Ұстаздар күні – адам жанының сәулеткерлеріне деген шексіз алғыс пен құрметтің ерекше сәті. Мерейлі мерекеге орай Қостанай қаласындағы «IQostanay» Smart-орталығында қостанайлық педагогтердің басын қосқан салтанатты іс-шара өтті.
Ғимараттың табалдырығынан аттай сала, скрипканың сырлы әуеніне тербеліп, мерекенің басты жұлдыздары – ардақты ұстаздар – қызыл кілемнің бойымен концерт залына қарай бойлады. Ал залға кіреберісте әрбір педагогке қала әкімі Марат Жүндібаевтың атынан арнайы құттықтау хат пен кеудесіне «ТТТ», яғни «Тобыл-Торғай Тарландары» белгісі тағылып, танымал ақын Абылай Маудановтың «Дайдидау» атты қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жарық көрген жыр кітабы сыйға тартылды.
– Мерекені ұйымдастыру барысында, ең әуелі, өңірдің тарихына үңілдік. Мысалы, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласындағы ағартушылықтың бастауында тұр. Дәл осы Тобыл-Торғай жерінде ол тұңғыш қазақ мектебін ашып, балаларға ана тілінде білім берудің негізін қалады. Кейін бұл ағартушылық жолды Ахмет Байтұрсынұлы жалғастырып, қазақ тілінің әліпбиі мен оқулық жүйесін қалыптастырды. Яғни, өңірдің әр мұғалімінің бойында ұстаздық – осы киелі дәстүрден бастау алады. Бұл идеяны мерекенің өзегіне айналдырдық. Кіреберістегі атмосферадан бастап, сахнадағы әр нөмірге дейін көрерменді ерекше күйге бөлеп, ұстаздық еңбектің қадірі мен рухани салмағын сезіндіруді мақсат еттік, – дейді мерекені ұйымдастырушы режиссер, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Анара Жанбекова.
Расында да, мерекелік концерттің әр нөмірі бір-бірімен астасып, тұтас бір көркем композицияға айналғандай болды. Тұңғиық атмосфераны С.Мәуленов атындағы гимназияның оқушылары мен облыстық қуыршақ театрының әртістері дайындаған сахналық қойылым ашып берді. Сахна төрінде Ыбырай Алтынсариннің биік қуыршақ бейнесі көрініп, «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі оқылды. Терең мағыналы бұл туынды залда отырған әр ұстаздың жүрегін тербеп, ұлағатты еңбектің қадірін тағы бір еске салды. Артынша сахнаға көтерілген Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев педагогтерді кәсіби мерекелерімен құттықтады:
– Мұғалімдер күні – жай ғана мереке емес, бұл – сіздердің еңбектеріңізге, адал қызметтеріңізге көрсетілген үлкен құрмет. Биыл 140 жылдығы аталып жатқан Міржақып Дулатұлының «Өзіңнің білгеніңді халқыңа үйрет» деген сөзі бар. Бұл сөз – сіздердің мамандықтарыңыздың мәні. Адам қандай биікке жетсе де, өзінің ұстаздарын ұмытпайды. Сіздер күн сайын балаларға білім мен тәрбиенің дәнін сеуіп, елдің ертеңін қалыптастырып жүрсіздер. Қостанай қаласы әрқашан білімді, талантты ұстаздарымен танымал. Біз білімнің негізін қалаған ұлағатты ұстаздарды ұмытпаймыз, олардың есімін тарихта сақтаймыз, – дей отырып, көрермендер залында алдыңғы қатарда отырған ардагер ұстаздарға жеке-жеке тоқталып, ерекше алғысын білдірді.
– Еңбектеріңіздің басты көрсеткіші – шәкірттеріңіздің жетістіктері. Бұған дәлел – облыстық деңгейдегі 400-ден астам, республикалық деңгейдегі 34 және халықаралық деңгейдегі 6 марапат. Әрбір жетістіктің артында ұстаздың еңбегі жатыр. Мәселен, М.Горький атындағы гимназияның мұғалімі Артём Тимофеевич Москаленконың еншісінде бірден үш жоғары марапат бар: екеуі – республикалық, бірі – халықаралық. Сондай-ақ №2 мектеп-лицейінің мұғалімі Оксана Васильевна Мухортова екі интеллектуалдық олимпиада жеңімпазын дайындаған. Музыка мектебінің ұстазы Әсем Құрманғазықызы Искакова халықаралық «Жетіген» байқауының үш лауреатын тәрбиеледі. Оған қоса сурдо және авиомодельдеу бойынша халықаралық чемпионаттарда алты бірдей жүлдені техникалық шығармашылық мектебінің педагогі Алексей Николаевич Шангариевтің шәкірттері иеленді, – деп мақтана бөлісті Марат Қонысбайұлы.
Қала әкімінің айтуынша, биыл қостанайлық педагогтердің қатары 144 жас маманға толыққан. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ білім беру грантына ие болған 300 түлектің 180-і ұстаздықты таңдаған. Яғни, жастардың педагог мамандығына деген қызығушылығы мен сенімі арта түскен. Осындай ізгі миссия иелерін ұлықтаған салтанатты кеш марапаттау сәтімен жалғасын тапты.
№3 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зауреш Даумоваға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табысталды
Он бір педагогке «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. Олар: №30 ЖББМ қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлшат Сабықова, №7 ЖББМ математика пәнінің мұғалімі Ирина Курманбаева, №20 ЖББМ география пәнінің мұғалімі Жанат Бейсенова, «Дарын» орталығы директорының ұйымдастырушылық-бұқаралық жұмыс жөніндегі орынбасары Багытжан Исетова, №15 ЖББМ физика пәнінің мұғалімі Салтанат Мәженова, №3 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зауреш Даумова, №20 ЖББМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Мәлікова, М.Горький атындағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Инна Гассельбах, №31 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Қалимарданова, №32 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі Улжан Казиева, №31 ЖББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зоя Қойтбаева.
«Еңбек ардагері» төсбелгісі математика пәніне 40 жыл ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз Ольга Падеринаның жүрек тұсына тағылды
«Еңбек ардагері» атағы – математика пәніне 40 жыл ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз Ольга Падеринаға, ал «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі №23 ЖББМ қазақ тілі пәнінің мұғалімі Абосин Құрмановаға берілді. Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасына балалардың құқықтарын қорғау және мүдделерін қамтамасыз ету секторының меңгерушісі Асия Муканова, №6 ЖББМ директоры Татьяна Кандалина, Техникалық шығармашылық мектебінің директоры Амангелді Салықов, мектепке дейінгі сектордың жетекшісі Татьяна Жихарева және Никифоров атындағы көркемсурет мектебінің директоры Наталья Никитина ие болды.
Техникалық шығармашылық мектебінің директоры Амангелді Салықов Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды
Ал Қостанай қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен №14 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі Алия Тулебаева, физика-математика лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сабина Кәкімжанова, №19 ЖББМ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Наталья Беккер, Қостанай қаласы білім бөлімінің әдіскері Әділ Жанабаев, №17 ЖББМ директорының орынбасары Асем Микибаева, №61 ясли-балабақшасының нұсқаушысы Сәділ Байдаулетов, №23 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі Дамир Вафин, №12 бөбекжай-балабақшаның директоры Алмагүл Сәлменова, Техникалық шығармашылық мектебінің педагогі Алексей Шангариев, А.М. Горький атындағы гимназияның мұғалімі Серік Сақанов, №122 мектеп директоры Маржан Аймаганбетова және №6 бөбекжай-балабақшаның директоры Римма Әбішева марапатталды.
Қостанайлық педагогтерге әрмен қарай концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада «Салтанат» ансамблі би өрнегін төксе, жас өнерпаздар шығармашылығымен көрермен ықыласына бөленді. Әсіресе облыстық қуыршақ театрының директоры Төленді Әлқожа мен №24 мектеп-гимназия оқушыларының орындауындағы «Ана» және «Ұстазым» әндері залды ерекше толқытты.
Тосын сый ретінде сахна төріне көпшілікке Amre деген атпен танымал әнші, жерлесіміз Ернар Садырбаев ұстаз еңбегінің ұлылығын атап өтіп, өз өміріне жол ашқан ұстаздарына және барша педагогтер қауымына шынайы ризашылығын білдіріп, ұмытылмас кеш сыйлады.
Жамал ШАУКЕН,
Суретті түсірген автор
«Учительская плюс» – это газета, которую читаешь не по обязанности, а с интересом. Здесь нет сухих отчётов. Есть живые истории учителей, полезные методические находки, опыт коллег со всей области. Каждый номер как подсказка и поддержка. Я очень люблю нашу газету за возможность рассказать о своей работе и узнать больше о работе своих коллег по всей области.
Спасибо редакции за то, что говорите с учителем на одном языке и вселяете веру в нашу профессию!
Школу-гимназию им. Абая г. Аркалыка и газету «Учительская плюс» связывают годы крепкой дружбы. Педагоги школы всегда проявляют искреннее желание подписаться на издание, ведь они горят своим делом и хотят публиковать статьи, транслируя свой опыт. Газета стала для нас незаменимой диалоговой площадкой, где каждый педагог может щедро делиться своим уникальным опытом, профессиональными открытиями и мастерством. Возможность сотворчества с такой авторитетной газетой для меня бесконечно ценна.