«Дарынды шәкірт – білікті ұстаздан»

Выпуск - №51 (548)   :   06.01.2023
600

Осындай тақырыпта Рудный қаласындағы М.Дулатов атындағы ЖББ мектепте қалалық семинар ұйымдастырылды. Атына заты сай семинар ұстаздардың дарынды оқушылармен жұмыс барысындағы тәжірибесімен бөлісу және насихаттау мақсатын көздеді.

Тағылымы мол семинардың ашылуында мектеп басшысы Абзал Ағатай мектебіміздің дарынды оқушыларының жетістіктерін айта келіп, семинар қатысушыларына сәттілік тіледі. Семинардың теориялық бөлімінде директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Анар Ержигитова «Дарынды оқушыны дамыту – ұстаз парызы» тақырыбында баяндама жасап, қатысушыларға мектебімізде дарынды оқушылармен жүргізілетін жұмыс бағытын таныстырып, дарынды оқушыларының жеткен жетістіктерін саралап, қорытынды жасады.

Директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Жанар Сагимбаева семинарға келген қонақтармен дарынды балаларды анықтау жолдары бағытында «Іс-тәжірибеде жасырын дарындылық қабілетін анықтау» тренингін өткізсе, мектеп психологы Амина Шакирова қатысушылардың көшбасшылық қабілеттерін анықтау мақсатында «Стакан мұнарасы» атты психологиялық тренинг пен «Қауырсын» психологиялық тест жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар семинар барысында көрме ұйымдастырылып, «Шын талантқа тәңірі өзі шабыт береді» атты дарынды оқушылардың шығармашылығындағы үздік жұмыстар әп-сәтте көрермен көзайымына айналды. Оқушылардың өз қолдарымен жасалған жұмыстары: ғылыми жобалар өнімдері мен қолөнер туындылары, сурет топтамалары және үйірме қатысушыларының үздік жұмыстарын көпшілік тамашалап жатты.

Білікті ұстаздан – дарынды шәкірт шығады демекші, тәжірибелі мұғалімдердің оқушыларға арналған дамытушылық және шығармашылық жұмыстарына әріптестері қызығушылық танытып қана қоймай, өздеріне бойтұмардай ой түйгені анық. Іс-шараның соңы семинардың практикалық бөліміне ұласты. Атап айтқанда, «Қоршаған ортаны қорғау» секциясының жетекшісі Сайран Өміржанова 10-11 сынып оқушыларымен «Қызық екен» ойынының форматында «Ғылымға бір қадам» шебер-сыныбы барысында зерттеушілік тапсырмаларды орындау және тәжірибе жасау тапсырмалары арқылы функционалдық сауаттылығын дамытса, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Қасқырбаева 7-9 сыныптағы зерттеу жобалармен тұрақты айналысып жүрген дарынды оқушылармен «Оқушылардың зерттеу дағдыларын қалыптастыру жолдары» шебер-сыныбын өткізді.

Шебер-сынып барысында оқушылар өзекті тақырыптарда жоба жұмысын қорғап, проблемалық сауалдар шешімін тауып жатты. Қазіргі таңда мектебіміз зор мақтанышпен есімін иеленіп отырған Алаш арысы Міржақып Дулатов өз дәуірінде дарынды балаларды оқытып-тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, дарындылық туралы пікірінде: «Кімде-кім өзінің табиғатында не нәрсеге шеберлік барын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанда көріп тұрғандай боласың...», – деген екен. Осы орайда тәжірибелі мұғалімдер қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айткүл Шайкибекова мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алия Ишанова «Оқушыларды сыни ойлауға тарту жолдары» қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы шебер-сынып барысында семинар қатысушылары пән олимпиадасының тапсырмаларының орындалу кезеңдерін талқылауы осының бір дәлелі іспеттес.

Тіл сабақтарында эссе жазу талаптарын нақтылай отырып, жазба жұмысын әріптестермен бірлесе орындады. Сондай-ақ математика пәнінің мұғалімі Умитай Мырзабекова және бастауыш сынып мұғалімі Гулшат Капышева «Learning Apps» қосымшасының жаратылыстану пәндерін оқытудағы тиімділігі» тақырыбындағы жаратылыстану-математикалық бағытындағы шебер-сынып барысында ғаламтор желісінде ««Learning Apps» қосымшасымен сабақтарда тапсырманы орындау жүйесін таныстырып, әріптестермен бірлесе тапсырманы орындау жолдарын жүзеге асырды. Іс-шарада тәрбие жұмысы да назардан тыс қалмады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Аманбаеваның ұйымдастыруымен «Дарындылық – табиғат сыйы» атты дарынды оқушылардың өнерін тамашалау концертінде 5-10 сынып оқушылары ән шырқап, көркемсөз оқып, домбырада күй шертіп, жас ақындар арнау өлеңдерін оқыса, бастауыш сынып оқушылары «Қазақстан жеті кереметі» тақырыбында шығармашылық жұмыстарын көрермен назарына ұсынды.

Осылайша тағылымды семинар да мәресіне жетіп, қатысушылар ризашылықпен тарқасты. Оқушылардың бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу – ерекше қиын да қызықты іс. Алайда әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаздың парызы. Мектебімізде өткен семинар шәкірттерімізді заман талабына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оқушыларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамытудың үлгісі болғаны анық.


Роза ЖАРҚЫМБЕКОВА,
М.Дулатов атындағы ЖББМ
бастауыш сынып мұғалімі,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.