Келешек мектепте Ыбырай қоңырауы сыңғырлады

Выпуск - №34(730)   :   04.09.2026
551

Білім ордалары қайтадан оқушылардың жарқын күлкісіне толды. Қостанай қаласындағы №31 жалпы білім беретін мектепте «Ыбырай қоңырауы – болашаққа аманат» атты дәстүрлі салтанатты жиын өтіп, жаңа оқу жылының шымылдығы түрілді.

1

Қостанай облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, биыл өңіріміздегі 10,5 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттаған. Жалпы жаңа оқу жылында облыс бойынша 432 білім ошағында 113 мыңға жуық оқушы білім нәрімен сусындайды. Былтыр ғана білім алушыларға есігін ашқан «Келешек мектеп» үлгісіндегі №31 жалпы білім беретін мектеп бұл оқу жылы 1341 оқушыны қабылдап отыр. Бұл қара шаңырақта 192 бүлдіршін алғашқы қоңырау үнімен мектеп табалдырығын «тарыдай болып» имене аттаса, 36 түлек үшін бұл жыл – балалық пен мектеп қабырғасымен қоштасар маңызды әрі жауапты соңғы оқу жылы болмақ.

2

Мерекелік салтанатқа арнайы қатысқан Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Республикалық тамыз кеңесінде Мемлекет басшысының облыс түлектерінің білім деңгейі мен ҰБТ-дағы жоғары нәтижелерін ерекше атап өткенін мақтанышпен жеткізді. Оның айтуынша, бұл жетістік – өңірдегі білім беру саласындағы атқарылған жұмыс сапасының айқын көрсеткіші ғана емес, ұстаз еңбегінің, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығы мен ата-аналардың қолдауының жемісі.

3

– Бүгінде мемлекет білім беру жүйесін одан әрі дамыту үшін қажетті жағдайларды жүйелі түрде атқарып келеді. Соңғы үш жылда облыста 5860 оқушыға арналған 9 жаңа мектеп ашылды, оның алтауы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. 2026 жылы 113 білім беру нысанын жөндеуге 5,4 млрд теңге бағытталса, материалдық-техникалық базаны нығайтуға тағы 1,2 млрд теңге бөлінді. Осы жаңа оқу жылында, әсіресе ауыл мектептерінде, 26 заманауи пән кабинеті ашылады, – деді Бақытжан Хаберұлы.

4

Биыл қазақ даласында білімнің шырағын жаққан Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толып отыр. «Кел, балалар, оқылық!», – деп қазақ балаларын білімге шақырған ағартушының қоңырауы заманауи білім ордасында қайта сыңғырлады. Ыбырай ұстаздың бейнесінде ортаға шыққан театр әртісі қолындағы «баланың үміті, ұстаздың парызы, ұлттың болашағы» іспетті қасиетті қоңырауды мектеп директоры Орынкул Баяхметоваға табыстады. Ата-аналар атынан бірінші сынып оқушысының анасы Гаухар Жаканова сөз сөйлеп, балғындарға жасалып жатқан мүмкіндіктер үшін алғысын білдіріп, барша бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.

5

Биылғы түлектер үшін бұл – білім ордасындағы соңғы Білім күні. Олардың орындауындағы жүрекжарды нөмірден ұстаздарға деген шексіз алғыс, өткен күндердің ыстық естеліктері және алтын ұямен қоштасар сәттің қимастық сезімі сезілді. Сол түлектердің бірі – Бекнұр Сейітбек. Науырзым ауданына қарасты Мереке ауылындағы мектепте 9-сыныпты «Қызыл аттестатпен» тәмамдап, соңғы екі жылын қаламыздағы №31 ЖББМ жалғастырып келеді.
– Мектебім өзіме ұнайды. Жоғарғы сынып оқушысы болған өте жақсы сезім екен. Болашақ мамандығымды да таңдадым. Физика-математика бағыты бойынша ҰБТ тапсырып, педагогика саласына оқуға түскім келеді. Бұл шешіміме, ең біріншіден, анамның әсері бар деп ойлаймын. Өйткені анам – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Кішкентай кезімнен сол кісінің үлгісін көріп өстім. Әлбетте, мамандықтың оңайы жоқ. Соның ішінде ұстаздық – жауапкершілігі мол, қиындығы да бар кәсіп. Дегенмен, оның қиындықтарына төтеп бере білу керек деп ойлаймын. Сыныптастарыма ҰБТ-ны ойдағыдай тапсыруларын тілеймін. Бәріміз үшін аса жауапты кезең басталды. Әрқайсымыз таңдаған бағытымыз бойынша жақсы нәтижеге жетеміз деп сенемін.

6

Оқу жылының шымылдығын түріп, алғашқы қоңырау үні сыңғарлағанда мектеп алаңында бірнеше буынның тағдыры мен үміті тоғысқандай болды. Мерекелік жиын жаңа оқу жылының тәлімдік мақсаттарына арналған дәстүрлі сынып сағаттарымен жалғасын тапты. Осы орайда 3-сыныптағы сынып сағаты туралы жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Нұршаш Зияқызымен тілдестік.

7

– Сынып сағатымызды «ҚР Конституциясы: адал азамат, зерделі ұлт және жауапты тұлға қалыптастырудың негізі» тақырыбына арнадық. Балалармен олардың құқықтары мен міндеттері туралы әңгімелесіп, Конституцияның еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін бірге талқыладық. Сабақ барысында оқушылар ойларын айтып, сұрақтарға жауап беріп, бір-бірімен пікір алмасты. Әсіресе адал азамат болу, заңды құрметтеу, қоғам алдындағы жауапкершілік туралы әңгіме қызықты өтті. Балалар түсініктерін айтып, кейбір мәселелерге қатысты көзқарастарын білдіріп жатты. Бүгінгі әңгіме олардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, елге, Отанға деген жауапкершілігін түсінуге де ықпал етті. Барша ұстаздарды, ата-аналар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтаймыз! Жаңа оқу жылы баршамызға сәттілік әкелсін!

Жамал ШАУКЕН,
Суретті түсірген:
Каербек ГИЛИМЖАНОВ

ГЛАВНЫЕ НОВОСТИ

Путь, заданный великим учителем

Вчера в 14:44

Патриотическое воспитание

Роль профсоюза в сохранении культурно-исторического наследия

Вчера в 14:40

Профессиональное содружество

Эффективное взаимодействие педагогов и родителей

Вчера в 14:36

ДОШКОЛЬНОЕ ВОСПИТАНИЕ

История первого детского сада Лисаковска

Вчера в 14:33

ДОШКОЛЬНОЕ ВОСПИТАНИЕ

Ғасырға қадам басқан білім ордасы

Неделю назад в 15:09

Бүгінгі мектеп

Жасыл болашаққа тамыр тартқан жоба

Неделю назад в 15:07

Бүгінгі мектеп

Актуально

Реклама

Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.

Благодаря профессионализму коллектива редакции и пониманию важности наших тем мы, педагоги, можем представить широкой аудитории региона самые актуальные материалы о своей работе, о достижениях коллег и успехах учащихся. Я считаю, что газета «Учительская плюс» играет ключевую роль в поддержке профессионального сообщества, в развитии образования Костанайской области. И горжусь тем, что могу внести свой вклад в это дело вместе с газетой.