Бүгінде білім мен тәрбие ошақтарында жас ұрпақты кітап оқуға баулу ісі тиімді жолға қойылған. Осы мақсаттағы түрлі акциялар мен оқуға құштарлықты арттыруға бағытталған арнайы іс-шаралар да жиі ұйымдастырылып тұрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Білім және ғылым министрлігіне жүктеген тапсырмасына орай, 2020 жылдың қараша айынан бастап «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыру қолға алынғаны белгілі. Аталмыш жобаның түпкі мақсаты – білімді, бәсекеге қабілетті, мемлекетшіл азаматтар қатарының қалыңдауына серпін беру, сол арқылы әлеуетті ұлттың қалыптасуына ықпал жасау. Ал мұндай қасиеттердің адам бойында беки түсуіне баспасөз құралдарын тұрақты түрде оқып, зерделеу маңызды рөл атқарады. Сондықтан бүгінде оқуға баулу – білім алушыларға тәлім-тәрбие беру ісінің басым бағыттарының біріне айналды деуге болады.
Бұл жобаның жүзеге асуына тек оқу орындары ғана емес, кітапханалардың да ынталы болуы – заңдылық. Неге десеңіз, күнделікті ақпараттың қайнар көзі, қажетті әдебиеттің мол қоры кітапханада жинақталады. Сондықтан кітапханаға оқырмандар тарту, оларды қызықтыра білу аталмыш мекеме қызметкерлерінің кәсіби біліктілігіне, іскерлігіне байланысты. Бұл тұрғыда Қостанай қаласындағы «Северный» кітапхана-филиалы қызметкерлерінің жұмысына тоқталып өткім келеді. Әрине, көп нәрсе басшының әлеуетіне, ұйымдастыру қабілетіне тәуелді болмақ. Кітапхана қызметінің жұмысына оның меңгерушісі Р.М. Тасмағанбетованың ықпалы зор.
Кітапханаға оқырмандар тарту, оларды оқуға ынталандыру түрлі жолдармен жүзеге асатыны белгілі. Бір ерекшелігі, «Северный» кітапханасында есімдері дүйім елге белгілі ақын-жазушылар арасындағы қостанайлық қаламгерлердің туындыларын танытуға бағытталған жұмыс жақсы жолға қойылған. Айталық, Серікбай Оспанұлы мен Александра Суслова сынды туған өңіріміздің талантты тұлғаларына арналған әдеби бұрыштардың жасақталуы көп нәрсені аңғартса керек. Мұғалім болсын, білім алушы болсын аталмыш қаламгерлер шығармашылығына қатысты ғылыми жұмыс жазамын немесе қандай да бір тағылымды іс-шара өткіземін десе, іздегенін осы жерден табары анық.
Кітапхана меңгерушісі Рәзия Мұхтарқызы қаладағы №22 мектеп директорымен келісімшартқа отырып, екі мекеме кейбір алқалы іс-шараларды бірлесе атқаруда. Мектеп қабырғасында аталмыш ақындармен кездесудің әсерлі өткені соның айғағы болса керек. Сондай-ақ таяуда кітапхана мен мектеп бірлесіп, «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында «Қазақ әдебиеті және уақыт сынақтары» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар түріндегі ашық алаң өткізді. Басқосуға Қостанай қаласы мектептерінің кітапханашылары шақырылды.
Сұхбат алаңының жұмысы кітап көрмесін тамашалаудан басталды. Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Тұрсын Жұртбай және т.б. танымал тұлғалардың қолтаңбалары жазылып, кітапханаға табыстаған кітаптары бүгінде қымбат жәдігерге айналғандай. Жиналғандар алдында спикерлер ретінде тарих ғылымдарының кандидаты В.Вишниченко; филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі С.Оспанұлы; ҚР Педагогика ғылымдары академиясының құрметті мүшесі, ақын А.Суслова; ҚР білім беру ісінің үздігі, білім беру саласының құрметті қызметкері Биалаш Балтақызы, сондай-ақ №22 мектебі директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Л.Гаенко, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Маматқадыр, 10-сынып оқушысы Д.Жанқошқаров сөз алды.
Спикерлер ғылыми және әлеуметтік-саяси ақпаратты жеткізудегі кітапхананың рөлі мен мақсаты, Қазақстанда балалар әдебиетін дамыту мәселелері, өмір бойы оқып-үйрену – табысты әрі бәсекеге қабілетті болудың алғышарты екені турасында әңгімелесе, мектеп атынан сөз алғандар оқырмандардың оқу мәдениетін көтеру, оқу белсенділігін арттыру және кітап оқуды кеңінен насихаттауға жағдай жасаудағы көптеген өзекті мәселелерді қозғады. Кітап оқу арқылы білім алушының функциялық сауаттылығын дамытуға болатындығы намымды түрде жеткізілді.
Жастарды кітап оқуға қызықтыруда мектеп, кітапхана және ата-ананың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екені түйінделіп, ұсыныстар жасалды. Сондай-ақ кітап оқуға баулу – баршаға ортақ маңызды міндет екендігі қадап айтылды. Әсіресе, түрлі іс-шаралар барысында оқушыға, сайыс жеңімпаздарына, оқу озаттарына кітапты сыйға тартуды дәстүрге айналдыру – олардың оқуға құштарлығын оятып, кітапты сүюге тәрбиелейтіні көңілге қонымды ұсыныстардың бірі болды.
Ойымызды белгілі журналист Бағашар Тұрсынбайұлының мына бір сөздерімен түйінделік: «... Кітап оқитын адамдар зерек, алғыр келеді. Жұмысында табысты болады. Табысты адам бақытты. Егер біздің әлемде кітап оқитын адамдар көбейсе, әлем бақытты болады ... Кітап – өркениет. Кітап оқу – мәдениет. Кітапхана – осы асыл ұғымдар тоғысқан алтын орда».
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Қостанай педагогикалық колледжі,
Татьяна БЕРДІҒҰЛОВА,
Балықты мектебінің мұғалімі,
Қостанай ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.