Зейнет жасында тіл үйрену: қазақ тілінің жаңа тынысы ма, әлде формалдылық па?

Выпуск - №33(681)   :   04.09.2025
141

1

Тіл – ұлттың жаны, жүрегі мен рухы. Сондықтан тіл мәселесі жай ғана тақырып болып қалмауы тиіс. Мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілі туралы сөз қозғалса, ол бір ғана этностың емес, барша қазақстандықтардың ортақ болашағын ойлау дегенді білдіреді.

Осы орайда Рудный қаласындағы тіл үйрету орталығының жұмысы ойландырарлық. Бұл орталықта жас ерекшелігіне қарамай, соның ішінде зейнет жасындағы азаматтар да қазақ тілін үйренуге белсене кіріскен. Аптасына екі мәрте ұйымдастырылатын сабақтарда тек сөйлеу ғана емес, тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым дағдылары да қатар дамытылады. Бастапқы деңгейден басталатын бұл оқыту үдерісі күнделікті өмірде және жұмыс барысында жиі қолданылатын сөздерге негізделіп жасалған. Яғни, бұл тек «тіл үйрену» емес, сананы сілкіндіріп, жүректегі ұмыт болған үмітті ояту.
Дегенмен, аталған игі бастаманың тереңінде ащы шындық жатыр. Кешегі Кеңес өкіметі тұсында қазақ тілі шетқақпай көріп, орыс тілінің көлеңкесінде қалуы салдарынан тұтас бір ұрпақ ана тілінен қол үзіп қалды. Қалаларда өскен, кеңсе мен кәсіпте орысша тәрбиеленген азаматтардың көпшілігі бүгінде зейнетке шықса да, қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды. Бұл құбылыс қазақтарға ғана тән емес, кеңестік жүйеде өмір сүрген барлық қазақстандықтардың ортақ трагедиясы. Неге десеңіз ана тілі – ұлттың анасы іспетті. Ананы ұмыту – болмыстан ажырау, ал қайта үйрену – тамырын тереңнен іздеу.
Қазір егде тартқан адамдардың қазақ тіліне қайта бет бұруы – өмір талабынан туындаған қажеттілік. Бұл – формалдылық емес, шынайы рухани сұраныс. Қоғам өзгерді, тіл мәртебесі де артып келеді. Мемлекеттік мекемелерде, емханаларда, күнделікті тіршілікте қазақ тілін білудің маңыздылығы артты. Ендігі жерде «білмеймін» деу – жай ғана сылтау емес, өзіңе сын. Осы тұста Рудныйдағы орталық секілді мекемелердің рөлі орасан. Бұл – тілді үйренем деушілерге ашылған есік, ұмытылған рухқа құятын жаңаша дем.
Орталық оқытушыларының айтуынша, қазақ тілін үйренуге ынталы зейнеткерлер көп. Олар әр сабаққа құлшыныспен қатысып, жаңа сөздерді жаттауға, сөйлесуге, тіпті қазақша жазып, шағын мәтіндер құрауға тырысады. Сабақ барысында әртүрлі визуалды құралдар, заманауи әдістемелер, өмірлік жағдаяттарға негізделген тапсырмалар да қолданылады. Жас ерекшелігі ескеріліп, оқу материалы жеңіл әрі түсінікті тілмен ұсынылады. Яғни, бұл – «құрғақ теория» емес, нақты әрекетке бағытталған жүйе.
Бұдан түйеріміз – қазақ тілін үйрену ешқашан кеш емес. «Жасың жетпісте болса да, білім ал» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Бүгін зейнет жасындағылар тіл үйреніп жүрсе, ертеңгі ұрпақ ана тілін ұмытпас үшін олардың бұл қадамы – үлгі. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тамаша бір сөз бар. Сондықтан тіл мәселесі тек оқытушы мен оқушының емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болуы керек.
Бірақ бір орталықтың талпынысы жеткілікті ме? Әлбетте, жоқ. Ел көлемінде осындай орталықтардың саны артуы тиіс. Мемлекет тарапынан әдістемелік қолдау, оқыту құралдары, цифрлық платформа секілді инфрақұрылым қалыптастырылуы қажет. Себебі тіл үйрену – ниеттен басталғанымен, мүмкіндікпен жалғасатынын естен шығармауымыз қажет.
Қазақ тілінің қоғамдық кеңістікте қолданылуы да аса маңызды. Тілді үйретіп қана қойып, оны қолданатын орта жасамайтын болсақ, бұл жұмыстың жарты жолда қалып қоюы әбден мүмкін. Мемлекеттік тілді тек ресми жиындарда емес, базарда, қоғамдық көлікте, дәріханада, отбасында кеңінен қолданатын жағдай жасалуы керек. Сонда ғана тіл шынайы өмірдің тіліне айналады.
Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің тірегі. Оны білу – парыз ғана емес, ар-ұяттың ісі. Тілді шетке ысырып, ұлт болып ұйысу мүмкін емес. Ал тілге құрмет – елге құрмет. Рудныйдағы тіл үйрету орталығы осы бағытта жасалған нақты қадам. Ол – көпке үлгі боларлық бастама. Зейнет жасында тіл үйреніп жүрген азаматтар өздерін ғана емес, ұрпағын да тәрбиелеуде. Олар үшін тіл – тек сөйлеу құралы емес, елдіктің кілті.
Қазақ тілі – өткеннің естелігі емес, болашақтың бағыты. Сондықтан оны үйренуге де, үйретуге де, қолдауға да ешқашан кеш емес. Атам қазақ айтқан: «Кереге басы кең болса, керуен тоқтамас». Егер тілге деген құрметіміз кең болса, бұл елден рухы биік, тілі кемел ұрпақ өсіп шығады. Рудныйда басталған бұл тыныс – соның жарқын дәлелі.

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ

Актуально

Реклама

Учитель – это светоч нации. Ежедневным кропотливым трудом каждый из вас вносит неоценимый вклад в развитие страны. Вы сеете семена знаний в молодые сердца и растите мыслящую нацию. Ибрай Алтынсарин говорил: «Превыше всего я ценю хорошего учителя». Педагог – ключевая фигура в построении будущего страны, поэтому ему должно быть отведено достойное место в обществе.

Я спросил у посла Японии, каким образом его страна сумела так быстро достичь высокой степени развития, стала играть в мире столь важную роль? Мне очень понравился ответ посла: «Японцы верили, что единственный способ поднять страну – это дать своим детям лучшее образование, чем они имели сами, самым важным для них было уйти от своего положения крестьян и получить образование. Поэтому в семьях огромные усилия прикладывались к тому, чтобы поощрять детей хорошо учиться в школе, чтобы они могли чего-то достичь. Из-за этого стремления постоянно чему-то учиться, через систему образования распространялись новые идеи из внешнего мира. Это одна из причин быстрого развития Японии».