Білім басқармасындағы ашық есік күні

Выпуск - №19(516)   :   12.05.2022
503

Жуырда ұстаздар мен ата-аналарды, оқушылар мен студенттерді Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының жұмысымен таныстыру мақсатында ашық есік күні өтті. Аталмыш шара еліміздегі ахуалға байланысты екі жылғы үзілістен кейін өтіп отыр.

Жиының көздегені бір: ашық есік күні аясында жиналғандарды аталмыш басқарманың жұмысымен таныстырып қана қоймай, көпшілік біле бермейтін тұстарын да ашып, халықтың білім ошақтарымен жұмысын жеңілдететін тиімділіктерді ұсыну. Шын мәнісінде, қарапайым қала тұрғыны ретінде, бұл артықшылықтарды байқадық. Алғашқы сәлемдесу сөзі Қостанай облыстық білім басқармасының басшысына беріліп, өз сөзінде Зәуре Байменова жұмыс ауқымы кең білім беру саласының қызметкерлерінің жұмысы жастардың сапалы біліммен қатар лайықты тәрбие алуына бағытталғанын атап өтті.

Былтыр ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен білім берудегі мемлекеттік басқару жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес бұған дейін қалалық, аудандық әкімдікке қараған барлық білім беру ұйымдары, ендігі кезекте Облыстық білім басқармасына қарайды. Нәтижесінде бүгінде облыс бойынша аталмыш ведомство құрамында 802 білім беру ұйымы бар. Қоса есепке алғанда онда 36 мың қызметкер жұмыс істесе, соның 20 мыңға жуығы педагогтер. Ал білім беру ұйымдарында қамтылған балалар мен студенттердің жалпы саны 165 мыңға жақын. Бұл деректерді басқарма жұмысымен таныстыру барысында Зәуре Әнуарбекқызы ұсынды.

Басқарма құрылымының өзі 9 бөлімнен (оның ішінде 1 басшы, 3 басшының орынбасары, 9 бөлім басшысы, 23 бас маман), сондай-ақ 2 әдістемелік кабинеттен және 4 орталықтан тұрады. Басқарманың жұмысымен таныстыру барысында Зәуре Әнуарбекқызы жалпы бюджет көлеміне де тоқталып, білім беру саласының бюджеті облыс бюджетінің үштен бір бөлігін – 152,9 млрд теңгені құрайтынын айтып өтті. Ал жалпы қаражатты пайдаланудың ашықтығы үшін барлық білім беру ұйымдары «Egov» электронды порталындағы «Ашық үкімет» және «Ашық бюджеттер» қосымшаларына енгізілген. Қажет болған жағдайда, аталған порталдан кез келген білім беру ұйымының таяудағы үш жылға арналған барлық бюджетін көру мүмкіндігі бар.

Жиналғандар қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын да алды. Осылайша Білім басқармасының негізгі қызметі мен бөлімдерімен танысып болған соң, келесі сөз кезегін Білім беру сапасын бағалау және ақпараттандыру әдістемелік орталығының директоры алды. Ольга Козлюк халыққа қолжетімді және сапалы білім беру үшін 34 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін атап өтіп, олардың барлығын үйде отырып-ақ, электронды форматта жүргізуге болатындығын тілге тиек етті.

– Ұлттық білім беру деректер қорында (бұдан әрі – ҰБДҚ) білім беру жүйесінің барлық көрсеткіштері бойынша статистикалық және әкімшілік деректер біріктірілген. База басқа ведомстволар мен ұйымдар үшін білім беру жүйесі бойынша ресми ақпарат көзі болып табылады. Базаға жеке тұлға тек ЭЦҚ арқылы кіре алады. Контингент пен персонал бөлімдерінде күн сайын жаңадан келгендерді және кеткендерді толтыру бойынша жұмыс жүргізіледі, сондай-ақ барлық білім беру ұйымдарының жобалық қуаты, материалдық-техникалық базасы бойынша деректер бар, – дейді Ольга Александровна.

Ата-аналардың ерекше ықыласпен тыңдаған дүниесі: білім беру саласындағы қызметтердің электронды жүйеге көшірілуі. Қостанай облысында 2018 жылдан бастап мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша ақпараттық жүйелерді енгізу қолға алынды. Оларға тоқталып өтер болсақ:

«INDIGO» – электрондық балабақша. Аталмыш жүйе мектепке дейінгі білім беру ортасының жұмысын қамтамасыз етеді және баланы балабақшаға кезекке қою немесе басқа балабақшаға ауыстыру сынды мемлекеттік қызметтерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«SAKURA» – электрондық мектеп. Ол мектептегі білім беру ортасының жұмысын қамтамасыз етеді. Яғни, бұл жүйенің көмегімен балаңызды бастауыш, негізгі орта, жалпы білім беретін мектепке оқуға қабылдау немесе қалаған балабақшаға ауыстыру қызметтерін орындауға болады.

Былтыр «MINDAL» және «MALAHIT» қосымшалары енгізілді. Алғашқысының көмегімен балаңызды қосымша білім ұйымдарына жазып, қалаған үйірмеге қатысуына өтініш бере аласыз. Бір ерекшелігі: барлық қосымша білім беру ұйымдары, олардың жұмысы көз алдыңызда болады. Ал екіншісі инклюзивті контингентті есепке алу, есептіліктің барлық нысандарын электрондық форматқа көшіру, педагогтер мен басшыларды конкурстық іріктеу функциясын атқарады.

Үстіміздегі жылы тағы бір ақпараттық жүйе іске қосылды: «AZAMAT» – электрондық колледж. Дәл мектеп пен балабақшадағыдай, бұл жерде балаңызды колледжге қабылдауға, басқа оқу орнына ауыстыруға болады. Сондай-ақ педагогтер мен студенттердің жеке істерін жүргізуді, сабақ кестесін жасауды, сабаққа қатысуды бақылауды, жатақхананы жоспарлауды, бөлуді қамтып, мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асырады.

Ашық есік күніне келіп, бірталай пайдалы ақпаратқа қанық болғандардың бірі – Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-дің Заң факультетіндегі Халықаралық құқық мамандығының 3-курс студенті Аружан Сәрсенбаева. Аталмыш топ бұл мамандықтың алғашқы түлектері екендігін атап өткен ләзім. «Менің әкем мен ағам заң саласының қызметкерлері. Сондықтан болар, кішкентайымнан осы салаға қызығушылығым жоғары», – дейді ол. Қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен атсалысып жүрген Аружан, болашағын да осы бағыттан көретіндігін айтады. Бүгінде ол Қостанай өңірлік университетінің Студенттік парламентінің президенті әрі Қостанай қаласындағы қоғамдық кеңестің мүшесі. Сондықтан да осындай іс-шаралардың басы-қасында жүруге тырысады.

– Жұмыстың көлеміне қарамастан, демалыс уақытымызды пайдалы өткізуге тырысамыз. Біздің ұжымда пайдалы әдебиеттерсіз өмірін елестете алмайтын қызметкерлердің әр түрлі жас санаттарын біріктіретін оқырмандар клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ басқарманың мамандарымен бірге «Мозгобойня» интеллектуалдық ойынына белсенді қатысамыз. Аталған ойында біздің «Шалость удалась» атты командамыз екі рет жүлделі орындарға ие болды және жаңа жеңістерге дайын. Алғаш қатысқан сәтте 2-орынға ие болсақ, екінші қатысқанда 1-орынды қанжығамызға байлап келдік, – деп бөлісті басқарма басшысы Зәуре Байменова.

Әрине, бір сағатқа созылған ашық есік күнінде Облыстық білім беру басқармасының барлық жұмысымен танысу мүмкін болмас. Жетістіктермен қатар егжей-тегжейлі талданатын және жүйелі түрде шешілетін мәселелер де жоқ емес. Бұны басқарма басшысының өзі де тілге тиек етті. Дегенмен «Сен де бір кірпіш дүниеде, кетігін тап та бар қалан», – деп Абай Құнанбайұлы атап өткендей, жастардың өмірде лайықты орын табуы: білім беру саласы қызметкерлерінің абыройлы мақсаты.


Жамал ШАУКЕН,
суреттерді түсірген
Қайырбек ГИЛИМЖАНОВ

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.