Ғ.Қайырбеков мектебінің оқырмандары: «Әрбір кітап – бір өмір»

Выпуск - №3(651)   :   24.01.2025
402

IMG-6439

Осыдан бірнеше жыл бұрын жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында елімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы мемлекеттік деңгейде қолға алынған болатын. Аталған жоба аясында көптеген оң өзгерістер мен ілкімді жұмыстар атқарылды.
Жаңа оқу жылына жаңаша леппен қадам басқан облыс орталығындағы Ғафу Қайырбеков атындағы №9 жалпы білім беретін мектеп оқушыларының қатарында кітапты жанына серік еткен жастар аз емес. Үзіліс уақытында мектеп кітапханасына жиі бас сұғып, кітапханашы Рсалды Касымхановна ұсынған кітаптардан ұнатқанын таңдап алып, үйде оқып, қайта әкелетін бастауыш сынып оқушыларымен қатар жоғары сынып оқушыларын да көруге болады. Бұл – мектептегі оқушылардың кітапқа деген шынайы құштарлығын айғақтаса керек.
Мектеп кітапханасында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Рсалды Бексултанова белсенді оқырмандарын әрдайым ерекше мақтанышпен айтып жүреді. Солардың бірі – 10-сынып оқушылары Медина Бальшикбаева, Азиза Тасболатова және Айдана Акилбек. Жас болса да, олар кітаптың әр бетінен өмірдің тереңдігін іздейді, әр туындыдан жаңа бір тағылым мен білім алады. Кітап оқуды тек қызығушылық ретінде емес, өмірлерінің ажырамас бөлігіне айналдырған олармен кітап жайлы қызықты әңгіме өрбіттік.
Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», – дегендей, кітап – адамның жан дүниесін байытатын маңызды құрал. Абай атамыз да: «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге», – деп насихат жасаған. Бұдан кітап оқудың адам санасын жетілдіріп, дүниетанымын кеңейтетін қайнар бұлақ екені айқын көрінеді.
Алғашқы кейіпкеріміз Медина Бальшикбаева да бұл оймен толықтай келіседі. Оның басты мақтанышы – үйіндегі 76 кітаптан тұратын жеке кітапханасы. Осы кітаптардың елуге жуығын оқып үлгерген. Кітапханасы жайлы сөз қозғалғанда, көздері бал-бұл жайнап, жанына жақын әр кітабы туралы ерекше ықыласпен әңгімелеуге даяр. Кез келген оқуға құштар жан сияқты, ол да артық ақшасы шықса болды, бірінші кезекте жаңа кітап сатып алуға тырысады. Сүйіп оқитын авторларының қатарында Ден Браун, Агата Кристи, Фрэнсис Бёрнетт, Пауло Коэльо сияқты әлемдік деңгейдегі жазушылар бар.
– Анам кітап оқығанды өте ұнатады, сондықтан да үйімізде әрдайым кітаптар болатын. Кішкентайымнан кітаптың ортасында өстім, бірақ бастапқыда оларды оқуға қызығушылығым болмады. Күндердің бір күні ынтам оянып, анамның жеке кітапханасындағы американдық жазушы Дэн Браунның «Ангелы и демоны» атты романын таңдап алып, оқи бастадым. Оқиға желісінің қызықты болғаны соншалық, триллер элементтері бар детектив жанрындағы бұл кітап мені бірден өзіне елітіп әкетті. Осылайша, жаным сүйетін жанрлар мен авторлар белгілі бола бастады, – деп айтып өтті Медина. – «Маған ең әсер еткен кітап» ретінде американдық жазушы Элинор Портердің «Поллианна» атты бестселлерін айта аламын. Бұл роман ақкөңіл, өмірге деген оптимистік көзқарасымен ерекшеленетін жас қыз туралы. Шығарманың басты кейіпкері Поллианна – қиындықтарға мойымай, әрбір оқиғаның жақсы жағын таба білетін жан. Ол адамдарды өмірдің қуанышты сәттерін көруге шақырады. Маңыздылығы да осында. Оны оқи отырып, үміт пен жақсылыққа сенім артуды, өмірдің қарама-қайшылықтарын жеңе білу туралы өзіме маңызды сабақ алдым. Поллианнаның мінезі, оның өмірге деген көзқарасы мені ерекше әсерлендірді және сол бір қасиетті бойымда қалыптастыруға негіз салды.
Азиза Тасболатованың романтикалық кітаптарға деген махаббаты ерекше. Қазақ тіліндегі кітаптар арасынан ғашықтық тақырыбына арналған сүбелі туынды – 1970 жылы алғаш рет баспадан жарық көрген Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын оқып, үлкен толғаныс үстінде қалғанын айтады. Иә, бұл шығарманы талай жастың жастанып оқығаны анық.
– Ең алғашқы оқыған кітабым – Льюис Кэррол деген бүркеншік атпен танымал болған ағылшын математигі, ақыны әрі жазушысы Чарльз Лютвидж Доджсонның «Алиса ғажайыптар елінде» деген ертегісі болатын. Бұл кітап менің қиялымды оятып, ертегілердің ғажайып әлеміне жетелегендей әсер қалдырды. Оқыған кітаптарымды әрдайым кешкі уақытта отбасыммен бірге отырып талқылағанды өте ұнатамын. Бұл мен үшін тым ерекше әрі жүрекке жақын сәт, – деді өз сөзінде Азиза. – Ал, соңғы оқыған кітабым, мені ерекше әсерлендірген туынды – Николас Спаркстың «Спеши любить» романы. Ол бір-біріне ғашық болған екі жастың оқиғасын баяндап, махаббаттың шынайы мәнін ашады. Сондай-ақ, адам психологиясына да қызығамын. Ольга Примаченконың «Өзіңе нәзік түрде» деген кітабы ерекше ұнайды. Бұл туынды адамның өзін қабылдауы және сезімдерін шынайы бағалауы туралы кеңестерге толы. Менің жасымдағы әрбір жасөспірімге осы кітапты оқуға кеңес берер едім.
– Менің де кітап оқуға құштарлығым кішкентайымнан басталды. Тіпті, сол кезде шабытым оянып, өз кітабымды жазғаным да бар. Азиза екеуміз көрші болып тұрамыз, алтыншы сыныпта болар, екеуміз бірлесе кітап жазып бастадық. Компьютерге теру деген жоқ, тек қалың дәптерге қолмен жаза беріппіз. Ол кезде біздің хоббиіміз осы болды. Шығармамыздағы кейіпкерлердің образдарын толықтай ойластыратынбыз. Өзіміз жеке-жеке де кітап жазып, сол қолжазбамызды бір-бірімізге оқуға беріп, ой-пікірлерімізбен бөлісетінбіз. Бұл біздің шағын құпиямыз болатын. Есейе келе жазуды қойып кеттік, – дейді Айдана. – Қазір шетелдік авторлардың шығармаларын оқып, көкжиегімді кеңейтіп жүрмін. Мерседес Ронның «Моя вина» кітабы мені терең ойға батырды. Ал, Наталья Симонованың «Перепутаны наши следы» кітабы ерекше әсер еткен туындылардың бірі болды. Басты кейіпкердің қилы тағдыры мен ішкі күресі аса шеберлікпен суреттелген. Кітаптың тереңдігі мен кейіпкердің қайсарлығы өмірдің түрлі сынақтарынан абыроймен өту мен өзін жоғалтып алмау жолындағы маңызды сабақ екеніне көзімді жеткізді.
Мединаның айтуынша, жастарды кітап оқуға қызықтырудың бірден-бір жолы – буктрейлер. Қазіргі жастар көбінесе визуалды ақпаратқа бейім, сондықтан буктрейлер кітапты оқуға деген қызығушылықты оятып қана қоймай, оны кітапханалар мен білім беру мекемелерінде жарнамалаудың тиімді құралы саналады. Бейнеформатта ұсынылған кітаптың негізгі идеялары мен оқиғалары, кейде ерекше эффект пен музыканың қосылуы арқылы, кітапты көрнекі түрде де таныстыра отырып, жастарды осы бір ғажайып әлемге тартады.
«Кітап оқудың пайдасы қандай?» деген қарапайым сұраққа қыздардың жауабы бір арнада тоғысты. Біріншіден, кітап оқу сөздік қорды арттырады. Екіншіден, шығарма кейіпкерлерінің образы арқылы өмірде кездесетін адамдарды сырттай тану мүмкіндігі туындайды. Үшіншіден, кітап оқу – демалудың таптырмас жолы. Шаршаған немесе жалыққан сәтте қолыңа алған кітабың шексіз энергия сыйлайды, себебі әрбір кітап – бір өмір, ал әрбір оқиға – жаңа бір әлемнің есігін ашады.
 

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама