Түркі халықтарының бірлігін бекемдейтін сегіз қадам

Выпуск - №43(591)   :   18.11.2023
846

Күні кеше елордада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға арнайы келген Мемлекет басшыларына айрықша ілтипатын білдірді.

– Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Бабалар өсиетінің орындалуымен – түркі елдерінің ынтымағы нығайып келе жатқанын көріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан, түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, – дегені еліміздің абырой-беделінің өскені мен деңгейінің көтерілгенін көрсетсе керек.

Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!» ұранымен өтетінін мәлімдеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр, біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергия атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталғаны бүкіл әлем назарын өзіне аударды. Президенттің айтуынша, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені, біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты ол Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтіру жөнінде ұсыныс тастады.

– Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі мемлекеттерінің қатар дамуы маңызды екенін баса айтқаны жүрегіме жақын, өте жылы естілді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынып, оның мән-мағынасын ашып өтті. Әрі модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырды. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады екен. Президент атаған үшінші басымдық – реформалар. Президент осы тұста Ұйым қызметін оңтайландыру және халықаралық ықпалдастық жөніндегі бірқатар ұсынысын ортаға салды.

– Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерімізді тағайындау мәселесін тезірек шешуге шақырамын. Түркі мемлекеттерінің сайлау саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруға болады. Соңғы кезде біздің ұйымға халықаралық және аймақтық құрылымдардың қызығушылығы арта түсті. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына байқаушы мәртебесін беру туралы бастаманы қолдаймыз. Сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз, – деп атап өтті. Сонымен қатар, ол ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдердің басшыларына әлемдегі үздік университеттердің филиалдары мен тіл үйрететін бөлімдер ашуды, бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуды, сондай-ақ жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударуды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды. Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Осыған орай, келер жылы Астана қаласында мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-отырысын өткізуді ұсынды.

Ал, инвестицияны алтыншы басымдық ретінде атап өткен Президент, әріптестерін аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беруге шақырды. Бұл істе Түркі инвестициялық қорының ерекше рөл атқаратыны атап өтілді. «Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет. Қазақстан «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынғанын білесіздер. Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болды. Сіздерге шынайы алғысымды айтамын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Оның айтуынша, айналамызда күрделі ахуал қалыптасқан қазіргі кезеңде медиацияның да рөлін арттыру қажет. Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қанды қақтығыстарды, Батыста белең алған заңсыз көші-қон мәселесін мысалға келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет екенін айтып өтіп, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдағанын ресми түрде жариялады. – Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық, – деді Президент.

Артынша сегізінші басымдық – энергия мәселесіне айрықша тоқталып, еліміздің осы саладағы бастамалары жөнінде баяндады. – Қазақстан жаңа қуат көздерін дамытуға, жаңғыртуға және оны тасымалдау жолын әртараптандыруға баса мән беріп отыр. Біз геологиялық барлау, қуат өндіру істеріне озық тәжірибені және технологияны енгізуге айрықша көңіл бөлеміз. Мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Мен биыл Қазақстанда Халықаралық энергетика форумын өткізуді ұсындым. Көтерілген мәселелерді форум кезінде кеңінен талқылауға болар еді. Қазақстан климаттың өзгеруіне және тұрақты даму қағидаттарына баса мән береді. 2026 жылы Қазақстанның бастамасымен климат мәселесіне арналған аймақтық саммит өткізу жоспарланып отыр. Түркі бауырларымыз бұл бастамаларды қолдайды деп сенемін, – деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, түркі мемлекеттерінің басшыларын бірлікке шақырды. Қауіп-қатерлерге қарсы бірігу, өзара көмек көрсетіп, тиімді іс-әрекет жасау маңызды екеніне назар аударып, оның бәрі түркі әлемін өркендетуге, елдеріміздің ынтымағын арттыруға ықпал ететінін айтты. Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті аясында саяси-экономикалық маңызы зор 12 құжатқа қол қойылды. Ақпанның 6-сы – Табиғи апаттар құрбандарын еске алу және Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастығы күні болып белгіленді. Аталған ұйымның 2023-2027 жылдарға арналған көлік байланысы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарының (жол картасының) қабылдануы – қарапайым зейнеткер ретінде жеке өзімнің болашаққа деген сенімімді онан сайын арттыра түсті. «Түрі басқа – тілегі бір, жаны басқа – жүрегі бір» түркі халықтары жақындасқанының жарқын көрінісі лайым жақсылыққа бастасын.


Әбдіқадыр
ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ,
зейнеткер,
Амангелді ауданының
Құрметті азаматы

Реклама

Когда старшие пытаются привести ребёнка к состоянию покоя, неподвижности, они вредят его здоровью, портят его жизнь, обездвиживают его способность приобретать знания. Самый трудный урок, который приходится усваивать ребёнку, – это деловой: ребёнок должен научиться приспособляться к людям и к работе, и, если тут его постигнет неудача, никакое количество книг не может поправить дело. Практический способ кажется самым простым и самым подходящим для решения этой задачи.