Уақыт өткен сайын адам баласына деген талап артып келеді. Бүгінгі заман адам баласынан жан-жақты дамуды, ұшқыр ойлы болуды, ақпараттық әрі технологиялық мүмкіндіктерді жетік меңгеруді талап етуде. Ал осындай қасиеттерге ие болу үшін не істеу керек?
Мектеп... Оны адам баласы үшін екінші үй болып қана қоймай, көптеген мүмкіндіктер мен белестер әлемін ашатын ерекше орда десек, еш қателеспес едік. Әлі оңы мен солын танымай мектеп табалдырығын аттаған жеткіншек түлеп ұшар уақыты келгенше өзіне таңсық болған қаншама дүниенің сырын ашады. Иә, әр мектептің басты тапсырмасы: балаға білім беріп қана қоймай, алған білімін өмірде қолдана білуге, ғылым мен білім жолында қызмет ететін азамат болуына ықпал етіп, мүмкіндіктер жолын ашу. Осы мақсатты ұстанған мектептер ішінде «Мен осы мектепте жұмыс істеймін» деп мақтанышпен айта алатын «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты да бар.
Мектеп дамыған технологиялар ғасырында әлеуметтік ортасы нақты, ақпараттық, медиа-сауатты, ғылымға терең негізделген білімді бойына сіңірген жастарды қалыптастыруды көздейді. Бұл бағыта мектебіміздің атқарып жатқан игілікті істері де аз емес. Ғылым саласы тоқтаусыз дамып жатқандықтан, адам баласының өмірі күннен-күнге өзгерістерге ұшырауда. Әлемде орын алып жатқан соңғы оқиғалар адамға тосыннан орын алатын кез келген жағдайларға дайын болу керектігін ескертіп, ғылымға байытылған білімді меңгеруге шақырып жатқандай... Осы жолда мектеп ұжымы тынымсыз еңбек етіп, оқушыларының тек кіші ортада емес, республикалық әрі халықаралық деңгейде білім мен ғылым саласында жетістіктер мен нәтижеге жетуі үшін қызмет етіп келеді. Сөзім жалаң болмас үшін оқушыларымыз бен әріптестеріміздің жасаған жұмыстары мен жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсек ләзім.
Өткен оқу жылында 8-сынып оқушысы Николай Ибрагимов ғылыми жетекшісі, облысымызда танымал педагог Карина Нугумановамен Ресейде өткен «Адам-Жер-Ғарыш» оқушылар мен жастардың ғылыми зерттеу жобаларының байқауы немесе «Шоқжұлдыз» (Созвездие) халықаралық сайысында республикамыздың намысын лайықты түрде қорғап, бірінші орынға (бас жүлде) ие болып келген-тін. Оқушымыздың осындай жоғары жетістікке жетуі, ең алдымен, өзінің ғылымға деген құштарлығы, сонымен қатар мектеп басшысының білім жолында қойған нық жоспары және ғылыми жетекшісінің бағыт-бағдары мен ғылыми ізденістерінің арқасында деп есептейміз. Аталған олимпиадада ел намысын үш оқушы ғана қорғағанына ерекше тоқталып өтсек ләзім.
Мектебіміздің оқушылары мен педагогтері ІТ бағыты мен ғылым саласының басқа да бағыты бойынша жылда халықаралық және республикалық конкурстар, олимпиадалар мен ғылыми жобалардың тұрақты қатысушылары мен жеңімпаздарының қатарын толықтырып отырады. Оқушылардың жетістікке жету жолының машақаты туралы том-том кітап жазсаң-дағы аз. 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша мектебіміз «Республиканың ең үздік 100 мектебі» тізіміне енгенін де мақтанышпен атап өте аламыз. Бұл да ұжымның тынымсыз ізденісі мен толағай жетістіктерінің арқасы. Мәселен, мектебіміз былтыр оқушылардың дәстүрлі Республикалық ғылыми жобалар конкурсының өзіне елуден астам ғылыми жобалар ұсынып, облыстық деңгейде жиырмадан астам, ал республикалық деңгейде онға жуық жүлдеге ие болды.
Оқушыларымыздың таңдаған тақырыптары да терең мағына мен ғылыми ізденіске бай. Өткен 2020-2021 оқу жылындағы Республикалық ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінің «Техника» (физика) бағыты бойынша бас жүлде иегері Қайрат Шаяхметтің жұмысын атап өтейік. Қайрат «Электр генераторын әзірлеу» тақырыбын таңдап, электр энергиясын өндірудің жолын, электр энергиясын тасымалдау қиын болған өңірлерде қолдану мәселесін шешу мақсатында жобасын ұсынған-тын. Сонымен қатар біздің оқушылар «Экология» секциясы бойынша қоршаған ортаны қорғау, «Физика» секциясы бойынша агрофизика және топырақ физикасы, «Техника» мәселесі бойынша аэро-гидропоникаға негізделген ғылыми жобалық тақырыптарды зерттеді.
Ғылыми жобалық сайыстардан бөлек оқушылар пәндік олимпиадалар мен шығармашылық конкурстарға да жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Оқу жылының қорытындысы бойынша Республикалық жалпы пәндер олимпиадасының республикалық кезеңінде Вячеслав Мирошник және Темірлан Ташен ағылшын тілі және физика пәндері бойынша жүлделі екінші және үшінші орындарға ие болып, мектеп намысын республика деңгейінде лайықты дәрежеде қорғап шықты. Олар өзінің осы пәндерге деген қызығушылығы жоғары екенін, ғылыми ізденістер мен ашылуларға дайын екенін көрсете білді. Оқушыларымыздың олимпиадалық жұмыстарының нәтижелерін олимпиада төрешілері ерекше бағалап қана қоймай, арнайы әрі жоғары талаптарға сай жазылған жұмыстар қатарында ерекше атап өтті. Осының бәрі мектебіміздің оқушылары мен педагогтері жеткен жетістіктердің бір бөлігі ғана. Ал бұл жолда білім алушының жеке ізденісінен бөлек, ғылыми жетекшісі және мектеп басшысының білім ордасын дамыту жолында жасаған жоспары негіз бола алады.
Мектеп қабырғасында дебат, киностудия және киберспорт үйірмелері тынымсыз жұмыс істеуде. Осыдан бөлек 2020-2021 оқу жылының аяқталуы қарсаңында, мектеп қабырғасында «Жазғы Академия» ұйымдастырылды. Алғаш рет қолға алынған академия жұмысының ерекшелігі – оның мектептің негізгі бағытымен тығыз байланыста болуында. Онда балалар демалып қана қоймай, ойын элементтерімен танысып, оларды өздері ойлап табуға, робототехника, 3D модельдеу, киберспорт және ақпараттық технология ғылымы бойынша қосымша білімге ие болды. Осы оқу жылының жаз айында IT Start «Жазғы Академиясы» облыстың түкпір-түкпіріндегі мектептердің бесінші және алтыншы сынып оқушылар үшін есігін ашқан-тын. Академия жұмысының нәтижесі жоғары болғанын оқушылардың кері байланысы мен ізгі тілектерінен-ақ білуге болады.
Оқушыларымыз білім мен ғылым саласындағы жетістіктерінен бөлек шығармашылық бағытта да үздік екенін жылда дәлелдеп келеді Елбасы академиясының қолдауымен басталған «Елбасы Медалі» жобасында біздің мектептің оқушылары да қатысып, үздік жеті оқушы осы жобаның қола медаліне ие болды. Жоба барысында оқушылар өздерін спорт, шығармашылық, ұлттық құндылықтар мен кітап оқу бағыттар бойынша сынап, жүктелген тапсырмаларды жоғары жауапкершілікпен орындап, жетістіктеріне лайықты екенін дәлелдей алды. Шешендік қасиеттері мен сөз шеберліктерін шыңдап, жетістіктерге жетіп жүрген оқушыларымыз да бар. Олардың бірі – 11-сынып оқушысы Индира Ануарбекова. Ол жақында «Конституцияның 30 жылдығы» құрметіне орай өткізілген «Білімді жастар» облыстық пікірсайыс турниріне қатысып, қатарластарының арасында ұшқыр әрі ұтымды ойлары арқылы ерекше көзге түсіп, «Үздік спикері» атанды.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деген мақал бекер айтылмағанын оқушыларымыздың жетістіктері негізінде көре аламыз. Бұл жолда «Озат» лайықты қадамдар мен қажетті жұмыстарды атқаруда. Әр мектептің мақсаты білім алушыларының өмірде бір кірпіш болып қалануымен сипатталады. Осы бағытта тыңғылықты жұмыстар атқарып жатқанымызды мақтан тұтамын.
Жахонгир ГАППАРОВ,
«Озат» мамандандырылған
ақпараттық технологиялар
мектеп-лицей-интернаты
директордың тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары,
физика пәнінің мұғалімі,
жаратылыстану ғ.м.
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.