Дарындыларды танытқан күн

Выпуск - №21(669)   :   06.06.2025
420

Халықаралық балаларды қорғау күнінде Қостанай қаласындағы IQostanay Оқушылар сарайында биылғы оқу жылының қорытындысын түйіндеген ауқымды марапаттау кеші өтті. Іс-шараға облысымыздың дарынды оқушылары мен олардың ұстаздары қатысты.

Foto-43


Бүгінде облыста 436 мектеп жұмыс істейді және онда 113 мыңнан астам бала білім алуда. Бұл – өңірдің білім беру саласының ауқымы мен маңызын айғақтайтын көрсеткіш. Білім мен ғылым ғана емес, спорт пен өнер саласында да үздік нәтиже көрсетіп жүрген жас өрендер осы кеште лайықты құрметке бөленді. Республикалық деңгейде жүлдегер атанған оқушыларға марапаттарын Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов табыстады.
– Өткен жылы өңірімізде «Келешек мектептері» жобасы аясында жалпы саны 3300 орынға арналған 4 жаңа мектеп ашылды. Оның екеуі Қостанай қаласындағы «Аэропорт» және «Береке» шағын аудандарында, қалған екеуі Қостанай ауданының Заречный ауылында және тәуелсіздік алған жылдардан бері алғаш рет Арқалық қаласында пайдалануға берілді. Алдағы уақытта, нақтырақ айтсақ, 2025 жылдың соңына дейін облыс көлемінде тағы 7 мектеп ашу жоспарланып отыр. Ұлттық жоба аясында Рудный қаласы мен Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында, сонымен қатар 5 жалпы білім беретін мектеп: екеуі Қостанай қаласында және бір-бір мектептен Рудныйда, Қостанай ауданының Еңбек ауылында, Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылында ашылады. Барлығы 7740 оқушы орнына арналған 11 мектеп салынады, – деп атап өтті Бақытжан Хаберұлы.

Foto-71


Қостанай облысының мектеп оқушылары халықаралық және республикалық деңгейдегі білім және спорттық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Оған қоса, оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалайтын халықаралық PISA зерттеуінде облысымыз республика деңгейінде алдыңғы қатардан көрінді. Атап айтқанда, облысымыздың оқушылары оқу сауаттылығы бойынша – 1-орын, жаратылыстану ғылымдары бойынша – 2-орын, математикадан – 4-орын иеленді. Аталған көрсеткіштер – өңірдегі білім сапасының халықаралық деңгейде де жоғары екенін айғақтайды.
Облысымыздың мектептерінен 70 оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқаулары және халықаралық білім сайыстарында оза шауып, жеңімпаз атанды. Ерекше атап өтерлігі – ауыл мектептерінің шәкірттері де биік белестерді бағындырып жүр. Ауыл оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Қостанай облысы командасы жалпыкомандалық есепте 3-орынды иеленді. Бақытжан Хаберұлы атап өткендей, былтырғы 13 жүлдегерге қарағанда, биыл олардың саны 26-ға дейін артқан.
– Іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиаданың шешуші кезеңіне жолдама алдым. Бұл олимпиада Қызылорда қаласында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүздеген оқушының арасында тест және эссе кезеңдері бойынша бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі үшінші орынға ие болдым. Қатысушылар мықты дайындықпен келген, сондықтан бәсекелестік те жоғары болды, – дейді марапат иесі, Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 10-сынып оқушысы Ерсұлтан Аманжол.

image

 Жас дарын Ерсұлтан Аманжол мен ұстазы да марапатқа бөленді


Жан-жақты жас дарын басқа да бағыттарды назардан тыс қалдырған емес. Қызығушылығы тек тарихпен шектеліп қалмайды. Мәселен, болашақта нақты ғылымға – физика саласына бет бұруды көздеп отыр. Әрине, мұндай жетістіктер – шәкірт пен ұстаз арасындағы өзара сенім мен тынымсыз еңбектің жемісі. Осындай жас таланттарды танып, оларға бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздардың бірі – Әулиекөл ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің педагог-модераторы Рауан Нұрахметов.
– Олимпиадаға қатысатын оқушылармен жұмыс істеу – мен үшін үлкен мәртебе әрі шабыт. Бүгінгі марапаттау кешіне 9-сынып оқушысы Аңсар Құлтаевпен бірге келдім. Аңсар – ерекше дарынды бала, республикалық деңгейдегі төрт дүркін жүлдегер. Биылғы наурыз айында Алматы қаласында өткен республикалық олимпиадада 3-орынға ие болды. Былтыр IQanat мектебіне грант жеңіп алды, алдағы оқу жылында сол мектепке оқуға түседі. Командамда басқа да талапты да талантты балалар бар. Барлығына дән ризамын. Мұғалім ретінде білімімді шәкірттеріммен бөлісу – менің басты парызым деп білемін, – дейді Рауан Нұрланұлы.

image

Рауан Нұрахметов пен шәкірті Аңсар Құлтаев – салтанатты сәтте


Марапаттау рәсімі өтіп жатқан залдың кіреберісінің алдында өнерлі жастардың қолөнері мен шығармашылық еңбектерінен құралған көрме көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл – тек көз қуантатын туындылар ғана емес, өрендердің талпынысы мен шабытынан туған, тың идеяларға толы дүниелер. Әсіресе, көрмеде қаламыздағы Техникалық шығармашылық мектебінің бұрышы көрермендердің қызығушылығын оятты.
– Біздің мектепке 6 мен 18 жас аралығындағы балалар қатысады. Жас ерекшеліктеріне қарай тапсырмалар да біртіндеп күрделенеді. Бүгінгі көрмеге шәкірттеріміздің қолынан шыққан үздік туындыларды алып келдік. Бұл жұмыстар – жай ғана хобби емес, баланың ойлау қабілеті мен шығармашылық әлеуетін дамытатын ізденіс пен табанды еңбектің жемісі. Шәкірттеріміз тек мектеп ішінде емес, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі байқауларда да марапат биігінен көрініп жүр, – дейді Техникалық шығармашылық мектебінің қосымша білім беру педагогі Владимир Лапытько.

image

Мерекелік іс-шара аясында ұйымдастырылған көрмеге шәкірттерінің жұмыстарын ұсынған Техникалық шығармашылық мектебінің қосымша білім беру педагогі Владимир Лапытько әріптестерімен

Ұстаздың сөйлеген сөзінен бұл саламен біте қайнасқаны бірден байқалады. Өйткені ол да – кезінде осы мектептің шәкірті болған.
– Бұл салада үздіксіз еңбек етіп келе жатқаныма отыз жылдан асты. Өзім де осы мектептің шәкіртімін: ең алғаш рет 3-сыныпта оқып жүрген кезімде келген едім. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, 1993 жылы педагог ретінде қайта оралдым. Содан бері осы киелі шаңырақта табан аудармай қызмет етіп келемін, – дейді Владимир Владимирович шынайы ықыласпен.
Марапаттау кешінде халықаралық байқауларда топ жарған жас музыканттар мен Анатолий Дмитриевич Ефанов жетекшілік ететін Қостанай қаласындағы №11 мектептің радиотехникалық үйірмесінің мүшелері ерекше аталып өтті. Салтанатты жиында жүлдегерлерге 50, 75, 100, 150 және 225 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табысталып, олардың жетекшілері Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ жақында өткен «Мектеп – балалар көзімен» байқауының жеңімпаздары – Тоғызақ мектебі 3 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

3

Тоғызақ мектебі ойға алған жобасын жүзеге асыру үшін 3 миллион теңгенің сертификатына ие болды


Марапаттау рәсімдерінің аралығында өнерпаз ұжымдар, соның ішінде «Карнавал» би ансамблі өз өнерлерімен көрермендерді қуантты. Ал Алексей Алексеевич Губенконың жетекшілігіндегі муниципалдық үрлемелі оркестр Оқушылар сарайының алдында қатысушылар мен қонақтарды ерекше сән-салтанатпен қарсы алып, мерекенің мерейін еселей түсті.

image

Муниципалдық үрлемелі оркестр қатысушыларды салтанатпен қарсы алды

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
және Қостанай облысы
білім басқармасының
баспасөз қызметі

Реклама

Я спросил у посла Японии, каким образом его страна сумела так быстро достичь высокой степени развития, стала играть в мире столь важную роль? Мне очень понравился ответ посла: «Японцы верили, что единственный способ поднять страну – это дать своим детям лучшее образование, чем они имели сами, самым важным для них было уйти от своего положения крестьян и получить образование. Поэтому в семьях огромные усилия прикладывались к тому, чтобы поощрять детей хорошо учиться в школе, чтобы они могли чего-то достичь. Из-за этого стремления постоянно чему-то учиться, через систему образования распространялись новые идеи из внешнего мира. Это одна из причин быстрого развития Японии».

Всевозможные разновидности книги как объекта не изменили ни её назначения, ни её синтаксиса за более чем пять веков.
Книга – как ложка, молоток, колесо или ножницы. После того, как они были изобретены, ничего лучшего уже не придумаешь. Вы не сделаете ложку лучше, чем она есть…
В XVI веке венецианскому печатнику Альду Мануцию пришла в голову великая идея сделать книгу карманного формата, которую гораздо легче возить с собой. Насколько я знаю, более эффективного способа перемещения информации так и не было изобретено. Даже компьютер со всеми его гигабайтами должен быть включен в сеть. С книгой таких проблем нет. Повторяю: книга – как колесо.