Ардагер ұстаздарға ілтипат

Выпуск - №49(597)   :   29.12.2023
1084

Қостанай ауданындағы Жданов ЖББ мектебінде ардагер ұстаздарды дәріптеп, құрметтеу мақсатында мектепішілік «Қорғау» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Арысбек Багдаулет әріптесімнің ұйымдастыруымен «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында ардагер ұстаздармен кездесу кеші өтті.

Ұстаздар мектеп өмірін сағынып қалғандары соншалық, бір-бірімен, әріптестерімен, сүйікті оқушыларымен қуана қауышты. Білім беру саласында аянбай еңбек еткен сала ардагерлеріне төрден орын ұсынылып, мектебіміздің директоры Асель Садыкова ардагер ұстаздарды құрмет грамотасымен марапаттады. Тағылымды ұстаздар тәрбиесі мен ұлағат тұнығынан сусындаған сан буын шәкірттер, ізгі пейілді достар мен жора-жолдастар, әріптестер мен замандастар бас қосып, қадірлі ұстаздарға сый-құрмет көрсетілді. Бір-бірімен замандас, әріптес болған ардагерлер өткен шақтарын еске алып, кейінгі жас ұстаздарға өздерінің еңбек жолдарынан үлгі боларлықтай естеліктер, тілектер айтып, бір жасап қалды. Әріптестер әзілі, игі жақсылардың жарасымды әңгімесі әрі қарай өрбіп, ақ пейіл мен толассыз лебіз тербелген керемет күй орнады.

Кездесу кеші сипатындағы іс-шараны мектепішілік «Қорғау» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Арысбек Багдаулет және ұстаздар қауымынан Мейрамкуль Алиева, Динара Нуржанова, Тогжан Ермуханова, Бакыткуль Сартонова, Қанагат Фатхутдинова ұйымдастырды. Іс-шара қатысушылары ардагер ұстаздар тобы және жас маман тобы болып бөлініп, білім алаңында ой жарыстырды. Мектеп тарихымен, зейнеткер ұстаздардың еңбек жолымен таныстыра отырып, жас мамандарға үлгі ету, ұстаз мамандығын бағалай білуге тәрбиелеуді көздеген іс-шара мақсатында жетті деп есептеймін. «Ұстазды алтын діңгекке балар едім», – деп ағартушы Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаздық – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Шындығында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болып көрінгенімен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.

Талай жеткіншектердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, тұлғалы азамат болып қалыптасуына зор үлес қосқан салмақты, сыпайы, тапқыр, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, қазақтың талай баласын білім нәрімен сусындатқан математика пәнінің мұғалімдері Батима Оспан, Светлана Никоненко, бастауыш сынып мұғалімдері Жумаш Тулегенова, Наталья Приходько, Гульнара Ербусинова, тәрбиеші Валентина Верещагина, тарих пәнінің мұғалімі Галина Лой, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Галия Харимбаева, тех-физик Виктор Непочатых, биология және география пәнінің мұғалімі Рсалды Мырзахметова, технология пәнінің мұғалімі Ольга Сурова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Гульбике Молдасалыкова, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Кайыргали Молдасалыков, химия пәнінің мұғалімі Галия Аманбаева сынды білікті ұстаздарымыз мақтауға тұрарлық.

Ардагер ұстаздарымыздың қай-қайсысын алсақ та, олар – сан мыңдаған шәкірт пен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаздар. Атап айтар болсақ, Молдасалыков Кайырғали Боженович – мұғалімдер арасында жолдастық, ағалық, әкелік қамқорлығы мол, шебер ұйымдастырушы, жан-жақты жетілген білгір, әдісқой маман ретінде ұжымы мен ата-ана, ауыл еңбеккерлері арасында үлкен бедел мен сый-құрметке ие болған ұстаз. Бүкіл өмір бойы қоғамдық жұмыстарды да арқалап өткен, елінің тыныс-тіршілігімен бірге тыныстап, ажарына ажар қосқан, елжанды ер болып танылған қазіргі таңда қадірменді ақсақал. Қайырғали атамыздың еңбегінің жемісі ретіндегі қаншама лайықты марапаттарын қарастыратын болсақ, ұстаз еңбегінің еш кетпегенінің көрінісі.

Молдасалыкова Гульбике Сабитовна – еліміздің дамуына зор үлес қосқан, білім саласында жылдар бойы тынбай еңбек еткен білікті ұстаз. Еңбек жолын Науырзым аудандық білім бөлімінің басшысы, Қостанай ауданы білім бөлімінде әдістемелік бөлімнің басшысы, артынша 10 жылдан астам уақыт Жданов ЖББ мектебінде қызмет етіп, осы жерден зейнетке шықты. Жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсады.

Мырзахметова Рсалды Маратовна – Жданов ЖББ мектебінде биология мен география пәнінің мұғалімі болып, алғаш қазақ сыныптары ашылған 2006 жылдардан бастап 2015 жылға дейін қызмет атқарып, осы жерден зейнетке шыққан. Рсалды Маратовна – білімі жоғары, бірінші санатты мұғалім. Жалпы еңбек өтілі – 36 жыл. Еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық сайыстарға белсене қатысып, шығармашылық топта жұмыс істеген ізденімпаз ұстаздардың бірі. 

Харимбаева Галия Уразжановна – мектебімізде орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бірнеше жыл әлеуметтік педагог қызметін атқарып, зейнетке дейінгі соңғы жылдарында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде адал қызмет атқарып келді. Әлі күнге дейін мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Галия апай адамгершілік, сыйластық деген ұғымдарды бірінші орынға қояды. Ұжыммен тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл, қарапайым ұстаз. Білімін үнемі жетілдіріп, оны тәрбиемен ұштастырған ұстаз ғана емес, аяулы ана, үлгілі әже.

Тулегенова Жумаш Хамитовна – шығармашылық ізденісімен жұмыс атқарып жүрген ұстаздардың бірі. Жданов ЖББ мектебінде 15 жылдай жұмыс істеп, оқушылар жанынан орын таба білген, ата-аналар мен әріптестерінің алғысына бөленіп жүрген білімді, білікті ұстаз. Оқушыларды сауатты жазуға үйрете отырып, олардың есте сақтау қабілетін, тілін дамытып, өзара түсіне білуге, еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізуге үйреткен талапшыл, шығармашылығы шыңдалған ұстаз жаңа оқу-тәрбие әдістерін тиімді қолданып, зейнетке шықса да, қазіргі таңда Қостанай қаласындағы №24 гимназияда жұмыс істейді. Білімі мен өнегесін бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсап келеді. Оқушылары талай мәрте аудандық, облыстық олимпиаданың жүлдегерлері. Қазақстанның «Үздік ұстазы» деген медалі бар. Қазіргі таңда аяулы әже.

Аманбаева Галия Кенесбаевна – осы мектепте 2005 жылдан бері жұмыс істеп, қазіргі таңда зейнетке шыққан қадірменді ардагер ұстаз болса да, шәкірттерін білім нәрімен сусындатудан талмай, адал қызмет етіп келеді. Бойындағы еңбекқорлығы мен білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді. Оқушылар, мен ата-аналар, құрбы-құрдастар, ауылдастар арасында беделді, пікірі салмақты. Әріптестеріне, әсіресе жас мамандарға көмегін аямайды. Білім көрсеткіштері пәні бойынша жоғары, әріптестерінің, замандастарының ортасында үлкен беделге ие, ізденісі мол, шығармашыл, көреген ұстаз.

Лой Галина Ивановна – осы ауылдың тумасы, жалпы еңбек жолында 30 жылдан астам уақыт бойы Жданов ЖББ мектебінде қызмет етіп келді. Оқушылары бірнеше рет олимпиадалардан жүлделі орындар мен Алғыс хаттар иеленген. Қазіргі таңда зейнеткер, ардагер ұстаз. Галина Ивановна зейнет жасына келсе де, әлі де ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, қандайда бір әдеби-мәдени іс-шараларға белсене араласып, еліміздің дамуы мен гүлденуіне ат салысып жүрген белсенді, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз.

Никоненко Светлана Владимировна – жылдар бойы еңбек жолын жас ұрпаққа білім беруге арналған, қазіргі таңда ардагер ұстаз. Осы Жданов ЖББ мектебінде еңбек еткен жылдары оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында ақпараттық-коммуникативтік технологияны кеңінен пайдаланады. Светлана Владимировна – талапшыл, ізденісі мен шығармашылығы қатар тоғысқан, білімді, білікті ұстаз. Өз ісіне шын берілген, әрдайым жаңашылдыққа жаны құмар, жан-жақты шығармашылығы шыңдалған ұстаз ретінде танимыз. 

Оспан Бәтима Сәлімқызы – мектебімізде 20 жылға таяу уақыт аралығында ұстаздық еңбек еткен. Ол кісі бізге – жас мамандарға – ата-анамыздан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам болды. 2023 жылдың қыркүйек айынан зейнетке шығып, ұжыммен қимай қоштасты. Өз ісіне шынайы берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын Бәтима апайымыздың жөні де, жолы да бөлек, ақылы мен пайым парасаты үйлескен байсалды, биязы мінез иесі. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, дана ойдың ыстық лебі есіп тұратын. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – нағыз шеберлік емес пе?! Бәтима апай – дәл осындай жан.

Приходько Наталья Илинична – бастауыш сынып мұғалімі, жылдар бойы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып та қызмет атқарды. Білім саласына қосқан үлесі жетерлік, жұмысына тиянақты, қатаң, сауатты, талапшыл, шығармашыл, ұстаз. Еңбек жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, Наталья Илинична «ҚР Білім саласының үздігі» атанған. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін уақыт өткен сайын мойындайсың.

Непочатых Виктор Владимировичтің негізгі мамандығы – технолог-физик. Осы ауылдың тумасы, жылдар бойы механизатор болып жұмыс істеп, кейін Жданов ЖББ мектебінде 1990 жылдардың аяғынан 2014 жылдарға дейін технология және физика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Оқушылары да бірнеше мәрте олимпиадалардан жүлделі орындар мен Алғыс хаттар иеленген. Ардақты да білгір ұстаз байсалды көркем мінезімен ұжымды өзіне тарта білген.

Сурова Ольга Юрьевна – «ел болашағы» деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған шыншыл ұстаз. Ол еңбек еткен жылдарда талай жетістіктерге жетіп, мектепшілік, аудандық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз педагог. 

Верещагина Валентина Владимировна – мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі болып Жданов ЖББ мектебінде жылдар бойы қызмет атқарған. Жұмысқа жауапты, әр бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, балалармен тез тіл табыса алады. Адал да ақ жүрегімен өз оқушыларына, ата- аналарына, мектептегі әріптестеріне қиын сәттерде қол ұшын беруге қашан да дайын. Оқушылары мен ата-аналарының, әріптестерінің алдында өзіндік беделі бар.
Ербусинова Гульнара Мерекеевна – 15 жылдай уақыт аралығында Жданов ЖББ мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі ретінде атқарып келді. Ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады, шығармашылығы шыңдалған, тәжірибелі ұстаз болды. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандарға өз кезегінде көмектесіп отырды. Адамгершілік, сыйластық деген ұғымдарды бірінші орынға қоятын жан – білім мен тәрбиені ұштастырған ардагер ұстаз ғана емес, аяулы ана, үлгілі әже. Ұстаздық еңбек жолында жеткен жетістіктері аз емес, соның бірі – «ҚР Білім саласының үздігі» атағы.

Ардагер ұстаздардың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды деген ойдамын. Алған мақтау, марапат, Алғыс хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Дегенмен, адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері болмақ. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты мамандық иелері өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі.

Кавказ халқында «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің» деген мәтел бар. Осы керемет сөз біздің ардагер ұстаздарымызға қатысты айтылғандай, өйткені, сол тау секілді өміріне үңілген пендеге биіктей түсетіндей. Жақсының жақсылығын дәріптеу, адамның игілікті істері мен мұрасын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету – ежелгі ел дәстүрі. Сол талғаусыз еңбектің жемісі ретіндегі бүгінгі зейнет демалыстарыңыздағы ғұмырларыңыз ұзағынан, көрер қуаныштарыңыз молынан болып, немере-шөберенің қызығына тоймай, ақ жаулықты ана, ақ сақалды ата болу бақытына бөленулеріңізді тілейміз! Жүздеріңіз күндей күлімдеп, жүректеріңіз жаздай жайнасын.


Айман ҒАБДУАХИТОВА,
Жданов ЖББМ
педагог-сарапшы,
ағылшын тілі мұғалімі,
Қостанай ауданы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.