Осы аптаның басында, нақтылар болсақ тамыздың 28-і күні, жылдағы дәстүрге айналған қалалық тамыз кеңесі өтті. Өткен оқу жылының қорытындысы жан-жақты сараланды, түйткілді мәселелер талқыланып, оларды шешудің жолдары қарастырылды.
Білім мән тәрбие саласының ардагерлері әркез құрмет биігінде
Алқалы жиынға Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев, сәйкесінше білім беру саласының қызметкерлері – қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Уразбаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова және қала мектептерінің директорлары мен педагогтер қауымы, сондай-ақ білім саласының құрметті қызметкерлері арнайы қатысты. Басқосуда алғашқы болып сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Әділханқызы баяндамасын: «Білім беру саласының ең маңызды аспектісі – баланың өмірі мен қауіпсіздігі», – деген сөздермен бастап, жаңа 2023-2024 оқу жылында атқарылатын ауқымды жұмыстарды айқындайтын маңызды стратегиялық бағыттарға тоқталып өтті. Дәстүрлі тамыз кеңесі биыл да білім саласының бірқатар өзекті сұрақтарын қозғап өтті.
Айта кету керек, жақында өткен облыстық тамыз конференциясында Қостанай облысының білім бөлімдерінің қызметін рейтингтік бағалау қорытындысы шығарылып, онда Қостанай қаласы бірінші орынға ие болып, 2,5 млн теңге сомасындағы сертификаттың иегері атанды. Қалалық білім бөлімінің басшысы әрине, баяндамасында әуелі балалардың қауіпсіздігі мәселесіне назар аударды. Айтуынша, бүгінде қаланың білім беру ұйымдарының барлығы дерлік 100% бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен, жедел басқару орталықтарына қосылған портативті басқару тетіктерімен және мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. Істен шыққан камералар да жаңартылып отырады. Биыл жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен 14 мектеп пен 2 қосымша білім беру орталығында жалпы сомасы 75 млн теңгеге 504 камера жаңартылды. Алайда, балабақшаларға турникеттерді орнату мәселесі әлі де шешімін таппай отыр.
– Мектепке дейінгі ұйымдарда әр балалар тобының ғимаратқа өзіндік кіреберісі бар екенін ескере келе, турникеттерді орнатуды орынсыз санаймыз. Сол себепті, мектепке дейінгі ұйымдардың аумағына өткізу пункттерін орнату мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл бөгде адамдардың ғимаратқа ғана емес, балабақша аумағына да кіруіне шектеу қоюға мүмкіндік береді. Орнату және қызмет көрсетуді бірге есепке алғанда қажетті сома – 130 млн теңгені құрайды. Яғни, 1 балабақшаға 5 млн теңгеден астам қаражат қажет, – деп шешімін ұсынды Гүлсім Әділханқызы.
Бұл күндері қалада 71 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 24-і мемлекеттік болса, 47-сі жекеменшік ұйым. Жалпы есепке алғанда, мектепке дейінгі біліммен қаламызда шамамен 13 мың бала қамтылған. Әлі де орын тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бұл сұрақты алқалы жиын барысында қала әкімі Марат Жүндібаев алға тартып, қалада жаңа 2 балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Және орын тапшылы мәселесін шешу үшін қажетті шаралар қолға алынатынын жеткізді. Қалалық білім басқармасының басшысы инклюзивті білім беру, оқушыларды қосымша біліммен қамту деңгейіне, жалпы білім беретін мектептердің жағдайына тоқталып, білім көрсеткіштерін атап өтті.
– Соңғы үш жылда қала мектептерінің қатары 5 білім ордасымен толықты, оның ішіде біреуі мемлекеттік мектеп болса, төртеуі жекеменшік білім ордалары. Сонымен бүгінде қалада 47 білім беру ұйымы бар: 38 мемлекеттік, оның ішінде 2-еуі кешкі және 9 жеке мектеп. Жаңа оқу жылында мектеп партасына шамамен 35 мың оқушы отырады (2023-2024 ж. – 34 мың 425, 2022-2023 ж. – 34 мың 854, 2022-2021 ж. – 32 мың 784). Ал 3500 бірінші сынып оқушылары алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды, олардың 20%-ы (718 бала) ана тілін таңдады, – деп бөлісті Гүлсім Уразбаева. – Оқу сапасының көрсеткіштері оқу жылының қорытындысы, қорытынды аттестаттау, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейімен анықталады. 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылардың білім сапасы іс жүзінде сол деңгейде қалды деуге болады. Дегенмен он бес білім беру ұйымының сапасы қалалық көрсеткіштен жоғары екенін байқауға болады. Бұл ретте сапаның ең жоғары пайызын Физика-математикалық лицей (83,9%), С.Мәуленов атындағы гимназия (79%) және №24 мектеп-гимназия (78,5%) көрсетті.
– Облыста білім беру процесін ұйымдастыру бағытында жағдайлар жасалып отыр. Жаңа модификациядағы 42 кабинет жеткізіліп, 30 автобус лизинг бойынша сатып алынып отыр. Оқу және көркем әдебиеттердің 200 мыңнан астам данасы сатылып алынып, оқу жиһазы, спорт жабдықтары жаңартылды. Осы мақсатта облыс бюджетінен шамамен 2 млрд теңге бөлініп отыр, – деді сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Жаппасбаевна.
Сонымен қатар конференция барысында №27 балабақшаның меңгерушісі Галина Травкина мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатындағы жоспарларымен таныстырса, Абай атындағы мектептің директоры Айымкүл Балтабаева білім сапасын арттыру жүйесімен бөлісті. Бұрынғы №27 ЖББ мектепке 2021 жылдан бері Абай Құнанбайұлының есімі берілген. Аталмыш білім ордасының қуаттылығы 1200 орын болғанмен, бүгінде 1904 бала білім алуда. Бұл сұрақты да қала әкімі назарға алғанын айтты.
Ал №2 мектептің ата-аналар қауымдастығының атынан сөйлеген Елена Кравчуктың баяндамасы ерекше әсерлі болды. Неге десеңіз ата-аналар атынан сөз сөйлеген ол, бала тәрбиесіндегі отбасының, ата-аналардың рөлі туралы айта келе: «Мектеп – бізге не ойлаудан қорқатын, не айтудан қорқатын проблемаларымызды көрсетіп, отбасына тиімді көмек көрсету миссиясын орындайды», – деп, мектептерінде Ата-аналар академиясының жүргізілетін жүйелі жұмысымен таныстырды.
Дәстүр бойынша шараның екінші бөлімі қаланың үздік ұстаздарын марапаттау рәсіміне ұласты. Қостанай қаласы әкімінің және Қостанай облысы білім басқармасының грамоталары, Алғыс хаттары және ақшалай сыйлықтарымен 22 ұстаз марапатталды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының қызметін рейтингтік бағалаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаз атанған білім мекемелеріне сыйлыққа 1 миллион теңге көлеміндегі сертификат табыс етілді. Үздік білім беру ұйымдарына біз де тоқталып өтелік.
Үздіктердің қатарынан табылып, 1 млн теңгенің сертификатын иеленген №23 мектептің ұжымы
Осылайша 1 млн теңгенің сертификаты №54 балабақшаның меңгерушісі Тусова Айгуль Аманжоловнаға, №24 мектеп-гимназияның директоры Касенова Норгуль Шакировнаға, №14 НО мектептің директоры Гаврилова Светлана Витальевнаға, №23 ЖББ мектептің директоры Саутбаев Бауыржан Шәкіржанұлына, №2 мектеп-лицейдің директоры Шушпанова Ирина Валерьевнаға және Физика-математика лицейінің директоры Белоусова Светлана Борисовнаға табысталды.
Алқалы жиынның соңында, конференцияны түйіндей келе, Марат Қонысбайұлы конференцияға қатысып отырған білім саласының ардагерлеріне ризашылығын жеткізді:
– Құрметті ұстаздар, сіздердің білімдеріңіз бен шыдамдылықтарыңыз, балаларға және өз істеріңізге деген сүйіспеншіліктеріңіз – үлкен құрметке лайық. Сіздер өз жұмысыңызбен және оқушыларыңызбен мақтануға әбден құқылысыздар. Жақында жаңа оқу жылы басталады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, білім беру ұйымының барлық басшыларына, педагогтары мен қызметкерлеріне қала өміріне белсене қатысқаны үшін алғысымды білдіремін.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.