Білім айдынына жаңа тыныс сыйлап

Выпуск - №31-32(679-680)   :   29.08.2025
209

1

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Өткен жылдың нәтижесі қандай? Биыл жаңашылдықтар бар ма? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға жауап берген дәстүрлі Тамыз кеңесі білім саласындағы басым бағыттарды белгілеп берді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева жиынға қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, саланың алдағы даму бағытын айқындады.
– Біз қоғам үшін ең жауапты саланың бірі – білім беру жүйесінде еңбек етіп келеміз. Білім беру – сабақ өткізу ғана емес, ол – баланы адал азамат әрі білікті маман етіп тәрбиелеуге бағытталған үлкен тәрбие процесі. Уақыт жылжып, талаптар артуда: цифрландыру, жасанды интеллект сынды жаңа үрдістерге дайын болу – біздің ортақ міндетіміз, – деді Айман Елеманқызы.

Тәрбие – талбесіктен

Қазіргі таңда облыста 486 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 28 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Соңғы екі жылда 1717 орынға арналған жаңа балабақшалар мен топтар ашылды. Облыс орталығы ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшті. Бұл ата-аналарға балабақшаны өз қалауынша таңдауға мүмкіндік берсе, балабақшаларға өз ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасылардан шыққан 6577 баланың барлығы (100%) тегін тамақпен қамтылды. Сонымен қатар балабақшаға бармайтын балалар үшін 254 кеңес беру пункті жұмыс істейді.
– Дегенмен шешуді қажет ететін міндеттер бар. Біріншіден, 2026 жылға дейін мектепке дейінгі біліммен балаларды қамту көрсеткішін жоспарланған 97,4%-ға жеткізуіміз керек. Екіншіден, Қостанай, Рудный, Арқалық қалалары мен Қостанай ауданындағы кезек мәселесін толық жою қажет. Үшіншіден, кадрлық әлеуетті нығайту – басты міндет, – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы. – Ақпараттық кеңістікте балаларға қатысты орынсыз әрекеттер туралы алаңдатарлық хабарлар тарап жүр. Мұндай жағдайға жол берілмеуі тиіс. Біз бұл бағытта қатаң бақылау жасап, әрбір баланың қамқорлық пен құрметке толы ортада өсуін қамтамасыз етеміз.

Мектеп – кеме, білім – теңіз

Мектепке дейінгі кезең оқуға дайындаса, білімге жол мектептен басталады. Біздің жерлесіміз, ағартушы Ы.Алтынсарин жазғандай: «Мектеп – баланың жанын және санасын қалыптастырады, өмірлік бағдар береді». Бұл ойдың бүгінгі күні де өзекті екендігіне тоқталған Айман Елеманқызы білім ордаларының қазіргі тыныс-тіршілігін сөз етті.
– Өңірімізде 436 күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді және онда 111 мыңнан астам бала білім алуда. Барлық мектептер жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған, бұл заманауи білім беру ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді. Маңызды міндеттердің бірі – балаларды сапалы ыстық тамақпен қамту. Осыған байланысты 124 мектепте «Әлеуметтік әмиян» жүйесі, ал контингенті 700-ден аз 308 мектепте «Бизнес әмиян» жүйесі жұмыс істейді. Бұл тегін және жеңілдікпен тамақтануды ашық әрі жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Тірек мектептер тәжірибесі

Білімнің қолжетімділігінен бөлек оның сапасын да жоғары деңгейде қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта 21 тірек және 63 тіркелген ауыл мектебін қамтыған республикалық «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асырылуда.
– Аталмыш жоба аясында 2022-2024 жылдар аралығында «Қазақстан халқына» ҚҚ қолдауымен 12 мектепке жалпы құны 3 млрд теңгені құраған заманауи жабдықтар орнатылды. Әр мектепте STEM-лабораториялар, арт-кабинеттер мен телестудиялар, робототехника және жаратылыстану кабинеттері, жаңартылған кітапханаларды қоса алғанда 25 арнайы кабинет ашылды. Биыл тағы 7 мектеп жаңғыртудан өтеді. Соған қоса тіркелген мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды: жалпы құны 1,3 млрд теңгеге 106 кабинет жөндеуден өткізілді, – дей келе тірек және тіркелген мектептерге әдістемелік қолдау көрсеткен «Методцентр – ЦПМ – НИШ» командасына алғыс білдірді Айман Ибраева.

Білім ордаларын жаңғырту

Облыста білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту және нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Күрделі жөндеу жүргізуге қаржыландыру көлемі де артты: биыл аталған мақсатта 10 нысанға 4,3 млрд теңге, ал 100 нысанға ағымдағы жөндеуге 2,1 млрд теңге бөлінді. Былтырғы 2024 жылдың қорытындысы бойынша мектептердің заманауи пәндік кабинеттермен қамтылуы 76%-ға жетті. Өңірлік білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл бұл көрсеткішті 83%-ға жеткізу жоспарлануда.
– Барлық қауіпсіздігі жағынан осал білім беру нысандары бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен, күзетпен және турникеттермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 3360 орындық 5 заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілді. Олардың төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылды. Жаңа оқу жылынан бастап Әулиекөл ауданының Құсмұрын кентінде және Рудный қаласында – 2 мектеп есігін ашса, Қостанай ауданының Еңбек ауылы, Қостанай қаласы және Рудный қаласында тағы 4 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға берілмек, – дейді Айман Елеманқызы.

Мұғалім – мектептің жүрегі

Заманауи мектептің шынайы қуаты – жүрегі бір, білімі терең, рухы мықты педагогикалық ұжымда. Бүгінде облысымызда 19 мың 781 педагог еңбек етуде. Осы жылдан бастап мұғалімнен оқу-әдістемелік материалдар әзірлеуді, педагогикалық тәжірибені талдауды және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап ететін жаңартылған Кәсіби стандарттар қолданысқа енгізілді. Бұл талаптар аттестациялау қағидаларында да көрініс тапқан.
Осыған байланысты басқарма басшысы өңірдің кадрлық әлеуеті айтарлықтай зерттеушілік мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті. Облыста 1507 педагог (бұл 7,9%-ы) магистр академиялық дәрежесіне, 107 педагог – «Педагог-шебер», ал 2535 педагог «Педагог-зерттеуші» біліктілік санатына ие. Әдістемелік кеңестер жұмысының нәтижелері де айтарлықтай жоғары. Өткен оқу жылында облыстық оқу-әдістемелік кеңесте 1368 жұмыс қаралып, олардың 851-і немесе 62,2%-ы мақұлданды. Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте 4 жұмыс мақұлданып, тағы 37 жұмыс қаралу үстінде.

Білім сапасы – басты көрсеткіш

Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірттерінің білімдегі жетістіктерімен өлшенетіні мәлім. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша бұл бағытта оң динамика байқалады. Мәселен, 2–11-сынып оқушыларының білім сапасы 61,2%-ды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (59,3%) 1,9%-ға жоғары. Биылғы түлектер саны – 4749 адам. Олардың ішінде 223 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 295 түлек мектепті үздік аттестатпен аяқтады.
– ҰБТ-ға 3721 түлек қатысып (бұл жалпы түлектердің 78%-ы), облыс бойынша орташа балл – 72-ні құрады, бұл республика көрсеткішінен 3 баллға жоғары. Төменгі шекті балды 3392 түлек еңсергенін атап өткен жөн (бұл республика деңгейінен 15%-ға артық). Ал 100-ден жоғары балл жинағандар – 381 түлек немесе 10%. Бұл – соңғы бес жылдан бері тұрақты сақталып келе жатқан нәтиже. 610 түлек шетелдік жоғары оқу орындарына түсті. Биыл облыс бойынша ең жоғары балл – 137. Оған үш оқушы – Баубек Серікбай, Марғұлан Аманжол және Альмансур Абдыкаликов қол жеткізді, – дей келе, бұл – жай ғана көрсеткіш емес, мұғалімдердің кәсібилігі мен оқушылардың табандылығының және ата-аналар қолдауының нәтижесі екендігін атап өтті басқарма басшысы.
Ал облыстық көрсеткіштен жоғары білім сапасы 7 өңірде тіркеліпті. Олар: Меңдіқара, Қарасу, Б.Майлин, Қарабалық, Қостанай, Жангелдин аудандары мен Қостанай қаласы. Сонымен қатар Айман Ибраева Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы, ОЗАТ, БИЛ сынды облыстық арнайы ұйымдарға ерекше тоқталды.

Жеңістер мен жетістіктер

Оқу жылының қорытындысы тек емтихандармен шектелмейді. Олардың қатарында зияткерлік сайыстардағы оқушылардың жетістіктері де бар. 2024-2025 оқу жылында қостанайлық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен байқауларда 9 жүлделі орынды, ауыл мектептеріне арналған Республикалық олимпиадада 26 жүлдеге (оның 3-еуі – командалық), ал пәндік Республикалық олимпиадалардан 23 медаль жеңіп алды. Облыстың 5 мектебі Қазақстанның ТОП-100 үздік білім ордалары қатарына кірді. Олардың қатарында: «Білім-Инновация» лицей-интернаты, Қостанай қаласындағы №2 мектеп-лицей, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия-интернаты, Рудный қаласындағы №10 мектеп-гимназия және «Озат» лицейі бар.
Ұлттық «Мың бала» олимпиадасында 16 оқушы жеңімпаз атанды. Солардың ішінде Сарыкөл ауданындағы Барвинов орта мектебінің оқушысы Ильдар Бекишев 4000 доллар ұтып, Малайзияда білім алуға грантқа ие болды. Ғылыми жобалар байқауында қостанайлықтар 16 жүлделі орынға қол жеткізді (2 алтын, 3 күміс, 11 қола). Ал халықаралық ғылыми жарыстарда 4 медаль (3 күміс, 1 қола) иеленді. Биыл Сарыкөл және Фёдоров аудандарында да айтарлықтай серпіліс байқалды. Сарыкөлдік оқушылар облыс көлемінде 48, республика көлемінде 6 жүлде алып, спорт пен IT саласында да ерекшеленді. Фёдоров ауданында 28 түлек мектепті «Алтын белгімен» немесе үздік аттестатпен тәмамдап, облыстық деңгейде 38 жүлдеге ие болды.

Білім мен тәрбие егіз

Балалардың жетістігі – тек сапалы білімнің ғана емес, сонымен қатар облыстағы барлық білім беру ұйымдарында жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан тәрбие жұмысының нәтижесі. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген Әбу Насыр Әл-Фараби.
– Жаңа оқу жылынан бастап тәрбие жұмысы «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүргізіледі. Бұл – «Біртұтас тәрбие» жобасының жалғасы. Бағдарламада бірыңғай стандарттар, тақырыптық әңгімелер, қоңырау орнына күй әуені, ұлттық ойындар және сыныптан тыс іс-шараларды кеңейту қарастырылған. Отбасылармен жұмыстың да маңызы зор: ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының саны 399-ға жетті, мектеп өміріне деген қызығушылық деңгейі артып келеді – жиналыстарға қатысу көрсеткіші 34,2%-дан 78,4%-ға дейін көтерілді. Бұл оң динамиканы сақтап, әрі қарай дамыту қажет, – деп атап өтті басқарма басшысы Айман Елеманқызы.
Жазғы кезеңде «Менің үйім – менің аулам» акциясы жергілікті атқарушы органдарды, ауыл шаруашылығы өндірушілері мен мектеп оқушыларын біріктірді. Әсіресе Ұзынкөл және Қостанай аудандарының жобалары үлгі боларлықтай деңгейде өтті. Алдағы уақытта акция облыс көлемінде жалғасын табады. Білім ордаларының республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысуы да жалғасуда. Биыл 95 мыңға жуық баланы қамтыған 2 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен деструктивті мінез-құлықтың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы 7 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 82,3%-ға, ал аутодеструктивті жағдайлар 90%-ға төмендеді. Айта кетерлігі, Ұзынкөл ауданында 2020 жылдан бері жасөспірімдер арасында бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ал Алтынсарин, Денисов және Фёдоров аудандарында соңғы бес жыл ішінде аутодеструкция жағдайлары болған жоқ.
Профилактикалық жұмыстардың негізгі тетігі – мазмұнды бос уақытты ұйымдастыру екені анық. Бүгінде облыс бойынша қосымша біліммен қамту көрсеткіші 95,5%-ды құрап отыр.

Кәсіби бағыт-бағдар

Тәрбие жұмыстарының жарасымды жалғасы – оқушыларға бағытталған кәсіби бағдар беру іс-шаралары. Бұл күнде өңірде 15-тен астам инновациялық алаңдар мен жобалар жұмыс істейді. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – «Үздіксіз білім берудегі педагог» жобасы. Бұл жоба бес жылдан бері оқушыларды мұғалім мамандығына тартуға ықпал етіп келеді. Соның нәтижесінде жобаға қатысушылардың педагогикалық мамандықтарға түсу үлесі 2023 жылғы 73%-дан 2025 жылы 82%-ға өсті. Оған қоса E-Data негізінде әзірленген «Болашақ мамандары» кәсіби бағдарлау платформасы енгізілуде. Ол жасанды интеллект көмегімен оқушыларға мамандық таңдауға жол көрсетіп, мұғалімдерді қолдауға мүмкіндік береді.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы Жұмысшы мамандықтарының жылы кәсіби бағдарға тың серпін берді: сауалнамаға қатысқан оқушылардың 82,4%-ы осы жұмысшы мамандықтарын беделді, ал 54,9%-ы пайдалы деп санайды. Кәсіпорындармен бірлесе отырып, жұмыс берушілер форумы, «Студенттік Арбат», экскурсиялар мен байқаулар өткізілді. «Инженерлік академия» мен Инженерия және көлік академиясының жобалары оқушыларды инженерлік және жұмысшы мамандықтарын таңдауға ынталандырады. Бұл бағыттағы жұмыс техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де жалғасуда, онда кәсіби бағдарлау еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлаумен ұштасып отыр.
– Бүгінде облысымыздағы 33 колледжде 21 мың 694 студент білім алуда, олардың 87%-ы – мемлекеттік тапсырыс бойынша. Мамандарды даярлау алдын ала кадрлық қамтамасыз ету үлгісі бойынша жүргізілуде. 2021 жылдан бері салынып жатқан зауыттар мен инвестициялық жобаларға арналып 21 жаңа мамандық ашылды, тағы 14-і лицензиялау кезеңінде тұр. Ерекше назар мақсатты даярлыққа аударылуда: соңғы үш жылда студенттер саны екі есеге жуық өсіп, 687-ден 1237-ге жетті. 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткішті 1700-ге дейін ұлғайту жоспарлануда. Серіктестер саны 42-ден 80-ге, шефтік кәсіпорындар 38-ден 250-ге дейін артты. Кәсіпорындар материалдық-техникалық базаны дамытуға белсенді түрде инвестиция салуда, – деді Айман Елеманқызы.

Инклюзия – басты назарда

Басқарма басшысы өз сөзінде білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау болып қала беретінін баса айтты. Соңғы екі жыл ішінде өңірде 9 инклюзияны қолдау кабинеті және 3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Бұл арнайы көмекті қамтуды 61%-дан 81,2%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. 2025 жылы тағы 3 ИҚК ашу жоспарлануда, ал 2026 жылдан бастап мұндай кабинеттер балабақшаларда да пайда болады.
– Ерекше санаттағы балаларды қолдау тақырыбын жалғастыра отырып, соңғы бес жылда өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 25,6%-ға азайғанын атап өткім келеді. Бүгінде олардың 66,5%-ы – отбасында, 21%-ы – интернатта тәрбиеленуде. Ұйымдар желісі 6 бірлікке қысқарды. Сондай-ақ қазіргі таңда 5 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, ал «Отбасының цифрлық картасы» қиын жағдайдағы отбасыларды алдын ала анықтап, оларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деген Айман Ибраева сөзін: «Жаңа оқу жылы жарқын жетістіктер мен сенімді қадамдар жылы болсын!», – деген тілегімен аяқтады.

Жамал ШАУКЕН,
Сурет газет мұрағатынан

Актуально

Реклама

Учитель – это светоч нации. Ежедневным кропотливым трудом каждый из вас вносит неоценимый вклад в развитие страны. Вы сеете семена знаний в молодые сердца и растите мыслящую нацию. Ибрай Алтынсарин говорил: «Превыше всего я ценю хорошего учителя». Педагог – ключевая фигура в построении будущего страны, поэтому ему должно быть отведено достойное место в обществе.

Я спросил у посла Японии, каким образом его страна сумела так быстро достичь высокой степени развития, стала играть в мире столь важную роль? Мне очень понравился ответ посла: «Японцы верили, что единственный способ поднять страну – это дать своим детям лучшее образование, чем они имели сами, самым важным для них было уйти от своего положения крестьян и получить образование. Поэтому в семьях огромные усилия прикладывались к тому, чтобы поощрять детей хорошо учиться в школе, чтобы они могли чего-то достичь. Из-за этого стремления постоянно чему-то учиться, через систему образования распространялись новые идеи из внешнего мира. Это одна из причин быстрого развития Японии».