Гүлдей жайнаған мектептің ауласы

Выпуск - №27-28 (575-576)   :   13.08.2023
734

Табиғаттың ажырамас бөлшегі болғандықтан, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстарына қай уақытта да барынша көңіл бөлінеді. Айналаның таза әрі әсем болғаны кімнің болсын көңілін бей-жай қалдырмасы анық. Оның артында үлкен еңбекпен қатар маңызды міндет те жатыр.

Қостанай қаласындағы №19 ЖББМ оқушылары білім ордасының ауласындағы өзгеріске риза

Баланы – болашағымыз деп бағалаған қоғамымыз, әрине, олардың жастайынан дұрыс тәлім-тәрбие алып өсуіне мән береді. Бұл жолда үлкендердің үлгісі мен өнегесінің маңызы қаншалықты зор екендігін жасы үлкен ата-әжелеріміз ғана емес, мамандар да растайды. Кішкентайынан тірі табиғатқа қамқорлықтың үлгісін көріп өскен бала ертеңінде санасында қалып қойған сол ұстаным бойынша әрекет ететіні белгілі. Балалардың негізгі тәрбие ошағы – жанұясы болғанмен, уақытының тағы бір үлкен бөлігін өткізетін білім ордалары да осы бір маңызды рөлді атқаратын екінші шаңырағы болса керек.

Осы мақсатты ұстаным етіп, қаламыздағы №19 ЖББМ, М.Хәкімжанова атындағы №20 ЖББМ, М.Қозыбаев атындағы №23 ЖББ мектеп пен М.Горький атындағы гимназияға барып, білім ордасының ауласының жай-күйімен танысып, оларды күтіп-баптау жұмысына үлес қосып жүрген жандармен әңгімелесіп, өлшеусіз еңбектеріне тағы бір құрмет көрсеткіміз келді. Білуімізше, мектеп ауласының жайнап, көз қуантып тұрғаны – еңбек адамдарының ғана емес, ұстаздар мен ата-аналардың балаларға көркеткен үлгісі мен бірлескен еңбек нәтижесі.

Светлана Викторовна мен Людмила Юрьевна №23 мектеп ауласындағы әсем гүлдердің ортасында

Ең алғаш аяқ басқан білім ордамыз – №23 ЖББ мектеп болды. Осы тұста айта кеткен жөн, әр мектеп ауласы қандай гүлдермен көркемделіп, қандай ағаштар отырғызылатынына жауапты адам болады. Бұл мектепте де солай. Білім ордасының басшысы қандай мақсатпен келгенімді естіген бойда, ауланың көркемделуіне жауапты биология пәнінің мұғалімдері Светлана Тендитная мен Людмила Шеферге ертіп апарды. Иә, өсімдіктер әлемін олардан артық кім біледі. Әңгіме барысында олар мектеп ауласын жайнатып отырған өсімдіктердің түр-түрін тізбектеп, күтіп-баптаудың қырлары мен сырларына да тоқталып өтті.

– Мектеп ауласын көгалдандыру – ұжымдық жұмыс деуге әбден негіз бар. Неге десеңіз, барлық оқушылар мен ұстаздар мектеп ауласының дизайнын жасауға атсалысады, сыныптардың әр параллелі өз гүлзарының эскизін және гүлдердің түрлік құрамын ұсынады. Негізінен, түстер палитрасында: қызыл және ақ шырайгүл, яғни петуния, қызыл гүлдер шоғырымен ерекшеленетін сальвия, көпшілікке георгина атауымен жақсы таныс нарғызгүлдің сорттары қамтылған. Ал көпжылдық сәндік көгалдандыру мақсатында лалагүл, яғни лилия, золотарник және топинамбур ұсынылған, – дейді Светлана Викторовна.

Ол дәл осы мектепте еңбек етіп келе жатқанына 21 жыл болғандығын айтады. Ал әріптесі Людмила Юрьевна болса, биология пәнінің мұғалімі болып 7 жыл қызмет етіп келеді. Мектеп ауласының идеялық шабаттандырушылары жаз бойы жұмыстарды бақылап отырғандығын айтады. – Әдемі гүлдерді суару және күтіп-баптау, арамшөптерден тазалау, қопсытуды маусым және шілде айларында мектеп жанындағы лагерьдің экологиялық отрядтарының балалары жүзеге асырды. Бұл 5, 6, 7 және 8-сыныптар. Сондай-ақ мектебімізде қалыптасқан жақсы бір дәстүрге сай, 11-сынып оқушылары өз қалауы бойынша бір түп ағаш әкеліп, мамыргүл (сирень), қарағай, қайың, терек, канадалық үйеңкі, шырша ағаштарын отырғызды. Әрине, әр түлек өз ағашын суарып, топыраққа орныққанша баптап отырды, – дейді олар. Мектеп ауласы бұл күндері расында үлкен баққа айналған.

М.Горький атындағы гимназияның қазақ тілі мұғалімдері де ауладағы гүлдерге ерекше ықыласпен қарайды

Келесі болып М.Горький атындағы мектеп-гимназияға аттандық. Әрине, мектеп ауласынан аттай сала, жайқалып өсіп тұрған жалпақ жапырақты, ерекше гүлдерге көзім түсті. Бұл – канны болатын. Мектептердің ауласында оны кездестіруіміз сирек. Дегенмен қазір Қостанай қаласының орталығы осы гүлдермен әсемделгенін байқауға болады. Канна гүлдемесе де, жапырақтарымен әдемі көрінеді. Қысқа, суыққа шыдамайтындықтан тамыр түйнегін күзде қазып алып, қыс бойы қоңыр салқын жерде сақтап, көктемде тұрақты орнына қайта егеді. Аталмыш гүл ашық күн астында жақсы өседі, дегенмен оған арнайы күтім жасап тұрудың да маңызды екендігін айтады гимназия директорының оқу ісі бойынша орынбасары Татьяна Тарасенко.

– Барлық адамға ауланың гүлдермен көмкеріліп, жайнап тұрғаны ұнайтыны рас. Бұл сөзіме ешкім де шүбә келтіре қоймас. Алайда оның артында үлкен еңбек жатыр. Біздің білім ордасының ауласына ұжым болып қамқорлық жасаймыз. Әрине, күтіп-баптау жұмыстары әрбір ұстаздың жеке шешімімен, өз қалаулары бойынша жүзеге асырылады. Ал мектебіміздің еңбек адамдары ұстаздар демалысқа шыққан уақытта өздеріне бекітілген аумақты барынша тазалықта ұстап, гүлдердің солып қалмауына жауапкершілікпен қарайды, – дейді Татьяна Федоровна.

Аталған білім ордасында да жақсы бір дәстүр қалыптасқан. Жыл сайын мамыр айының аяғында бір күн бекітіліп, әдетте бұл демалыс күндеріне сай келеді, ұстаздар мен ата-аналар бірлесіп мектеп ауласына гүлдер отырғызады. Бұл дәстүрдың жалғасып келе жатқанына бір емес, бірнеше жылдың жүзі болыпты. Шырайгүлдің, яғни петунияның қызыл және ақ түстері алынған. Гүлдердің ішінде, әрине, аса үлкен күтімді қажет етпейтіндері таңдалады. Одан бөлек көпжылдық гүлдер отырғызылып, күн суыта бастаған кезде жинап алынып, келер жылы қайтадан ауланың әсемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Айтқандай, күтім жасап, суару ісіне мектептің ұстаздар қауымы атсалысады. Гимназияның қазақ тілі мұғалімдері Ақмарал Айнабекова, Шаттық Бажирова және Әсел Салыкова бізбен әңгімесінде жазғы уақытта гүлдерді суарып, абаттандыру жұмыстарына атсалысып жүргенін айтты. «Әрбір сынып оқушылары мұғалімдермен өзінің үлесін қосады. Ауламыздың әдемі болғаны бізге де жақсы көңіл-күй сыйлайды. Көзіміз қуанып, жанымыз жадырай түседі», – дейді олар.

Ал №20 ЖББ мектеп пен №19 ЖББ мектеп директорының шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасарларының айтуынша, мектептің сыртқы келбеті көбінесе мектеп ауласының жағдайынан байқалады және ол оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналардың эмоционалды-психологиялық көңіл-күйіне әсер етеді. Білім ордасының учаскесінде бір жылдық және көпжылдық өсімдіктер өсіріледі. Қар ери бастағанда, пионның алғашқы жасыл өскіндері, лалагүлдердің әртүрлі сорттары өсе бастайды. Осы екі мектепте раушан гүлдердің бірнеше түрі бар екенін айта кеткен жөн. Олар, әрине, қысқы мезгілде мұқият жабылып, күн жыли салысымен қайта отырғызылады. №19 мектепте бүгінде ландшафтық дизайнға аса мән берілген. Арнайы бұрыштар да жабдықталған. Оған балалар риза.

Мамыр айының ортасынан бастап мектептің барлық қызметкерлері мектеп аумағында топырақ дайындау және біржылдық және көпжылдық гүлдерді отырғызу бойынша жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар мектепте бұталар мен ағаштарды отырғызуға ерекше назар аударылады. Мектеп директорының шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасары Даметкен Капенованың айтуынша, тек осы жылы көгілдір шыршаларды, пирамида теректерін, тау күлі көшеттерін, бөріқарақат бұталарын, ине тәрізді флокстарды, обереттаны және басқа да ағаш түрлері отырғызылды. Сонымен қатар бір жылдық гүлдердің қатарында ерекше түрлері бар. Қазіргі уақытта бұталар мен ағаштарға күтім жасау жұмыстары жалғасуда.

– Осы тұста, әрине, мектеп ауласында жұмыс істеп жатқан мектептің барлық қызметкерлеріне, ұстаздар қауымы мен ата-аналарға алғысымызды білдіргіміз келеді. Біріксек, мектебімізді жасыл алқапқа айналдыра аламыз. Бұл табиғатқа қамқорлықтың үлгісі, – дейді №20 ЖББ мектеп директорының шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Увалеева.


Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.