Жангелдин ауданының Жаркөл ауылындағы Қаратүбек мектебі биыл ғасырлық белесті еңсеріп, екінші ғасырға қадам басты. Осы уақыт аралығында қара шаңырақтан қанат қаққан талай шәкірт әр салада еңбек етіп, туған жердің өркендеуіне үлестерін қосты.
Қаратүбек мектебінің тарихы 1926 жылдан басталады. Ауыл балаларының сауатын ашуға жол ашқан шағын білім ошағы уақыт өте келе талай өзгерісті бастан өткерді. Заман жаңарып, білім беру жүйесі түрленді. Мектептің ғимараты, материалдық базасы да жаңарды. Алайда бір нәрсе өзгерген жоқ. Ол ұстаздың ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігі мен білімнің адам өміріндегі маңызы. Сол себепті ғасырлық мерейтойдың мектеп тарихы өрбіген қасиетті қара шаңырақта басталуының өзіндік мәні бар.
– Мектеп екінші ғасырға қадам басты. Осы қалған уақытта Қаратүбек мектебіне тек жарқын болашақ, үлкен белестер, мұғалімдер қауымына толағай табыстар тілеймін. Оқушыларымыз осы мектептің жақсы атын жоғары деңгейде ұстап, биіктете берсін деп айтқым келеді. Құрметті қонақтар, ардагерлер, педагогтер, шәкірттер, түлектер. Сіздерге әрі отбасыларыңызға амандық тілеймін, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сюндикова.
Ғасыр бұрынғы ауыл мектебі мен бүгінгі Қаратүбек орта мектебінің келбеті де, мүмкіндігі де бөлек. Қазір білім ордасында заманауи талапқа сай жабдықталған оқу кабинеттері, жаңартылған мәжіліс залы бар. Мерейтойға жиналған қонақтар мектеп ішін аралап, білім алушыларға жасалған жағдайлармен танысты. Бүгінде мұнда 40 мұғалім еңбек етеді. Барлығының да жоғары білімі бар. Бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейінгі аралықта 124 оқушы білім алады. Сонымен қатар мектептің екінші бөлігінде мектепалды даярлық сыныбы мен шағын орталық жұмыс істейді.
– Ағартушы ұстаздардың ұрпақтары үш кабинетті қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуде. Оның ішінде қазақ тілі, математика және бастауыш сынып кабинеттері бар. Қазіргі таңда мектебімізде балалардың білім алып, тәрбие алуына барлық қажетті мүмкіндік жасалған, – дейді Қаратүбек жалпы білім беретін мектебінің директоры Данияр Кенжеғалиев.
Мектеп тарихын ұстаз тағдырынсыз елестету мүмкін емес. Өйткені білім ошағының ғұмыры оның қабырғасында еңбек еткен мұғалімдердің маңдай терімен және шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді. Бірі ондаған жыл бойы балаларды оқытса, енді бірі кейінгі буынға өнеге боларлық із қалдырды. Ғасырлық мерейтой аясында осындай ұстаздарды ұлықтау мақсатында бірқатар оқу кабинеттеріне ардагер педагогтердің есімі берілді. Солардың бірі Қаратүбек мектебінде 42 жыл еңбек еткен абзал ұстаз Қали Мақатов атындағы кабинет. Кабинеттің ашылу рәсіміне ұстаздың ұрпақтары қатысып, тағылымы мол тұлғаның есімін кейінгі буынның жадында жаңғыртты.
– Қали Мақатов мектепте 42 жыл еңбек етті. Ұстаздың алдынан талай шәкірт өтті. Солардың қатарында қоғам қайраткері Аманғали Қажығалиев, ақын-жазушы Қайырбек Қоғамбаев және осы мектепте директор болған ел азаматтары бар. Бүгінде сол кісілердің ұрпақтары да аталарының жолын жалғастырып келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқанын көрсетеді, – дейді Қали Мақатовтың ұрпағы Артур Мақатов.
Ұстаз еңбегінің ең үлкен өлшемі шәкіртінің өмірден өз орнын табуы. Осы тұрғыдан алғанда Қаратүбек мектебінің бір ғасырлық тарихы талай тағдырдың тоғысқан шежіресі. Мұнда білім алған азаматтардың арасында түрлі салада еңбек етіп жүрген ел азаматтары бар. Олардың әрқайсысының жетістігінде туған мектебінің табы бар. Ғасырлық мерейтойдың мәні де осында. Бұл өткенге есеп беріп, тарихты түгендейтін ғана емес, кейінгі буынға аманат жүктейтін кезең. Салтанатты жиында мектептің дамуына үлес қосқан ұстаздар мен демеушілер марапатталды.
Бір ғасыр бойы ауыл балаларына білім нәрін берген қара шаңырақтың тарихы тағы бір мәрте жаңғырып, мектеп ұжымы мен түлектерін ортақ қуаныш аясында біріктірді. Осылайша Қаратүбек мектебі ғасырлық белесті артқа тастап, жаңа дәуірге қадам басты.
Аружан ҚАМБАРОВА,
Суретті түсірген:
Болат ҚАНАФИН
Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.
Благодаря профессионализму коллектива редакции и пониманию важности наших тем мы, педагоги, можем представить широкой аудитории региона самые актуальные материалы о своей работе, о достижениях коллег и успехах учащихся. Я считаю, что газета «Учительская плюс» играет ключевую роль в поддержке профессионального сообщества, в развитии образования Костанайской области. И горжусь тем, что могу внести свой вклад в это дело вместе с газетой.