
Қарт ұстаз Спандияр Көбеев өзінің 75 жасқа толуына арналған мерейтойында: «Тәлімгерім Ы.Алтынсариннің кеңесімен ұстаз болдым. Осы қуанышты күнде, мен – ұстазым Ы.Алтынсаринді ризашылықпен еске аламын», – деген екен. Өмірінің соңына дейін ұстаздық пен жазушылықтан қол үзбей, 1956 жылы желтоқсанның 2-сінде 78 жасында жарық дүниемен қоштасты.
Назгүл ТӨКЕНҚЫЗЫ,
Қостанай облыстық
Ы.Алтынсарин мемориалдық
музейінің бас қор
сақтаушысы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.