Шуақты Наурыз мейрамы жақын қалды. Алайда елімізде мерекені тойлау бір жеті бұрын басталып кетті. Кез келген білім ордасына бас сұға қалсаң, қазақы оюмен оқаланған қамзолды үстіне, тақияны басына келістіріп киген білім алушылар мен олардың ұстаздарын көресің.
Бұл ұлттық құндылықтарымыздың қайта жаңғырып келе жатқанының белгісі болса керек. Рухани жаңғыру жолында ықылым заманнан бері қазақпен бірге жасап келе жатқан ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрлерімізді жас ұрпаққа насихаттап отырудың маңызы ерекше. Бұл жолда өзіндік үлесін қосып, қанатымен су сепкен қарлығаштай болып жүрген жандар аз емес. Бірі ұлттық тағамдарымызды халықаралық деңгейге шығаруды мақсат еткен, он саусағынан бал тамған Гүлнұр Кәкімбек болса, енді бірі қазақы салт-дәстүрдің насихатшысы, қолы көпке ортақ шебер Алуа Сартаева. Екеуі де жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолында еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз.
Қол мен қиялдың еңбегімен айналысып жүрген Алуа Олеговна Қостанай ауданындағы Мичурин жалпы білім беретін мектебінің көркем еңбек және өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімі. Жастайынан басталған қолөнерге деген қызығушылығы толастаған емес. Айтуынша, жасап жатқан дүниеңнің сапалы әрі әдемі болып шығуының басты талабы – айналысып жатқан ісіңе деген шынайы сүйіспеншілік. Расымен де, сонда қолыңнан шыққан кез келген дүниенің нәтижесі ойдағыдай болады.
– Кішкентай кезімде анам көрпе көктеп отырғанда жанына барып, қызыға қарайтынмын. Анамның жасаған әрбір қимыл-әрекеті, мен үшін сондай қиын әрі ерекше көрінетін. Артынша қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығым арта түскендей. Сөйтіп бірнеше жылдан бері қазақ халқының ұлттық оюымен өрнектелген көрпелерін, қоржын, тіл көзден сақтайтын тұмаршалар, салт-дәстүріміздің бірі «Сырға салу» рәсіміне арналған сәукеле-қобдишаларын жасап, сүйікті істімді табыс көзіне айналдырып жүрмін, – дейді бізбен әңгімесінде.
Ал мерекелік дастарханға жент жасап қою үшін талқан іздеп, артынша ойда жоқта көпшіліктің сұрауымен ұлттық тағам түрлерін жасап, табиғи өнімдері кеңінен сұранысқа ие болып жүрген Гүлнұр Өміржанқызы Қостанай өңірлік университетінің журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы. Пайдасы мол табиғи өнімдерден жасалатын ұлттық тағам түрлері: ақ және қызыл ірімшік, құрттың бірнеше түрі, балқаймақ, тары, талқан, жент, сорпаға салатын құрт, сүзбені тапсырысқа дайындап, бүгінде «Qazaq brend» деген атаудағы жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Бала кезден қазақы қаймағы бұзылмаған ортада өскендіктен, ұлттық тағам түрлері таңсық еместігін айтады.
– Аллаға шүкір, ата-әжемнің он баласы бар. Кішкентай кезімізде, демалыс сайын, барлық немерелерінің басы ауылдағы қара шаңырақта қосылатын. Күбіге көже пісетінбіз. Әрқайсымыз ойын арасында кезекпен-кезек пісіп жүріп, кешке дейін әлгі көжені түбіне түсіретінбіз. Әжеміз даладағы пеште нан пісіретін, содан ол ыстық наннан быжыма жасайтынбыз. Одан қалды ірімшік пен құрт дайындайды. «Қыз – жат жұрттық» емес пе. Бәрімізді ата-әжеміздің қасына ауылға жинағанда сол кісілердің үлгісімен бәрін көріп, біліп өссін дегені шығар. Енді, міне, мен де балаларыма білгенімді айтып, үйретіп отырамын, – дейді.
Осылайша қос кейіпкеріміз де ұлттық құндылық насихаттау ісіне үлкен маңыз бөліп, оның ұмыт қалмауы жолында ат салысып келеді.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Би өнерінің бәйгесінде оза шапқандар
Заңды білеміз, тәртіпті сақтаймыз, әділдікті жақтаймыз!
Как меняются трёхлетки и что с этим делать
Путь, заданный великим учителем
Роль профсоюза в сохранении культурно-исторического наследия
Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.
Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.