Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл. Тіл мен тәуелсіздік егіз ұғым. Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын асыл қазынасы және тәуелсіздіктің тірегі, қазақ халқының қанына біткен ынтымаққа ынтызар пейілі мен бірлікке деген берекелі ниетінің өзегі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», – деп өте орынды айтты. Өйткені, ана тіліміздің өткен ауыр жолдарын көрнекті қоғам қайраткерлері мен тіл ғалымдары, тарихшылар аз айтып жүрген жоқ. Уақыт көші оза келе сол қасиетті Ана тіліміздің Тәуелсіздік туына айналары сөзсіз. Өйткені, мемлекеттік тіл кешегі жардың шетінде, желдің өтінде тұрған заманнан өтті.
Бүгінде бұйырса, мемлекеттік тіл – ұлттық сана мен биік рухты қалыптастыруға апаратын сара жолға айналып келеді. Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілігі орныға бастады. Алдағы уақытта қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, ұлт пен ұлысты ұйыстыратын ең басты құндылыққа айналдыруды мақсат етіп, үйлесімді тіл саясаты негізінде мемлекеттік тілдің толыққанды қолданысын қамтамасыз ету – әрбір қазақстандықтың, яғни, баршамыздың ортақ міндетімізге айналуы керек. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымыздың біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптастыру ең басты міндеттеріміздің бірі, бірегейі.
Халқымыздың даналығы мен мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі салиқалы ойы мен салмақты тірлігінің арқасында мемлекеттік тіл қайта жаңғырып, ел тәуелсіздігімен бірге қайта түлеп, толығып, кемелдене түсуіне әрбіріміз жай қарамасақ екен деп ойлаймын. Соңғы жылдары мемлекеттік тіліміздің қоғамның барлық саласы мен мемлекеттік басқару жүйесінде қолдану аясы кеңейіп, тынысы ашыла түскені рас. Тіпті, қарапайым жұртшылықтың да, өзге ұлттардың да көзқарасы өзгере бастады. «Қамшы басатын» нақ осы тұста қалт жіберіп, шалыс басуға немесе уақыт ұттырып алмаған дұрыс деп ойлаймын. А.Байтұрсынұлы атындағы университеттің студенттері мен тілдер орталығы бірлескен іс-шаралар, байқауларды бірлесе атқарып келеді.
Бүгінгі күні «әдістеме дұрыс емес», «материал жоқ», «мұғалім жаман», «кітап жоқ», т.б тоқсан тоғыз түрлі «себепсіз» сылтаулар айтатындардың дәуірі өтті. Бұйырса, келмеске кетті. Қазіргі күні барлығы да бар, қолжетімді, іздеген, табамын деген адамдарға сайттар да самсап тұр. Оқытушылар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны көпшілікке насихаттау, курс тыңдаушыларының қатарын көбейту, тіл үйренушілерді ынталандыру мақсатында тынбай еңбек етіп жатқаны баршамызға да аян. Тілді үйрету курстарына қатысатындар бір-бірін бауырларына тартып, Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруіне өз үлестерін қосып келеді.
Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп, оларды мейілінше насихаттайды, жұртшылыққа танытады, газеттерге, теледидарға апарады, күрлі байқаулар ұйымдастырып, жігерлендіріп отыратын ұжымның көзге көріне бермейтін, байқала қоймайтын осындай тірліктері өте көп. Оны көбісі біле бермейді. Олар үшін де Қазақстан туып-өскен елі, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі туған мекені, Отаны болып саналатындығын танытуға тырысады. Дәстүрлердің осылайша біте қайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз болуы қажет.
Ынтымағы бекем жұрттың болашағы баянды болады. Тарихи маңыздылыққа ие болатын сөз: «Толған ел – тарихын таспен жазады, / Тозған ел – тарихын жаспен жазады» демекші, қазіргі бар мүмкіндікті пайдаланып, сонау Тоныкөк заманында-ақ таспенен жазылған тарихымыздың тағдырын жалғастырып, болашаққа бағыттау осы заманның еншісіне тиген екен. Ендеше, тілге деген «қажеттілік» жоқ болғандығын теңестірейік, «қажеттілікті» қолдан жасайық. Мәселен, кейбір деректерде, статистика бойынша республика халқының 70 пайызы қазақ ұлтының азаматтары бола тұра, қаралып жатқан сот істерінің тек 27 пайызы ғана қазақ тілінде екен. Сондықтан қолданыстағы заңдарды басшылыққа ала отырып, сот ісін тек мемлекеттік тілде жүргізу керек.
Орыс бола ма, неміс бола ма, дауын тек мемлекеттік тілде қарауды жолға қояйық. Олардың өзін қорғау құқығы бұзылмас үшін аудармашы берілсін. Әрине, істі қарау уақыты ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ аудармашы арқылы тілдесудің қиындығын көріп, машақатын сезінген соң сотқа қатысушылар мемлекеттік тілді үйренуге тырысар еді. Қажеттілік деген осы деп түсінемін. «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген заңдағы шартын бұзбаймыз. Яғни, мемлекеттік билік те, заң да, іс қағаздары да қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бізде бәрі керісінше. Оған кім кінәлі? Заңды орындамайтын өзіміз. Мемлекеттік маңызы бар істе жалпақшешейлік танытуға болмайды. Енді ұлт болып қалудың қамын жасап, ұрпақтың ертеңін тілді дамытуды, тұрақтандыруды қалыптастыруда барлық әдістер тиімді.
Атақты Конфуций елге басшы болса, алғашқы қадамды тілді түзеуден бастайтынын айтыпты. Себебін сұрағандарға «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды», – деп жауап берген екен. Сол айтпақшы, мемлекет мүддесі жеке бастың қызығушылығынан қашанда биік тұрғаны жөн. Онсыз тілді жоғалту оңай, ал тілі жоғалған елдің өзі де ұзақ өмір сүрмейтіндігі айтпаса да түсінікті.
Бұл кез келген қылмыстық іс әу бастан тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керектігін көрсетcе, өкінішке қарай көп жағдайда тергеу органдары қылмыстық іс жүргізу тілін орыс немесе басқа да тілге уәжді қаулы шығармай тұрып, орыс тілінде жүргізіп, жоғарыда көрсетілген заң нормаларын бұзады.
Сонымен қатар күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу туралы құқығын жан-жақты түсіндірмейді. Сол себептен қылмыстық істерді қарауда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы сын көтерілмейді. Көптеген жағдайда тергеу амалдарын жүргізуші тұлға мемлекеттік тілді өзі жетік білмегендіктен, не болмаса бірлі-жарым іске қатысушы азаматтар мемлекеттік тілді білмегендіктен аудармашы қатыстырып іс жүргізуге қиналады, (себебі, өзі де білмейді) өздеріне тәуелді айыпталушылардан «істің орысша жүргізілуін қалаймын», «орыс тілін жетік білемін» деген өтініш алады да, істі орыс тілінде жүргізеді.
Егер соттың істі қабылдап алу сатысында айыпталушының тергеу амалдары жүргізілген орыс тілін жетік білмейтіні, істі мемлекеттік тілде жүргізу керектігін тергеу органдары толық түсіндірмей, айыпталушыдан орыс тілін білетіндігін және оған байланысты тергеу амалдарын орыс тілінде жүргізгенге қарсы емеспін деген бір жапырақ қағаздың негізінде іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден уәжсіз себептермен ауыстырған жағдайда, тергеу амалдарының барлығын жарамсыз деп танып, істі прокурорға қайтару керек. Өйткені, бұл мәселеде осындай түбегейлі шешімге келмесек, тергеу органдары мемлекеттік тілге жақын арада бет бұра қоймайды. Бұл – рас, шындық. Бұл – бір мәселенің шеті ғана, қаншама мамандықтар дәл осы жобамен жүріп жатыр.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігіміздің мәңгілік үштағаны Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз екенін қозғай келе, осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтауды баса айтады. «Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.
Бүгінгі ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Қазіргі кезеңде де «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – дейді Абай. Бұл – әрбір қазақстандықтың жүрегіне жетуі тиіс нәрсе. Қолға тиген киелі тәуелсіздігімізді сақтау жолында еліміздің әрбір азаматы ойлануы тиіс. Бейқамдыққа, аңғалдыққа жол жоқ. Тексіздік – тілсіздіктен. «Тілі бар халық – халық, Тілі жоқ халық – балық» демей ме атам қазақ. Тіл – ақылдың өлшемі.
Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тәуелсіздік – ту етер, ал тіліміз тәу етерлік Тәңіріміз сыйлаған жаныма жақын, құлағыма жұмсақ естілетін, естігенде жұдырықтай жүрегімді қуаныш кернейтін тәтті ұғым, елімнің басына қонған бақ құсының қос қанатындай көрінеді. Ел бірлігін нығайтудың басты кепілі тілімізді және ортақ мекеніміз Отанымызды өркендету – ортақ мүддеміз, қасиетті парызымыз екендігін ұмытпайық.
Гүлжанат ЖҮРСІНӘЛИНА,
филология ғылымдарының
кандидаты, қауымдастырылған
ғылымдар профессоры,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.