«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды», – деген Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінгі еліміздегі тіл ахуалына зер салсақ, өкінішке қарай, мемлекеттік тілдің емес, орыс тілінің бағы жанып, мерейі асып тұрғанын байқаймыз.
«Неге?» деген орынды сауал туындайды. Тіл туралы заңның өзге тілдің мәртебесін «кемсітуді» жөн көрмегендігінен бе екен? Әлде халықтың тіл үйренуге деген ынта, ықыласының болмауынан ба? Немесе қазақ тілін үйрену қиын ба я болмаса оқыту әдістемесі кемшін бе? Сұрақ көп... Мемлекеттік тіл туралы жеке заңның қажет екенін алға тартып жүрген Қазыбек Иса сынды азаматтарымыз да жоқ емес. Тіл тағдыры бірлі-жарым адамдарды ғана емес, тұтас қауымды толғандырса, жағдай өзгеше болар еді-ау дейсің. Себебі тіл тағдыры – ел тағдыры.
Елдік мәселені ел болып шешуіміз керек. «Еліміздің мемлекеттік тіліне деген қажеттілік туғыза алмай, міндеттей алмай отырмыз» деген сөздер де жиі айтылып қалады. Осы сөздердің қай-қайсысының да жаны бар. Еліміздің бас тілі делінгенмен, қазақ тілін білгізуде солқылдақтық таныттық. Өзгелерді ренжітіп алмайық деп, жылдар бойы түсінікті тілде сөйлеуді жөн көрдік. Ал қатаң талап қойылмаған жерде істің алға басуы неғайбыл. Одақтан ажыраған өзге, айталық, Балтық жағалауы елдері «Тіл полициясын» құрып, өзге де қатаң талаптарын көлденең тартып, мемлекеттік тілдерін әлдеқашан тұғырына қондырып алды.
Еліміздің тіл жанашырлары мемлекеттік тіл енді қашан өз тұғырына қонар екен деп армандаумен келеді. Армандау демекші, қоғам белсендісі, нағыз тіл жанашыры Владислав Тен деген азаматтың: «Мен барлық қазақстандықтардың қазақша сөйлегенін армандаймын», – деуінің өзі неге тұрады! Ал армандар орындалуы үшін, табанды іс-әрекет қажет. Әсіресе, тілді оқыту ісі мықтап қолға алынуы тиіс. Неге десеңіз, мектепте қазақ тілі он бір жыл бойы оқытылады. Тілді меңгеруге аз уақыт емес. Сөйте тұра, айтар ойын қазақ тілінде жеткізбек түгіл, екі сөздің басын қоса алмайтын мыңдаған түлектеріміз жыл сайын жаңа өмірге қанат қағуда. Олардың орыс тілділердің қатарын қалыңдатып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын тарылтуға «үлес қосып» жатқаны ащы да болса, шындық. Әрине, орыс тілді мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдеріне жүктелер жауапкершілік салмағы сезіледі.
Өзім де ұзақ жылдар бойы орыс тілді дәрісханаларда қазақ тілі пәнін жүргіздім. Сөздің шыны керек, сөйлеуге емес, қазақ тілінің грамматикасын меңгеру, мәтінді сөздікпен аудару, өлеңді жатқа айту, сұраққа жауап беру сияқты жұмыс түрлеріне ғана көңіл бөлдік. Сөз төркініне орай, Глеб Пономарев деген азаматтың (қазақстандық көсемсөзші, PR-маман және блогер) әлеуметтік желідегі мына бір пікірін келтірсек, артық болмас: «Я 11 лет учил казахский язык в школе. Но проблема в том, что нас обучали не языку, а филологии. Мы зубрили названия падежей и залогов глагола, но как ими пользоваться нам не показывали. Нас заставляли учить стихи и тексты, часто не давая перевода. К сожалению, интереса к обучению это не добавляло». Алып-қосары жоқ ақиқат, шынайы пікір. Оның топшылауынша, еліміз қазақ тіліне 10-12 жылда толығымен көшеді.
Бүгінде де тіл мамандарының басты кемшілігі – оқушының сөздік қорын байытуды, сөйлеу тілін дамытуды мақсат етпеуінде. Оқушының мектеп қабырғасынан тілді үйренбей шығудың басты себептерінің бірі осы екенін мойындауымыз керек. Тілді үйрете алмаған өзімізді емес, бағдарламаны, сол бойынша жазылған оқулықты кінәлаймыз. Мәтіндері үлкен, күрделі, түсінуге, мазмұндауға қиын деп жатамыз. Бірақ қиыннан жол тауып, тиімді әдіс-тәсілдерімен біршама жетістіктерге қол жеткізген, жеткізіп жүрген әріптестерімді білемін. Олардың саны көп те емес. Кезінде Рудный қаласындағы №12 орыс мектебінде әрі қалалық білім бөлімінде қызмет ете жүріп, қазақ тілін тиімді оқытудың әдістемесін жасаған Гүлжиһан Айдаралиеваны білмейтіндер өңірде кемде-кем.
Гүлжиһан Қазтайқызының ерекше әдістемесін аталмыш қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы педколледждің филология факультетінің оқытушылары да мақұлдап, болашақ мамандардың тілді оқыту үдерісінде пайдалануына жол ашты. Практика барысында Гүлжиһан Қазтайқызының сабағына қатыса жүріп, мұғалімнің оқушылардың тілдесіміне, тіл дамытудың диалог, монолог сияқты түрлеріне көбірек көңіл бөлетінін көрдік. Тіпті, жақсы үлгеретін оқушыны тақтаның алдына тұрғызып қойып, оған сұрақтар қойғызатын тәсілі қатысып отырған студенттерімізді қызықтырды. Сыныптасының тақырып бойынша қойған түрлі сұрақтарына оқушылардың белсенді жауап беруі тіл үйрену процесін жандандырып, сөйлеуге ынталандыра түсетініне көз жеткізді. Сондай-ақ әріптесіміз жиі қолданатын тірек схемамен жұмыс та оқушының сөйлеу машығын шыңдай түсетін жақсы әдіс екеніне күмән келтірмедік. Г.Қ. Айдаралиева облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарында да өз тәжірибесімен бөлісіп жүрді. Бүгінде Қостанайда тұрып жатқан ардагер ұстаздың қазіргі тілді оқыту жайына көңілі толмайтынын мына сөздерінен аңғарамыз: «Мектепте оқитын екі немереме қазақ тілінен үй тапсырмасын орындауға көмектесемін. Байқайтыным, пән мұғалімдері оқушыны сөйлетуге мән бермейді. Шәкіртінің жаттанды жауабын қанағат тұтады, эссе жаздырады. Ал үйге жазып келуге жүктелген эссені оқушының қалай орындайтыны белгілі».
Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін саналы түрде меңгертуге күш салатын тағы бір әріптесім Қостанайдағы М.Горький атындағы гимназияда ұстаздық етеді. Шетел әдістемесі үлгісімен жұмыс істейтін Сәния Ақмұхамедовадан: «Қиын мәтіндерді қалай оқытып жүрсің?», – деп сұрағанымда, ол оқыту тәсілін былайша түсіндірді: «Шынында да, оқулықтардағы материалдар көлемді, түсінуге қиын. Айталық, бір модульде ортақ тақырып төңірегіндегі, мазмұны әртүрлі 8-12 мәтін топтастырылады, бірақ олардың әрқайсысына тек бір-екі сағаттан бөлінген. Бір-екі сабақтың үстінде күрделі мәтінге қатысты түрлі тіл дамыту жұмыстарын жүргізіп, меңгертіп шығару мүмкін емес. Не істеу керек? Мен әр мәтіннен ең маңызды, қажетті деген сөйлемдерді теріп алып, жинақтап, бір мәтін жасаймын, сонымен бірнеше сабақ бойы жұмыс істейміз. Жаңа сөздер де, мәтін мазмұны да бірнеше мәрте қайталанып, диалог құруға, сөйлеуге, мазмұндауға баса көңіл бөлеміз». Нәтижесі жаман емес, әріптесім оқытатын сыныптардағы тіл үйренушілердің қазақша сөйлеу деңгейі әжептәуір жоғары. Оқушылар да, олардың ата-аналары да мұғалімге дән риза.
Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйретудің өзіндік озық әдістемесін қолданып, тілді түсініп, саналы түрде меңгерудің амал-тәсілдерін шебер пайдалана білетін осындай педагогтерге құрметім ерекше. Өкінішке қарай, тілді үйрете білетін мамандар көп емес. Тіл мамандарының көпшілігі сабақты ескі сарынмен жүргізеді, ізденбейді, білім алушыны тіл үйренуге қызықтыратын әдіс-тәсілдерді қолданбайды. Сабақ заманауи озық әдістемемен, сапалы оқулықпен оқытылса, тіл үйренушілердің саны да, сапасы да артқан болар еді. Оқулық демекші, қазақ тілі оқулықтарына қатысты осыдан 3-4 жыл бұрын жоғары орынға хат та жаздық. Жұрт мақтаған экс-министр А.Аймағамбетов сол хатқа жауап беруді жөн көрмепті.
Тілді оқытудағы түйткілдерге қатысты ойымызды ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мына бір сөздерімен түйінделік: «Оқу құралдары сайлы болмаса, оның ішінде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек».
Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының
құрметті қызметкері,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.