«Ұлы ұстазға тағзым» деген тақырыпта Ыбырай Алтынсаринге арнап қойылған ескерткіш-бюсттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ағартушының мүсіні Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ауласында қойылды.
Тағылымды шараны Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың шәкірті кезінде Ыбырай атасы жазып, халықты білім алуға шақырған «Кел, балалар, оқылық» өлеңімен ашып берді. Артынша сөз кезегі облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовқа берілді.
– Ағартушының өмір жолы мен мұрасын насихаттау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың тағы бір жаңа белеске көтерілуіне, осы керемет білім ордасының ауласында тамаша ескерткіштің бой көтеруіне бастама көтеріп, мұрындық болған ел ағаларына ерекше алғыс білдіргім келеді. Бек Жүсіпов ағамыз Ыбырай мүсінін жасатып, қоятын орнын бізбен ақылдасқан кезде бір ауыздан осы кітапхана ауласына орнатуды шештік. Өйткені, бұл жерге балаларымыз келеді. Кітапхананың екі ғимаратының ортасында жүргенде, осы жерде өтетін түрлі іс-шараларда ұстаздың бейнесіне қарап, жақынырақ танысып, қызығушылығы артып, тағзым жасайтындай мүмкіндік болса деп ойладық. Бүгін осы мақсатымызға жетіп отырмыз. Ыбырай атамыздың бізге аманаттап кеткен үлкен білім мұрасын ары қарай арқалап жеткізетін, елдің игілігіне жарататын біздің жас ұрпақтарымыз аман болсын, – деп сөзін түйіндеді Ерлан Болатұлы.
Зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, кітапхана ұжымы және мектеп оқушылары қатысқан салтанатты шара барысында ақын Ақылбек Шаяхмет, Серікбай Оспановтар сөз сөйлеп, бұл шараның маңыздығына тоқталып өтті.
– «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» дейді. Ыбырай салған сара жолмен қаншама тұлғаларымыз өсіп-жетіліп келеді. Халықты оқуға, білімге шақырған «Бір Құдайға сыйынып, кел, балалар, оқылық» деп басталатын өлеңіне ғасырдан асса да, дәл осындай балаларды оқуға шақырған өлең әлі күнге дейін өмірге келген жоқ. Ыбырайдың данышпандығы осында. Ағартушымызға арналған мына бір ескерткіштіңқойылуына мұрындық болған Бек інімізге, атсалысқан барлық ел ағаларына мың да бір рақмет. Ыбырай ағамыздың жұлдызы қашан да жоғары болсын, – деп атап өтті Серікбай Оспанов.
Іс-шара барысында ақын ағамыз Ақылбек Шаяхмет сөз алып, бұл бастаманың мәні мен маңызына тоқталып, жас ұрпаққа ақжарма тілегін де жеткізді.
– Ыбырай атамызға ескерткіштің жаңа оқу жылы басталып жатқанда ашылғаны өте маңызды. Шынында да, мына ортамызда отырған еліміздің елеулі азаматы Бек Жүсіпов сияқты ағамызға алғыс айтуымыз керек. Қостанайда Ы.Алтынсарин атындағы мектеп- интернат бар. Соның жанында ескерткіші қойылған. Он жыл бұрын оның ашылуына қатысқан болатынбыз. Бұдан кейін орталық саябақта шәкіртінің жанында отырғанын бейнелеген еңселі ескерткіші ашылды. Енді мына мүсіннің қойылуы да бір елеулі іс болды. Қуанышымыз ұзағынан болсын, – дей келе, ағартушыға арналған өлең жолдарын оқып берді.
«Алтынсарин – қазақтың жарық шамы,
Ойлағаны аяулы халық қамы.
Жап-жасыл жайқалатын жапырағы,
Алтынсарин – елімнің алтын бағы.
Алтынсарин – ел үшін соққан жүрек,
Сезіп оның дүрсілін шаттанды көп.
Қалың қардың жібіткен мұз денесін
Алтынсарин – аңқылдақ алтын күрек.
Бейіті оның Тобылдың жағасында,
Мүсіні тұр Қостанай қаласында.
Ыбырай бұлағының мөлдір суы
Шүпілдейді білімнің шарасында.
Сол сумен егін егіп, мал суардық,
Жыр жазып, дала жайлы ән шығардық.
Сол сумен қаталаған шөлді басып,
Шығып тұр қазағымның дауысы анық.
Сол судан мейірі қанып барлық халық,
Өмірден өз орынын тапқаны анық.
Алтынсарин – ұлы ұстаз ұлағатты,
Алтынсарин – ұлтыма ұлы жарық», – деп жырлап, іс-шараға қатысып отырған шәкірттерге Ы.Алтынсариннің тәлім-тәрбиесі жұғысты болуын тіледі. Айта кету керек, Ақылбек ағамыздың осы өлеңінің алғашқы екі жолы ұйқастырылып, бюсттің тұғырындағы тақтайшаға қашалып жазылған.
Халықтың рухани өмірі мен тарихи оқиғалардың, тіршілік құбылыстары мен танымның, қоғам және табиғат туралы білімнің энциклопедиясы – Ыбырай Алтынсарин. Қазақ арасында фольклорлық шығармалардың мол, тұтас сақталуын Ыбырай Алтынсарин халық арасынан шыққан шешен, суырып салма ақындар мен тарихи тұлғалардың ерекше қабілеттілігімен және аса ыстық ықыласымен қастерленген дәстүрімен байланыстырады. Ағартушының шығармаларын оқи отырып, ол өз заманының беталысын анық аңғарғанын, халық өмірін жаңа арнаға салуда білім мен тәрбие мәселесі қатар жүру керектігіне назар аударғанын көруге болады. Ыбырай әңгімелерінің негізгі қайнары халық тұрмысынан алынған. Өмірді, адам әрекеттерін ешқашан дағдыдан тыс әсірелеп суреттеп, шындықтан алшақтамаған. Кейіпкерлерді шынайы өмірге тән әректтері арқылы бейнелеуді мақсат тұтты.
Ы.Алтынсарин өзі бастаған істің жалғасы үзілмеуін қалады. Бүгінде Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу орындары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі. Ұстазға арналған ескерткіштер де бар. Енді, міне, Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының төрінде ұлы ұстазға арналған ескерткіш бой көтерді. Ағартушы бюстінің тұсаукесерін өткізу құрметі Ыбырай ізбасарлары, қос қаламгер Ақылбек Шаяхмет пен Серікбай Оспановқа ұсынылды. Жиналған жұрт ескерткіш түбіне гүлдерін қойып, естелік суреттерге түсті.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.