Білім – жетістіктердің алғашқы зор баспалдағы. Қазіргі замана шындығымен үйлескен қатпарлы кезеңде тек білім арқылы үлкен жолға қадам баса аламыз. Өр тұлғалы азаматша болып қалыптасуымызға айрықша бір серпін беретін негізгі тұңғиық іспеттес.
Ал сол тұңғиықты дамыту жолында біз асқақ армандарымызға, айқын мақсаттарымызға жетеміз. Әрине, білім үйрену жолында берер жемістерімен қатар бұралаң қиындықтары да болады. Қазақтан шыққан небір ақын-жазушылар, ғалымдар, мамандық иелері бәрі де сол кездескен қиындықтарға қарамай білімнің арқасында өз болашақтарының іргетасын қалаған. Соның бірі Ыбырай Алтынсарин атамыз қазақ мектебінің алғаш есігін ашса, ал Абай Құнанбаев атамыз өз білімін жетілдірумен қатар жастарды білімге, ғылымға шақырды.
Қазақтың білім шыңының биігіне жеткен ұлы тұлға, сөз өнерінің кірпішін қалаған Абай Құнанбайұлының өз заманында ғылымы мен білімі арқылы тарихқа өшпес шырақ жағып, келер ұрпаққа тағылымы терең мол мұра қалдырды. Немере бауыры Кәкітай Ысқақұлының сөзіне қарағанда, Абай он жасынан он екі жасына дейінгі аралықта екі жыл өз ауылында мұсылманша хат таныған. Ал он екі жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза қазіреттің медресесіне түседі. Бұл медреседе Абай үш жыл оқиды. Медреседе оқып жүріп үш айдай орыс мектебінен де дәріс алады. Ахмет Риза медресесінде арифметика, тарих, жағрапия пәндерінен дәрістер жүргізілген. Мұнда Абай ауылда жүріп оқыған түрік тілін меңгеруді жалғастырып, араб және парсы тілдерін үйренуге күш салады. Ерекше ұғымтал, зерек Абай өзі қатарлы балаларға қарағанда анағұрлым жақсы оқиды. Медреседе оқу оған аса қиын болған жоқ. Бос уақыттарында өз бетімен кітап оқып, білім алуға, көп ізденуге талпынған. Көбінесе араб, иран, парсы тілдерінде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдеби мұраларды ерекше сүйіспеншілікпен оқитын болған.
Білім, ғылым есігін енді ғана ашқан Абайды әкесі Семейдегі оқуын жалғастыртпай, елге қайтып алады. Осымен үш жылдық медреседегі және үш айлық орыс мектебіндегі дәрістермен Абайдың бар оқуы тәмәмдалады. Оның үш жыл оқуы сырт көзге аз көрінгенімен, өзіне көп жаңалық беріп, біраз дүниенің есігін ашады. Кішкентайынан білімге құмартқан бала Абай өзінен кейінгі келер ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін тек білім-ғылыммен жол аша алатындығын түсінеді. Сол себептен дана ақын бала күнінен қазақ болмысында болып жатқан оқиғаларды жырына арқау етеді. Өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен ойлары мен сырларын қара сөздері мен жалынды жырларында маржандай төгілдіреді. Оның әрбір жолынан, әрбір сөзінен соншама ыстық леп сезіледі.
Абайдың мақсатына жеткендігінің бір дәлелі – мен білім алып жатқан Амантоғай жалпы білім беретін орта мектебі деп нық сеніммен айта аламын. Олай дейтінім: біздің мектебімізде оқушы білімін арттыру үшін жыл сайын ақын мұраларын дәріптеу, келешекке үлгі ету мақсатында «Абай оқулары» байқауы өткізіледі. Аталмыш байқауда оқушылар ақынның өлеңдерін, қара сөздерін жаттап, мәнерлеп оқу бойынша сайысады. Абай өлеңдерін жатқа айтудан аудан, облыс, республика көлемінде жетістікке жеткен түлектеріміз де болды. Мысал келтіретін болсам алтын ұямыздың 2016 жылғы түлегі – Меңсұлу Еңбекші.
Меңсұлу кішкентайынан Абайдың мұра етіп кеткен жырларын, тағылымды қара сөздерін сүйіп оқып, Абай құрметіне ұйымдастырылатын аудандық іс-шараларға белсене ат салысып жүрді. 300-ге жуық өлеңдерін, тәрбиелік мәні бар қара сөздерін жаттап, әдебиетке деген қызығушылығын арттырды. Әрине Абайдай ақынның жырларын бойына сіңіріп өскен тұлға болашақта білім саласының бір кірпіші болып қаланатыны сөзсіз. Олай деуімнің себебі, Абай өз сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», – дегендей, қазіргі таңда Еңбекші Меңсұлу жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын оқып жатыр. Ендігі мақсаты – дәл Абайдай артынан асыл мұра қалдырмаса да, келер ұрпақтың жүрегіне Абай өлеңдері арқылы жол тауып, білім шырағын жағу.
Қазақ елінің тәуелсіздік, еркіндік күніне асыл Абай жетпесе де, «жүрегі – айна, көңілі – ояу» ұрпақтары қадам басты. Бүгінде осы тарихи мезетке ел-жұртын өмірлік өнегесімен, шығармашылығымен, білімімен қайраттандырған, талай буын жастарды рухани байлығымен асыраған Абай туындыларының туы жығылған жоқ. Халқының мұң-зарын жоқтап, шындық іздеп, қараңғы қазақтың көзін ашамын деп «мыңмен жалғыз алысқан» Абай Құнанбайұлының өмірі ұрпағына үлгі болып қала бермек. «Білім инемен құдық қазғандай» демекші, оны алу, ұғыну оңайлыққа түспейді. Нағыз білімге жету жолында талмай еңбек етуге, көп күш-қайрат жұмсауға тура келеді. Бірақ нәтижесі жақсы болары анық. Абай атамыз: «Ғылым таппай мақтанба», – деп айтқанындай, бос нәрсеге мақтанбай, ақыл-санамызбен, білімімізбен мақтанайық!
Әсемай СҮЙІНДІКОВА,
Амантоғай ЖББОМ
11-сынып оқушысы,
Амангелді ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.